Құбылған баға, қордаланған қарыз

Құбылған баға, қордаланған қарыз

Бұрын Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші компаниялар тереңнен алынып жатқан «қара алтынмен» бірге шығатын ілеспе газды ауаға жағып келгені белгілі. Бертін келе ілес­пе газ қалаға жетіп, тұрғындар ілеспе газ­дың игілігін көре бастады. Дегенмен бүгінде сол көгілдір отынның құнына қатысты түйт­кілді мәселенің түйіні әлі тар­қатыл­май келеді.

Қазір коммуналдық қызметтің, оның ішін­де жарық, жылу, газдың бағасы күннен-күнге ша­рықтап барады. Соның ішінде көгілдір отын өзімізден өндірілсе де, құны қол жет­кіз­бес бағаға жетті. Бір кездері Құмкөл мұнай кенішіндегі да­лаға жанып жатқан ілеспе газды өңдеп, Қы­зылорда қаласының тұрғындарына табиғи газ жеткізіп беріп қана қоймай, жарық пен жылу ар­зандаған еді. Кейін Бозай-Шымкент газ та­сымалдау магистралі іске қосылды да, «Қаз­ТрансГаз Аймақ» АҚ жергілікті жерде өн­дірілген газға республикалық бағаны қойып, қымбаттатып жіберген. Яғни, газды таратушы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндіріс­тік филиалы 1 000 текше метр газға қосымша құн салығымен 20 903 теңге 93 тиын деп шекті баға қойды. Бұл – қымбат және негізсіз баға.

СОТ ШЕШІМІН «ПЫСҚЫРМАДЫ»

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи мо­нополияларды реттеу комитетінің Қы­зыл­орда облысы бойынша департаменті 2019 жыл­ғы 11 қыркүйектегі №44-НҚ бұйрығымен тауар­лық газды таратудағы тасымалдау қыз­метінің тарифін бүкіл қосымшаларымен 34,6%-ға төмендетіп бекітті. Осы бұйрыққа сәй­кес, газды бөлшек саудада өткізу 1 000 тек­ше метрге қосымша құн салығымен 20 902,93 тең­ге орнына 17 351,52 теңге болды. Бұл 17%-ға төмендетілді деген сөз.

Ал «ҚазТрансГазАймақ» бұл бұйрықты орын­­дай қойған жоқ. Олар тіпті сотқа арыз­дан­­ды. Қызылорда облысының маман­дан­дырыл­ған ауданаралық соты 2020 жылғы 6 ақпанда №44-НҚ бұйрықтың күшін жою жөнін­дегі талап-арызды қанағаттандырмады. Осы жылғы 4 маусымда өткен Қызылорда об­лыс­тық сотының сот алқасы өзінің қаулысы­мен алдыңғы сот шешімін күшінде қалдырды. Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөнін­де­гі сот алқасы 2020 жылғы 5 қазандағы қаулы­сы­мен ауданаралық соттың актілерін қайта қарау жөніндегі өтінішті қараудан бас тартты.

Демек, әділеттілік жеңді, сот жүйесі туралыққа, халықтың пайдасына шешім шығарған. Осылай деп ашынған қызылордалықтар газ тарифін реттеуді талап етіп отыр. Бұған қа­тысты Ұлттық экономика министрлігінің бас­пасөз қызметі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Қызылордадағы бөлімшесі тарифтік сме­та шығындары бабын бұзғаны және бекі­тіл­ген тарифті қолданбағаны үшін тұтыну­шы­ларға 1,5 миллиард теңгеден аса қаражатты қай­таруға міндеттелгенін хабарлады.

– 2020 жыл бойынша тарифтік сметаның орын­далуына жүргізілген талдау шеңберінде, Ұлт­тық экономика министрлігі Табиғи мо­но­по­лияларды реттеу комитетінің Қызылорда об­лысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Ай­мақ» АҚ-ның Қызылордадағы бөлім­ше­сін­де тарифтік смета шығындары бабын бұзу жә­не бекітілген тарифті қолданбау дерегі анық­талды.

Нәтижесінде, «ҚазТрансГаз Ай­мақ» АҚ биыл 1 тамыздан бастап тауарлық газ­ды газ таратушы жүйелері арқылы тасы­мал­дау қызметіне ҚҚС-сіз 1 000 текше метрге 3 320,45 теңге мөлшерінде немесе бекітілген тари­фке қарағанда 44,1 пайызға төмендетіліп, 1 жылға уақытша өтемдік тариф енгізу жо­лы­мен тұтынушыларға 1 548 508 389 теңге залал сомасын қайтарады, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

БАҒА ТАҒЫ ҚҰБЫЛДЫ

Қызылорда облыстық өңірлік комму­ни­ка­­циялар қызметінде өткен брифингте об­лыс­тық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орын­басары Ерлан Жоламанов осы жылдың 1 шілдесінен бастап тауарлы газдың көтерме сау­дадағы бағасы 15 пайызға өскенің айтты. Оның сөзінше, енді Қызылорда облысы бойын­­ша ҚҚС-ті есепке алмағанда, 1 000 текше метр үшін 8 358 теңгені құрады. Бұған дейін 7 268 теңге болатын.

Ал Сырдария ауданы Те­реңөзек кентіндегі газбен жабдықтау нысан­дарын пайдаланушы мекеме «Қызыл­орда газ тарату жүйесі» кәсіпорнына тауарлы газдың шек­ті бағасы 5 шілдеден бастап ҚҚС-ті есепке ал­­мағанда, 1 000 текше метр үшін 16 953 теңге, яғни ҚҚС есептегенде 18 987 теңге деңгейінде бе­кітілді.

Айта кетейік, Қызылорда облысы тұрғын­дары­ның табиғи газға қосылу үлесі 67%-ды құ­рап отыр. Таяуда Қызылорда облысы әкі­мі­нің қатысуымен екі аудан орталығы Жосалы мен Жалағаш кентіне газ берілді. Осы жылғы ақпан айында Тереңөзек кенті газға қосылды. Жал­пы, 3 аудан орталығында іске асырылған жо­баларға 8 млрд теңгеден астам қаржы жұм­салып, 420 шақырымнан астам газ құбырлары са­лынды. 8 мыңнан астам тұрғын үйге дейін газ құбырлары тартылды. Өткен жылы бюд­жет есебінен Арал ауданындағы Жақ­сы­қылыш кентіне, Қазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев және Шиелі ауданындағы Байсын ауылдарына табиғи газ берілген болатын. Жал­пы, өңірде көгілдір отынға қол жеткізген тұр­ғындардың қатары жыл санап артып келеді. Шалғай ауылдарға дейін газ құбыры тар­тылып, табиғи газ игілігін ел көріп жатыр. Бұған халықтың айтар алғысы бөлек. Алайда көпшілік қауым құбылған бағаға тоқтам керек деп отыр. Мұнан бөлек, Қызылордада автокөлікке қа­жетті сұйытылған газ бағасы да шарықтап кетті. Таяуда ғана бір мезетте 20 теңгеге көте­ріл­ген баға табиғи газ өндіріп отырған аймақ тұр­ғындарының қалтасын қағып отыр. Мә­се­лен, бұған дейін көлік жүргізушілері газды 60-65 теңгеден құйып келсе, бүгінде газ құны 80 теңгеден асты. Соның өзінде барлық бе­кет­терден газ табу қиын.

Н.ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы