Мамыр айында медициналық куәландырудан бас тартқан Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Әбішев 15 тәулікке қамауға алынуы тиіс болатын. Бірақ денсаулығына байланысты бір айға кейінге қалдырылды.
Сөйтіп, ол 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, депутат қатарынан шығарылды. Алайда экс-депутат қамаққа алуды кейінге қалдыру туралы өтінішін сотқа екінші рет жолдап отыр.
«2021 жылдың 7 шілдесінде Әбішевтің адвокатынан 2021 жылдың 21 мамырындағы сот шешімін орындауды кейінге шегеру туралы өтінішхат түсті.
Қамаққа алыну Әбішевтің денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екені жазылған. Ол гастроэнтерологта емделіп, дәрі-дәрмек курсын жалғастыруы тиіс екені айтылды", - делінген Павлодар қаласы мамандандырылған әкімшілік соттың хабарламасында.
Дегенмен сот қаулыны орындауды бір айдан аспайтын мерзімде жүзеге асыру керегін көрсеткен. Сондықтан екінші ретте өтініш қабылданған жоқ.
Экс-депутат оқиғасы
Полицейлер 25 мамырда сағат таңғы 5 кезінде Toyota Camry тізгінінде отырған Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Әбішевті тоқтатты. Жүргізушіден алкогольдік ішімдік иісі байқалған, бірақ ол медициналық куәландырудан бас тартты. Құқық қорғау қызметкерінің талабын орындамағаны үшін сот оны 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады. Экс-депутат ота жасағандықтан, бұл жазаны бір айға кейінге қалдырған еді.