Алимент төлемеген таксист жүргізу куәлігінен айырылды
Алимент төлемеген таксист жүргізу куәлігінен айырылды
©24.kz
308
оқылды

Алматы облысында ер адам екі миллион теңгедей алимент төлемеген. Қарызын өтеуі үшін сот орындаушылары оны жүргізу куәлігінен айырған.

Алматы облысының жеке сот орындаушылар палатасының мәліметінше, ер адам бірнеше жыл бойы кәмелетке толмаған екі баласына алимент төлемеген. 2021 жылдың ақпанына дейін қарыз сомасы 1 миллион 959 мың теңгеге жеткен.

"Біз бірнеше рет ескерткенімізге қарамастан ер адам алимент төлеу бойынша талапты елемеді. Соған байланысты қарызды төлеуге мәжбүрлеу шараларын қабылдауымызға тура келді. Мұндайда, әдетте, сот орындаушылары сот арқылы борышкердің мүлкін тәркілейді, оны сатады. Ал түскен қаражат алимент төлеуге балалардың заңды өкілдеріне жіберіледі.

Алайда біз борышкердің артында оның заңды түрде иелік ететін мүлкін таба алмадық", - деді Алматы облысының жеке сот орындаушылар палатасының өкілі Айжамал Әбдрайымова.

Оның айтуынша, борышкер Іле ауданында такси қызметшісі екен. Бірақ тапқан табысын балаларға аудармаған. Сот орындаушылары сотқа алимент бойынша қарыздар толық өтелгенше ер адамды жүргізуші куәлігінен айыру туралы ұсыныс жолдады.

"Кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін әрекет ете отырып, сот ұсынысымызды қанағаттандырды. Сот шешімімен борышкердің В, С санатындағы жүргізуші куәлігі алимент бойынша қарыз толық төленгенге дейін тоқтатылды", - дейді Әбдрайымова.

Бүгінде борышкерді Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр. Осы бап бойынша жаза 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығынан шектеуді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.