Дипломат болу – Отанға адалдық қана емес, өзіңді жан-жақты дамыту, үздіксіз оқу, әлемдік ағымдардың қыр-сырын зерделеу, саяси, экономикалық өзгерістерді ғана емес, әлеуметтік-психологиялық құбылыстарды да жіті қадағалау дегенді білдіреді. Сонымен бірге дипломат – өз елінің тарихы, мәдениетінен бастап, географиялық-экономикалық ерекшеліктеріне дейін жетік біліп, өзге елдің тұлғаларымен тең сөйлесе алатын дәрежедегі тұлға. Ал дипломаттың кәсіби коммуникациясы оның шет тілін қаншалықты игергеніне де байланысты.
Нұрбах Рүстемов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алматы қаласындағы Сыртқы істер министрлігінің ескі ғимаратында отандық сыртқы саясаттың алғашқы легіндегі таңдаулы тұлғалардан өнеге алды. Ол өзі аса құрмет тұтатын сыртқы саясат ізашарлары Қасым-Жомарт Кемелұлы, Төлеутай Сқақұлының басшылығын, Ержан Хозеұлы, Қайрат Құдайбергенұлы, Мұхтар Бескенұлы, Ерлан Әбілфайызұлы және басқа да әріптестерімен бірге атқарған дипломаттық миссиясын мақтан тұтады.Нұрбах Тұрарұлының алғашқы қызмет орны – СІМ-нің шетелдік өкілдермен бірінші жүзбе-жүз байланыс орнатуды қамтамасыз ететін орталығы, яғни Мемлекеттік протокол қызметі. Протокол рәсімдері, шетел елшілерін қабылдау, олардың Қазақстанда елшілік ашуларына қолғабыс көрсету секілді жұмыстар ол кезде қызу қайнап жататын.Өйткені ешбір елде елшілігі жоқ, байырғы дипломатиялық дәстүрі ғасырлар мұнарында ғайып болғанымен, эпикалық жадында «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» деген жосын сақталып қалған жас мемлекетті шет жұртқа лайықты таныстырып, мүддесін қорғау – осындай кәсіби мамандардың ғана қолынан келетін алып мақсат болатын. Осы мақсатқа жету жолында Нұрбах Рүстемов те дипломатия шеберлерімен бір сапта әлемнің түрлі мемлекеттерімен қарым-қатынас орнату жұмыстарын жүргізді.
Елбасы бастаған мемлекет қайраткерлерінің ерен еңбегі мен көпвекторлы дипломатия арқасында Қазақстанның өзіндік сыртқы саясаты түзілді. Қазақстан халықаралық құқықтық субъекті, егеменді мемлекет ретінде мойындалып, беделді әмбебап ұйымдарға мүше болып кірді. Уақыт өте келе, өзге елдер арасындағы бітімгер рөлін атқаруға барынша күш салды. Елбасы әу бастан-ақ елдің жолын демократия, еркін нарық экономикасы бағытына бұрды. Мұндай жолда, әсіресе ел жастарына зор мүмкіндік берілді. Мұны да Нұрбах Тұрарұлының өмір тәжірибесіндегі мысалымен растауға болады. Нұрбах Рүстемов 1999 жылы 34 жасында Қазақстан Парламенті Мәжілісі ІІ шақырымының депутаты болып сайланды. Ол Қазақстанның заң шығарушы органында 10 жыл еңбек етті. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін де атқарды. Ол Парламент қабырғасында жүріп, елдің дамуына дем беретін бірқатар заңнамалардың қабылдануына ұйытқы болды. Әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, аймақтардың дамуына қатысты маңызды бастамаларды қолға алып, абыроймен атқарды. Қазақстанның парламентаризм институтын жаңғыртуға, өзге елдің парламентшілерімен ынтымақтастығын нығайтуға еңбек сіңірді. Ол өзінің азаматтық ұстанымы, білімі мен беделінің арқасында заң шығарушы орган арқылы күрделі мәселелерді шешуге, ұлттық мұратты қорғауға ат салысты. Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы ретінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы ұстанымын ілгерілетіп, мемлекеттік мүддені жүзеге асыруға зор үлес қосты. Мұндай белсенді қызметі үшін Нұрбах Тұрарұлының еңбегі ел басшылығы тарапынан еленіп, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. Сан қырлы депутаттық қызметін ғылыми еңбекпен үйлестірген ол экономика ғылымдарының кандидаттығына ғылыми еңбек қорғады. Санкт-Петербор қаласындағы Психология және менеджмент академиясының толық мүшесі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің құрметті профессоры атанды. Оған қоса, «Қазақстанның әлеуметтік саласының даму стратегиясы», «Қазақстанның әлеуметтік дамуын болжамдау», «Әлеуметтік инфрақұрылымның даму стратегиясын қалыптастыру» атты кітаптары жарыққа шықты. Нұрбах Рүстемовтің өміріндегі тағы бір маңызды кезең – оның шетелдерде елші дәрежесіндегі жемісті қызметі. Ол біраз жыл бойы Қазақстанның Ирандағы, Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, Сербия мен Македониядағы елші міндетін қоса атқарушысы болды. Өз еліңнің, Қазақстанның елшісі болу – айрықша мерей ғана емес, мәртебелі міндет, күн сайынғы сынақ. Әсіресе, ол ең ұзақ, 6 жылдан астам Мажарстандағы және Сербиядағы елшілікте атқарған қызметінің арқасында елдер арасындағы байланыс кеңейді. Аталған қызметі үшін Нұрбах Рүстемов «Мажарстанның Орта кресі» ордені, «Серб туының» ІІ дәрежелі ордені, ТМД-ның «Достастық» ордендерімен марапатталды. Сонымен қатар елші лауазымында ол Мажарстанмен Стратегиялық әріптестік қарым-қатынас орнатуға көп еңбек сіңірді. Сербия мен Мажарстан басшыларының Қазақстанға және Елбасы Н.Назарбаевтың осы елдерге сапарын ұйымдастырды. Мажарстанда Абай, Сербияда Жамбыл ескерткіштері ашылып, «Нұр-Сұлтан – Будапешт» әуе рейстері жанданды. Мәдени байланыстар да қарқын алды, мәселен «Астана Опера» және «Астана Балет» әртістері Еуропаның талғамы биік көрермені алдында ұлтымыздың мәдени мұрасын ұлықтап, шетелдерде насихаттады. Сондай-ақ ең алғашқы Қазақ-Мажар тікелей инвестициялар қоры құрылып, бүгінде елімізде түрлі бизнес жобалары қаржыландырылуда. Қазір Нұрбах Рүстемов Қазақстанның Румыниядағы Төтенше және өкілетті елші лауазымын атқарып келеді. Осы қызметте ол екі елдің арасындағы әлеуетті толық ашып, мүмкіндіктерді мейлінше кеңейтуге күш сала бермек. Бұл туралы қызметіне кіріскеннен кейін ол өзі де бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлаған болатын. Шынында, аз уақыт ішінде екі елдің саяси, академиялық және іскер өкілдері арасындағы байланыстар жанданып, мәдени-рухани іс-шаралар нығая түсті. Мәселен, Румынияда пандемияға қарамастан Абай мен Құрманғазының ескерткіштері орнатылды, алдағы кезеңде Қазақ мәдениет орталығы ашылмақ және қазақтың танымал жазушыларының еңбектерін румын тіліне аудару жұмыстары жоспарланып отыр.Дипломатия саласында атқарып жүрген қызметінде ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының алғысы мен марапатына ие болды. Оның кәсібилігінің арқасында Мемлекеттік протокол қызметі мен СІМ алдындағы көптеген міндет нақты жүзеге асты. Нұрбах Рүстемов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа, Қытайға, Ресейге, Ұлыбританияға, Францияға, сондай-ақ Оңтүстік Африка Республикасына және тағы басқа көптеген ірі елдерге сапарын ұйымдастыруға белсене араласты.
Алмаша АРЕНОВА, Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің басқарма басшысы – Саяси тобының жетекшісі