Теміртау – еліміздегі түтінге тұншыққан нөмірі бірінші қала. Бұл «статусты» олар бірнеше жыл қатарынан бермей келеді. Алпауыт компания «АрселорМиттал Теміртау» тұрғанда, бұл атақтан айырылмас-ау. Өйткені қаншама рет айтылса да, нәтиже берер емес.
Сөзіміздің әлқиссасын газдан бастайық. Оған себеп, өткен жылдың тамыз айында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир коронавирус пандемиясы экологиялық бағдарламаның орындалуына кері әсер етті деп ақталған болатын.Кейін осы жылдың басында өткен жиналыста компания басшылығы табиғи газ туралы сөз болмағандай, өз айтқандарынан айнып қалды. «Біз газ келгенімен, толықтай көгілдір отынға көшпейміз. Онда бәрібір көмір жағылады. Олай болса, бірден ауа тазара қалмайды. 30 пайыз болса да, ауаға тарайтын түтінді азайтуға тырысамыз. Бұл туралы бұрын сөз болған жоқ» деп ақталғаны сөздерінде пәтуа жоғының бір көрінісіндей болғаны айқын.Сол уақытта ол: «Қазір Қазақстанға шетелден техникалық сарапшыларды әкелу қиын. Дегенмен бұл мәселені ең заманауи технологияларды қолдану арқылы қашықтан шешеміз. Экологиялық жобаларды жүзеге асыра беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бүгінде агломерация өндірісіне ең үлкен сүзгіні орнату жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаның 75%-ы жалғасын тапты. Сондай-ақ, ауаға қалдықтарды шығаруды азайту үшін табиғи газды көбірек пайдаланғымыз келеді» деп сендірді Биджу Наир.
Ластанған ауа ауруларды арттырды
Қала тұрғындары «Металлургия комбинатының мұржаларынан будақтап шыққан түтін қалаға жайылуынан демалуымыздың өзі мұңға айналды» деп дабыл қаққалы қашан?.. Көк түтінге тұншыққан 179 мың халқы бар елді мекенде ресми деректер бойынша 3 мың адам онкологиялық кеселге шалдыққан. Бұл туралы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі кезінде депутаттар да айтқан еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев бүкіл елдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін Жол картасы әзірленіп жатқанын мәлім етті. «Жол картасында жақын болашақта қабылдануға тиісті негізгі шаралар көрсетіледі. Экологиялық проблемасы бар қалалардағы қоғам белсенділерін осы мәселені талқылауға шақырамыз. Осындай Жол картасын Қарағанды облысы мен Теміртау үшін де дайындауды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірдің ауасындағы зиянды заттардың концентрациясы мөлшерден тыс екені бәріне белгілі. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы ауаға жылына 250 мың тоннаға жуық қалдық шығарады. Эмиссияларды 3-4 жыл ішінде 30%-ға азайту жөнінде өткен жылы меморандумға қол қойған едік. Компания өндірісті қайта жабдықтауға, газ отынына көшуге және басқа да нысандарға қаржы салуға дайын. Қарағанды мен Теміртау арасына 500 мың ағаш отырғызылады» деп айтып өтті ол.Ең көп ластаушы – агломерация цехы
Көмір жағатын жылу электр орталығы (ЖЭО) - ауаны ластаушылардың бірі. Сол себепті ЖЭО газ отынын пайдалануға көшпек. Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, қоршаған ортаны ластаушыға қазірдің өзінде 3 млрд. теңге айыппұл салынып, сотқа берілген.«Теміртау қаласының ең үлкен ластаушысы – «АрселорМиттал» зауыттары. Соның ішінде ауаны ең көп ластайтыны – агломерация цехы. Біздің есебімізше, ластауы – 57%. Алайда компания өкілдері мұнымен келіспей отыр. Қазір агломерация цехында шаң тоқтататын электрлі сүзгі орнатылып жатыр. Айтуларынша, қондырғылар 2022 жылға дейін толықтай орнатылады. Бұл да қоршаған ортаға оң әсерін тигізбек» деген министр ластану көлемін анықтау алда тұрған үлкен міндет екенін айтты.Жыл басында Теміртау сапары барысында Мағзұм Мырзағалиев қала жұртшылығымен және экологиялық белсенділермен де кездесті. Экология министрінің сөзінше, бұл мәселені қала тұрғындары мен қоғам белсенділері әрдайым қадағалап, бақылауында ұстауға тиіс. Ол үшін тұрақты түрде тоқсан сайын кездесулер ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар Қарағанды облысында жақында «жасыл кеңес» деген кеңес құрылған.Жаңа Экологиялық кодекске сүйене отырып, елімізде Еуропадағыдай жасыл экономика қалыптаспақ. «Жаңа Экологиялық кодекске енгізілген нормаларға сәйкес, біз де 10-15 жыл ішінде Еуропадағыдай «жасыл» бола аламыз. Егер компаниялар «жасыл» технологияларды енгізбесе, эмиссия үшін айыппұлдар 2,4,8 есе өседі. Ал «жасыл» технологияларды енгізген компанияларды мемлекет эмиссия төлемдерінен босатады» деп түсіндірді ол.
Жоспардан тыс тексеріс
Осы жылдың наурыз айында ластаушы заттарды жаппай шығарылу фактісі бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ конверторлық цехына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оған себеп, ақпан айының соңында әлеуметтік желілерде зауыттан қызғылт түтіннің шығып жатқаны туралы бейнебаянның таралуы болды. Ал Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті атмосфераға ластаушы заттар шығарудың рұқсат етілген нормасынан елеулі деңгейде асып кеткені тіркелгенін анықтаған. Тексеру барысында «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорнымен бөлінетін газдарды ұстау және тазарту жүйесін пайдалану қағидалары бұзылғанын анықтады. Бұл олқылықтың технологиялық жабдықтың жай-күйінен туындағаны дәлелденді. Осыған байланысты №2 конвертер күрделі жөндеу үшін мамыр айына дейін тоқтатылды. Түйін: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ цехының қызметін тоқтата тұру бүкіл өндірістің тоқтап қалуына әкелетінін атап өту маңызды, өйткені кәсіпорын қандай да бір цехсыз жұмыс істей алмайды. Олай болса, кәсіпорынның вице-президенті Виджай Гоялдың «Алдағы төрт жылда шығарындылар көлемін кем дегенде 30 пайызға азайтамыз, оларды автоматтандыруды қамтамасыз етеміз. Үш жыл ішінде Теміртау қаласында 500 мың ағаш отырғызуға уәде беремін» деген сөзіне сенгеннен басқа амалымыз жоқ. Көп күттік қой, азы қалғанда шыдармыз...Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы