Монополист компаниялар электр желілерін иеленбек
Монополист компаниялар  электр желілерін иеленбек
280
оқылды

Ақмола облысының бірқатар ауданында тозығы жеткен электр желілерінің Ақмола электр желілік үлестіру компаниясына берілмей келе жатқанын өткен сандарымызда көтергенбіз. Мәселе ондаған жылдан бері шешімін таппаған. Дегенмен сең қозғалып түйіннің шеті тарқатылған сияқты. Мүдделі ми- нистрліктер бірнеше күннен кейін дереу қолға алып жүргізген жұ­мыстары туралы баян етті.

Мақала жарияланғаннан кейін хабар­ласқан Ақмола облысының Табиғи моно­полия­ларды реттеу департаментінің бас­шысы Азамат Сабыржан Ұлттық эко­номика ми­нистрлігінің табиғи монополия­ларды реттеу комитетінен жеткен хатты ұсынды. Құзырлы органның мәліметіне сенсек, электр желілерін үлестіруші компанияға тарату бағытында бірқатар маңызды шаруа атқарылыпты. Комитет осыдан он жыл бұрын 2011 жыл­дың 1 наурызында шыққан заңға өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының 17, 18 және 18-1-баптарына сәйкес, жергілікті әкімдік сенімгерлік басқаруға алған жағдайда реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін тарифтің шығын бөлігінде субъектілердің тарифтерін қалыптастыру және бекіту кезінде негізгі құралдарды ұстауға және жөндеуге арналған шығындарды ескеру бойынша Қа­зақ­стан Республикасы Ұлттық эко­номи­ка министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығымен бекітілген тарифті қа­лып­тастыру қағидаларының 634-тармағына өзгерістер енгізді», - делінген Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің Табиғи моно­полияларды реттеу комитетінің ресми хабарламасында.

Құзыретті органның хабарлауынша, аудан әкімдіктерінен сенімді басқаруға алынған электр энергиясы желілерін пай­далану және жөндеуге арналған шығындар тарифтік смета шығындарының сомасынан еліміздің әлеу­меттік-экономикалық даму болжамында көз­делген инфляциядан аспайды.

«Министрлік мұнымен қоса «Табиғи мо­нополиялар туралы» заңына энергия беруші ұйымдардың тарифін өзгертуді көздейтін желілерді сенімді басқаруға қабылдау кезінде оларға қызмет көрсету және пайдалануға арналған шығындарды ескеретін түзетулерді әзірледі. Ал бұл түзетулер бүгінде Doing Business рейтингі­сінің реформаларын іске асыру мақсатында бизнес жүргізу мәселелері бо­йынша заңнамалық бастамалар түзетулерінің 9-пакеті шеңберінде әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасына енгізілді», – деп толықтырды Ұлттық эко­номика министр­лігінің табиғи моно­по­лияларды реттеу комитетінен. Министрлік аталған заң жобалары негізінде жергілікті атқарушы органдардың теңгерімінде қараусыз қалған барлық электр желілері мен бюджеттің бүйірінен шыққан қаражатқа салынған желілердің құжаттарын заңдастырып, тозған бағандар мен сымдарын қалпына келтірмек. «Осы жұмыстардың барлығы атқа­рылып болғаннан кейін жергілікті атқару­шы орган­дардан электр энергиясы желі­лерін пайда­лануға қатысты сенімгерлік басқаруға алу жайлы шарт табиғи моно­полия субъекті­лерімен жасалады. Яғни, ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті өз құзы­реті тарапынан мәсе­лені шешуде барлық шараларды жүзеге асыруда», – деп толық­тырды Ұлттық эко­номика министрлігінің табиғи монополия­ларды реттеу коми­тетінен. Кештетіп болса да, Энергетика ми­нистр­­лігінің Целиноград ауданының елор­да­ның іргесіндегі бірқатар ауылдарындағы он жылдан бері қордаланып келе жатқан электр желілері мәселесін шешу бағытында атқарған тірліктері жөніндегі жауаптары да жетті. Министрлік Ақмола облысының әкім­дігіне Премьер-Министр Асқар Маминнің тапсырмасының орындалу барысы, оның ішінде электр желілері мен 49 қосалқы стансаларды қалпына келтіру мәселесі бойынша сұраныс жолдапты. Ал облыс әкімдігі министрлікке жол­даған ақпаратында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде бюджет қара­жатына салынған электр желілері құрыл­ғыларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны баян етіліпті.

«Ақмола облысы әкімдігінің деректері бойынша, бүгінде №1 РП жабдықтары жинақталып, №3, 21, 25 және 28 ТП- кер­неулі желілерін қалпына келтіру жұмыс­тары орындалған. Ал №35 ТП-де іске қосу және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қазір абоненттерді қалпына келтірілген ТП-ға қосу жүзеге асырылып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың тамыздың 31-не дейін аяқтауды көздеп отырмыз», – деді Энергетика ми­нистр­лігінен.

Министрлік аудан әкімдігінің ком­муналдық меншік теңгерімінде қараусыз қалған электр желілері нысандарын Ақ­мола электр желілік үлестіру компа­ниясының сенімді басқаруына берілмеуінің бірнеше себебін атады.

«Біріншіден, әкімдікте ішінара электр желілеріне оның ішінде жер актілеріне құқық беретін құжаттары жоқ. Екіншіден, оларды сенімді басқаруға қабылдау кезінде желілерді пайдалану және қызмет көрсе­тудегі шығындарды ескеретін энергия беруші ұйымдардың тарифті өзгерту нормалары жоқ», – деп толықтырды Энергетика министрлігінен.

Аталған мәселені шешуде Премьер-Министр Асқар Маминмен бейінді ми­нистр­ліктерге «Мемлекеттік мүлік туралы», «Салық кодексі» және Табиғи моно­полия­лар туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма берілген. «Министрлік Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп электр желілерін теңгеріміне қабылдау немесе сенімді басқаруға алу кезінде пайдалану және қызмет көрсету шығындарын ескеретін энергия беруші ұйымдардың тарифінің өзгеруін қарастыратын тиісті түзетулерді әзірледі. Қазір аталған бағытта жұмыстар жалғастырылып жатыр», – деп толықтырды Энергетика министрлігі. P.S.Сонымен, он жылдан бері шешілмей, тоңы жібімеген мәселеде сең қозғалды. Заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Бұл жарығы жиі өшіп, сымдары үзіле беретін ауылдардың желілерін қайта қалпына келтіруге ықпал етпек. Тиісті министрліктер жауабында осылай делініпті. Енді ми­нистрліктер жүзеге асырған заң жобаларына түзетулер мен өзгерістер Парламентте қа­был­данып, жергілікті билік органдарынан қолдау тауып, қауырт әрекет жасалса, мә­селе жылдам шешілері анық...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы