Кедейміз! Басқа не дейміз?..
Кедейміз! Басқа не дейміз?..
436
оқылды

Қазақстан халқы тағы да кедейлене түсті. Мысалы, елімізде табысы ең төменгі күнкөрістен де нашар халықтың саны тек 1996 жылдан бастап есепке алынып келеді. Сол кезде кедейлік шегінде өмір сүргендердің үлесі 34,6 пайыз болса, қазір былтырғыдан 4,5 пайызға артып отыр. Еске сала кетсек, 2020 жылы коронавирус пандемиясының Қазақстанға әсеріне талдау жасаған Дүниежүзілік банк «Дағдарысты еңсеру» атты есебінде біздегі кедейлердің 2 миллион 373 мың адамға жеткенін мәлімдеген еді.

Табыс тамақ алудан артылмайды

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұрмысы төмен адамдар саны 2001 жылы көп тіркелген. Сонда халықтың шамамен 50 па­йызға жуығы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де нашар жағдайда өмір сүріпті. Ал одан кейін кедейлік деңгейі былтырғы коронавирус дағдарысының салдарынан өсіп отыр. Мысалы, 2020 жылдың екінші тоқсанында ең төменгі күнкөріс деңгейі ел бойынша жан басына шаққанда орта есеппен 32,6 мың теңге болды. Сол сәттегі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов пан­демия кезінде жұмыссыздар саны 8 есе өскенін алға тартқан болатын. Оның айтуынша, 1 ақпанда 26,9 жұмыссыз тіркелсе, 1 тамызға қа­рай жұмыссыздар қатарына тағы 219 мың адам қосылған. Енді Finprom.kz сарапшы­ларының талдауына сүйенсек, 2020 жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс дең­гейінен төмен отбасылардың саны бір жылда 12 пайызға өскен. Содан бері әлі күнге дейін аймақтық көр­сеткіште кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылы­ғының 19,9 пайызы Түркістан об­лысына тиесілі болып тұр. Онда ке­дей­лік шегінен төмен өмір сүре­тін халықтың ең көп үлесі (10,3 па­йыз) тіркелген. Одан кейін аут­сай­дерлердің алғашқы үштігіне Ал­маты (табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен 15,5 мың үй) және Шығыс Қазақстан об­лы­сы (11,6 мың үй) кірді. Ол үйлерде 5 немесе одан да көп адам тұрады.

Бұл ретте бір ескерер жайт, біздің Үкімет пен халықаралық инс­титуттар кедейшілік көрсеткі­шін әртүрлі есептейді. Айталық, Дүниежүзілік банк Қазақстанды табысы төмен емес, орташа елдерге жатқызады. Ал ондай елде күніне 5,50 доллардан төмен табыс таба­тын халық кедей болып есептелуі керек. Олай есептесек, бізде ша­мамен 8,6 пайыз халықтың күндік табысы 5,50 доллардан төмен бо­лып шығады. Демек, Дүниежүзілік банктің бұл мәліметі ел ішіндегі ресми статистикамен салыстыр­ғанда 2 есе артық болып тұр.

Сондай-ақ, халықаралық қаржы институттары айлығының 10-20 пайыз қаржысын тамаққа жұмсай­тын елдер «дамыған елдер» катего­рия­сына кіреді деп есептесе, Қа­зақстан ол категорияға да жат­пай­ды. Өйткені бүгінде халық тапқан табысының тең жартысын, көбіне тұтастай тамақ алуға жұм­сайды. Ал биыл азық-түлік бағасы­ның еселеп артуы ол көрсеткішті арттыра түс­кен. Орта есеппен әр­бір қазақстан­дық ай сайын 96,7 мың теңгені тек азық-түлік алуға жұмсайтын болып шықты. Бұл ретте темекі, ішімдік, қант, конди­терлік өнімдер мен тәт­тілерге жұм­сайтын шығындардың азайғанын ескерсек, соның өзі-ақ елдегі әлеу­меттік жағдайдың на­шарлағанын көрсетеді. Биылғы жазда Үкімет бағаны тұрақтандыру бойынша бірнеше басқосу ұйымдастырып, ол үшін 50 миллиард теңге бөлетінін мәлім­деді. Бірақ ол әрекеттері нарықтағы бағаға елеулі өзгеріс жасай алмады. Керісінше, картоп, сәбіз, жұ­мырт­қа, ет тапшылығы байқалып, олар­дың бағасы аспандап кетті. Со­нымен қатар жанармайдың қым­баттауы да қарапайым бұқараның қалтасын одан сайын қаға түсті. Енді, міне, еліміздің қуаңшылыққа ұрынған оңтүстік және батыс ай­мағындағы шөп тапшылығынан мал қырылып жатыр. Былтырғы­мен салыстырғанда, қазір солтүстік пен шығыстың өзінде егіннің шығуы әлдеқайда аз болып тұр. Демек, ет пен дәнді дақыл өнім­дерінің бағасы тағы да артпаса, арзандайтын түрі байқалмайды. Одан бөлек, Еуроодақ ішіндегі мемлекеттерде ең төменгі жалақы да бізде (42 500 теңге) екен. Тіпті, көрші қырғыз елінің өзінде жалақы теңгеге шаққанда 56 мың болса, Ресейде 116 мың теңгеге шығады. Ал Германия сияқты елдерде тұ­тынушы себетіне аққайнар (ішім­дік), үйде ит болса, оны күтуші­лер­дің шығындарына дейін қосыла­тын көрінеді.

Сарапшылар сынға алды

Еске сала кетсек, 2013 жылы Қазақстанда ЖІӨ 13 мың долларға жеткен. Сол сәтте біз дамыған 50 елдің қатарына кірдік. Әлемдік стандарттарға сәйкес, БҰҰ-ның өзара келісілген ережесімен бай елдер кедей елдерге қолғабыс көр­сетулері тиіс болғандықтан, оған біз де міндеттелдік. Содан бастап Ауғанстан елінен оқушыларды те­гін оқытуға алдық. Қырғыз Респуб­ликасына инвестиция құямыз деп келістік. Бірақ одан кейін өзіміздің жағдай нашарлап кетті. Атап айтқанда, 2016 жылдан бері біздің ЖІӨ 7 мың долларға дейін құлды­рады. Содан бері ептеп өскенімен, әлі 10 мың долларға жетпей тұр. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан әлі де кедей ел деп танылуы керек екен.

Тағы бір таңғаларлығы, біз дамушы елдерге 1991 жылдан бері белсенді көмек көрсетіп келеді екенбіз. Осы 30 жылдың ішінде көмек көлемі шамамен 500 мил­лион доллар болған. Ал ол дегеніңіз – өзіміздің үшінші елдерден алған көмек деңгейінен әлдеқайда төмен көрсеткіш. Сол себепті қоғам бел­сенділері мен сарапшылар Үкі­меттің ол «жанашырлығын» өткір сынға алды. Айтуларынша, каран­тин жағдайында кедейленген ха­лық пен бизнеске жәрдем берудің орнына үшінші елдерге көмек көрсетуі - орынсыз.

Экономика сарап­шысы Мақсат Халық: «Өз басым елдің әлеуметтік жағдайын дұрыс­тамай, өзге елдерге көмектесуді қол­дамаймын. Біздің статисти­ка­мыз қате. Нақты қарайтын болсақ, елімізде 2 миллион адам жұ­мыссыз жүр, 130 мың кедей отбасы бар. Ең төменгі күнкөріс шегі де дұрыс есептелмеген. Ол 32 мың теңге шамасында деп есептеліп отыр. Алайда адам мың теңгеге бір күн өмір сүре ала ма?» – дейді. Оның айтуынша, Тағамтану акаде­миясы бекіткен «тұтынушылық себетте» әр адам 1 мың теңгеге 3 мезгіл тамақтана алады деп көр­сетілген. Шын мәнінде, ол ақшаға бір түстік асты әрең алып ішеміз. «Қазір Қазақстан әлемге жақсы болып көріну үшін жалған статис­тика жасап отыр. Осы орайда, Ұлт­тық экономика министрлігі қара­ма­ғындағы Статистика комитетін жеке агенттік ретінде бөліп шы­ғаруымыз керек. Ол тәуелсіз бол­ған кезде ғана дұрыс сандарды жи­найды», – дейді Мақсат Халық. Осы орайда, белгілі кәсіпкер, меценат Қайрат Құдайберген де таяуда өзінің Instagram парақша­сында пікір білдірді. «Ең кедей жағ­дай Түркістан облысында (әрбір 11-ші тұрғын – қайыршы!). Мен мұндай жағдайды енді шы­дауға болмайтын нағыз масқара деп есептеймін! Бізде қайыршы­лықты жою жөніндегі мемлекеттік бағ­­дарлама дереу қабылдануы тиіс», – дейді ол. Сондай-ақ Қайрат Құдай­берген үлгі ретінде ҚХР бағдар­ламасын алу керегін ескертті. Себебі онда 8 жыл ішінде 100 мил­лион адам кедейшіліктен құтқарыл­ған. «Сондықтан бізге жүздеген түрлі күмәнді жобалардың орнына бір, бірақ шын мәніндегі халықтық жоба керек!» – дейді меценат. Ал журналист Гүлмәрия Барманбекова Facebook-тегі жаз­ба­сында Қазақстанның қазіргі жағдайы Еуропа елдерінің де назарына іліккенін мысал еткен. «Франкфуртте болдым. Метро стансасында көрген бір жайт өмірі есімнен кетпейді. Әр стансаға әр елдің экономикасындағы табысты сала жайлы экспонаттар көрмесін жасапты да, сол елдің өмір сүру деңгейі турасында қысқа ақпарат жазып қойған. Сонда Қазақстан жайлы экспонат пен ақпарат қандай болды дейсіз ғой?!. Бір-екі жерде тұрған мұнай мұнарасы мен жанармай канистрлерінен басқа түк жоқ және мынадай жазу бар:

«Қазақстан деген – жері бай, хал­қы кедей тұратын мемлекет». Мың жерден көз бояймын десең де, жеріміздің бай, еліміздің кедей­шілікте өмір сүріп жатқанын айдай әлем біліп отыр. Өткенде Прези­денттің өзі «басты пробле­мамыз – кедейшілік» дегенді ашық айтты. Ендеше, неменеге көз­бояушылық пен арзан техно­логияға арқа сүйеп, өзіңді-өзің қашанғы масқаралай бермексің?» деп ашынды ол.

Тақырыпқа тұздық: Statista.com мәліметтері бо­йынша, коронавирус пандемия­сына қарамастан әлем бойынша өте бай адамдардың да саны арт­қан. Таза байлығы 30 миллион доллардан жоғары адамдардың саны соңғы 12 айда 2,4 пайызға өсіп, 520 мыңнан астам адамды құрап отыр. 2025 жылға қарай олар­дың қатары тағы 27 пайызға артуы мүмкін екен. Бір қызығы, кедейі көп Қазақстан биыл сол бай адамдар санының өсуі бо­йын­ша алғашқы 10 елдің қатарына кірген. Оған елде өршіп тұрған сыбайлас жемқорлықтың ықпалы болды демеске шара жоқ.

Еркеғали БЕЙСЕН.