Италия – екі дүркін Еуропа чемпионы
Италия –  екі дүркін Еуропа чемпионы
192
оқылды

Италия араға 53 жыл салып екінші рет Еуропа чемпионы атанды. Ойынның негізгі бөлігінде 1:1 есебімен тең түскен қос құрама ойыншылары, овертаймда да жеңімпазды анықтай алмады. Пенальти сериясында «Скуадра Адзурралықтардың» мерейі үстем болды.

Осымен Еуро біріншілігінің финалында екінші рет жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталып отыр. 1976 жылы Югославия мен Чехословакия арасындағы ойын да 2:2 есебімен аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында (5:3) белгілі болған.

Бұл ағылшындардың аталған сындағы алғашқы финалы болғаннан кейін бе, әлде шешуші ойын өз жерінде өткен соң ба, әйтеуір «Уэмблиге» жиналған жанкүйерлердің қарасы көп болды. Атап айтқанда, 58 мың ағылшын жанкүйері мен 6 619 италиялық жанкүйер сүйік­ті құрамаларына жақтасты. Екі команда бұған дейін 27 рет кездесіп, оның 10-ында Италия жеңсе, 8-інде Англия басым түскен, ал қалған ойындар тең есеппен аяқталды.

Нидерландтық бас қазы Бьорн Куйперстің ысқырығы естілісімен, ағылшындар бірден шабуылға шықты. Гол да ұзақ күттірмеді. Ойынның 2-минутында ағылшындар есеп ашты. Люк Шоу қорғаушы Триппьердің айып алаңына көтерген добын голға айналдыра білді. Есеп – 0:1. Бұл Еуропа чемпионаттарының финалындағы ең жылдам гол ретінде тіркелді. Италия Жылдам гол соғып алған Англия көп өтпей қорғанысқа көңіл бөле бастады. Ал италия­лық­тар болса таразы басын теңестіруге тырысты. Алайда ойынның бірінші бөлігінде тек бір гол соғылды. Ал үзілістен кейін италиялықтар шабуылды үдете түсті. Вингерлер сәт сайын қаптал ауыстырып, шабуылдар қауіпті соққылармен аяқталып жатты. Бірақ Пикфорд қорғаған қақпаға гол дарымады. Кездесудің 67-минутында да ағылшындық қақпашы Вераттидің баспен бағыттаған соққысын қайтарғанымен, сол сәтте қақпа маңында жүрген Леонардо Бонуччи допқа бірінші жетіп, теңбіл снарядты торда тулатты.

Осылайша, ол Еуропа чемпионатының финалында гол соққан ең егде ойыншы атанды (34 жас, 71 күн). Бұл көрсеткіш бойынша ЕУРО-1976 турнирінде рекорд орнатқан Бернд Хёльценбейнге тиесілі болатын (30 жас, 103 күн). Мұнымен қоса «Ювен­тус» қорғаушысы осы матчтың үздік ойын­шысы деп танылды. Ал «Челсидің» жартылай қорғаушысы Жоржиньо бір маусымда Чемпиондар лигасы мен Еуропа чемпионатын жеңіп алған тарихтағы 10-ойын­шы атанды.

Ойынның негізгі уақыты тең аяқталған соң, қос құрама экстра-таймда есеп ашуға тырысып бақты. Дегенмен алма-кезек шабуыл кезінде қақпашылар өз қызметін мүлтіксіз атқарып, қақпаларына гол өткізбеді. Ойынның соңғы минутында Англия бас бапкері Гарет Саутгейт пенальти сериясына арнайы Маркус Рашфорд пен Джейдон Санчоны шығарды.

Бірақ бір қызығы, дәл осы футболшылар мен негізгі уақыт аяқталар тұста алаңға кірген 19 жастағы Букайо Сака пенальти сериясында гол соға алмай қалды. Ойын барысында да, 11 метрлік айып добын орындау кезінде де басым түскен Италия осылайша Еуро–2020 турнирінің чемпионы атанды.

Жалпы, турнир кезінде Италия құрамасы барлығы 13 гол соқты. Бұл «Скуадра Адзур­раның» ірі халықаралық турнирдегі рекорды саналады. Италия бұған дейінгі 1934, 1982 және 2006 жылғы Әлем чемпионатында 12 голдан соққан болатын.

Еуропаның екі дүркін чемпиондары – Еуро турнирінің барлық 7 ойынында жеңіске жеткен алғашқы команда атанды. Сонымен қатар бұл құрама 34 ойын бойы жеңіліссіз сериясын жалғастырып келеді. Манчини ойыншылары енді екі ойын жеңілмесе, ұлттық құрамалар арасындағы әлемдік рекордты жаңартады.

Футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпио­натының үздік ойыншысы Италия құрамасының қақпашысы Джанлуиджи Дон­нарумма болды. Биыл Еурода ол алаңда 719 минут ойнаған, бұл – ең көп көрсеткіш. Жеті матчтың үшеуінде гол жібермеген. Бұл ойын­дарда 4 гол жіберіп, 9 сэйв жасаған. Қақпашы өзінің небәрі 22 жаста екеніне қарамастан, ұлттық құрама сапында 33 кездесуде жасыл алаңға шықты. Ол биылғы құрлықтық дода финалындағы пенальти сериясында екі соққыны қайтарды. Команда­сының Англияны жеңуіне үлкен үлес қосты.

1992 жылдан кейін алғаш рет қақпашы турнир үздігі атанып отыр (Петер Шмейхель). Бұған дейінгі өзге Еуроның үздік ойыншылары төмендегідей. Олар: 1996 жылы: Маттиас Зам­мер (Германия), 2000 жылы: Зинедин Зидан (Франция), 2004 жылы: Теодорос Загоракис (Греция), 2008 жылы: Хави Эрнандес (Испания), 2012 жылы: Андрес Иниеста (Испания) және 2016 жылы: Антуан Гризманн (Франция).

Ал Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатының үздік сұрмергені болды. Роналду бұл турнирде бес гол салды – бәрі де топтық кезеңде соғылды. Венгрия мен Франция құрамаларына екі, Германия қақпа­сына бір доп салған. Ал Чехия құрамасының шабуылшысы Патрик Шиктің де еншісінде бес гол бар.

Бірақ Роналду одан қосымша көрсет­кіштер бойынша алда тұр. Португалия капитаны бір нәтижелі пас берген. Оның үстіне Роналду Шикке қарағанда аз ойын өткізді. Сонымен қатар Франция құрамасының шабуылшысы Карим Бензема, швециялық Эмиль Форсберг, ағылшын Харри Кейн мен бельгиялық Ромелу Лукаку биылғы құрлықтық жарыста төрт голдан салды.

Аталған доп додасында осымен қатарынан 3 финалды өз алаңында өткізген командалар жеңіліс тапты. 2004 жылы Португалия Грекия құрамасынан 0:1 есебімен жеңілсе, 2016 жылы Франция Португалияға 0:1 есебімен жол берді. Бұл жолы Англия Италиядан пенальти серия­сында 2:2 есебімен жеңілді. Айта кетейік, бұл – 16-бәсеке. 1960 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген Еуропа біріншілігі биыл тұңғыш рет кәрі құрлықтың 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда өтті. Бұл дүбірлі доданың 60 жылдық мерейтойына орай 24 құрама сынға түсті. Енді 2024 жылы дүбірлі дода Германия мемлекетінде өтеді.

Абылайхан ЖҰМАШ