Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелер – Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде коронавирусқа қарсы күрес бойынша шешімдер қабылдау үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған тапсырмаларға қатысты болды.
Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде келесі міндеттерді жүзеге асыруды жүктеді:
коронавирусқа қарсы іс-қимыл шараларын түбегейлі қайта қарау Стратегиясын әзірлеу;
биыл 19 шілдеге дейін шағын және орта бизнес қызметкерлеріне вакциналау жүргізудің нақты мерзімдерін қайта қарау және белгілеу;
Pfizer компаниясымен келісімге қол қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және вакцинаны жеткізу туралы келісімшарт жасасуды қамтамасыз ету;
19 шілдеге дейін міндетті вакциналауға жататын қоғамның тіршілік ету салаларын анықтау;
ПТР-тестілеудің бірыңғай базасына ұқсас вакциналаудың цифрлық картасын іске қосу мәселесін пысықтау;
19 шілдеге дейін Ashyq сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану басымдығымен мобильді мониторингтік топтардың жұмысын қайта форматтау бойынша ұсыныстар енгізу;
эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлерін қолдау және ынталандырудың қолданыста болатын қағидаларын әзірлеу және бекіту;
жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттерді оқытудың дәстүрлі нысанын қайта бастау кезінде педагогтар мен оқушылардың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты ведомствоаралық комиссия «қызыл аймақтағы» өңірлерде карантиндік шектеулерді күшейту бойынша шаралар қабылдады, тоқтатылсын:
Ashyq жобасына қатысатын объектілерді қоспағанда, қалааралық, облысішілік, қалалық тұрақты және тұрақты емес (туристік) автобус және шағын автобус тасымалдары; жабық жағажайлар мен аквапарктардың қызметі.
Демалыс және мереке күндері:
қоғамдық көліктің; Ashyq жобасына қатысушыларды қоспағанда, қоғамдық тамақтану объектілері;
Ashyq жобасына қатысатындарын қоспағанда, кинотеатрлар, театрлар, концерт залдар, филармониялар, компьютерлік клубтар, боулингтер, бильярдтар, караокелер, көрмелер;
Ashyq жобасына қатысушыларды, ашық базарлар, жәрмеңкелерді қоспағанда, ауданы 2000 м2 дейінгі азық-түлік емес тауарларды өткізу объектілері;
Ashyq жобасына қатысатындарын қоспағанда, спорт объектілері (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары); білім беру орталықтары, балалар мен ересектерге арналған үйірмелер, балаларды дамыту орталықтары;
Ashyq жобасына қатысатындарын қоспағанда, фудкорттардың жұмысына тыйым салынсын.
Жұмыс күндері:
сағат 20.00-ге дейін Ashyq жобасына қатысатын фитнес-орталықтар, фитнес-клубтар, йога-орталықтар, спорттық-сауықтыру объектілері, сауналар, СПА-орталықтар, спорт объектілері, бассейндер;
сағат 18.00-ге дейін «Ashyq» жобасына қатысуына қарамастан, ОСО, сауда үйлері, сауда желілері;
Ashyq жүйесіне қатысатын қоғамдық тамақтану нысандары, фудкорттардың жұмысы – сағат 20.00-ге дейін, Ashyq жүйесіне қатыспайтындардың жұмысы – сағат 18.00-ге дейін жұмысы шектелсін.
Жиын соңында Вице-премьер мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ, халықты коронавирусқа қарсы вакциналаумен қамтуды арттыруды тапсырды.