Алматы облысындағы Арқарлы петроглифтерінің нақты аумағы анықталып, онда мәрмәртастан белгі орнатылды. Тасқа таңбаланған тарихи ескерткіштер ұзындығы 20, ені 6 шақырымдық аумақта орналасқан. Ол жердегі 10 шоқыдан әзірге 3 мыңнан астам петроглиф табылды.
Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен Алматы облыстық әкімдігі қазір 3 мың жылдық тарихы бар таңбаларды құжаттандырумен айналысуда. Бұл жұмыстардың 90 пайызы бітіп тұр. Қазан айында толығымен аяқталғаннан кейін мемлекеттің қорғауына алынған ашық аспан астындағы археологиялық паркке айналады.– Барлық петроглифтердің паспорттары жасалғаннан кейін JPS арқылы осы жерде сол орналасқан жерінің арнайы сызбасы жүргізіледі. Сосын ол сызбалар Кербұлақ аудандық жер қатынастары бөлімінің базасына енгізіледі. Осы жұмыстардың бәрі біткеннен кейін Талдықорған қаласында республика деңгейіндегі конференция өткізіліп, сол жерде археолог ғалымдар анықталған, табылған жұмыстар бойынша баяндама жасайды, – дейді облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев.
Ғали ТӨЛЕК