Жаңаөзендегі «КЕЗБИ» жеке шағын серіктестігінің жұмысшылары еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілге шықты. Мемлекет басшысы мен еліміздің ірі мұнай компаниясына үндеуін әлеуметтік желіде жариялады.
Жаңаөзенде күннің аптап ыстығында алты күн бойы ереуілдеткен «КЕЗБИ» ЖШС -нің жұмысшылары басшыларына 12 тараудан тұратын талап қойды. Таратып айтсақ, жалақыны көтеру, сыйақы төлеу жүйесін қайта қарастыру, зиянды аймақта жұмыс істегені үшін ақы төлеу, жұмысшыларды еңбек өтіліміне қарай мансаптық өсіру мен жылдық еңбек демалысына сауықтыру үшін бір айлық жалақы көлеміндегі қосымша ақы төлеу.Олар талаптары орындалмаса, 10 шілдеден бастап аштық жариялайтынын айтты. Жұмысшылармен жүргізілген келіссөздер қорытындысына сәйкес, еңбек дауын реттеу бойынша арбитраждық еңбек комиссиясы құрылды. Комиссия құрамына Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Байжанов, Маңғыстау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Н.Баулыбаев, «КЕЗБИ» ЖШС жұмысшылары кәсіподағынан 4 өкіл және «КЕЗБИ» ЖШС басшылығынан 4 өкіл енді. Тіпті, облыс әкімі С.Трұмов Жаңаөзен қаласына барып, арбитраждық еңбек комиссиясы мүшелерімен кездесті. Арбитраждық комиссия отырысы нәтижесінде жұмысшыларға бірнеше ұсыныс жасалған. Ол – жалақыны 30 пайызға, сыйақыны 35-45 пайызға көтеру. Ал, зиянды аймақта жұмыс істегені үшін ақы төлеу – жұмыс орындарын аттестациялау қорытындысына сәйкес қарастырылуын және жұмысшыларды еңбек өтіліміне қарай орналастыру секілді ұсыныстар мен жалпы он екі тараудан тұратын жұмысшылар талабының дені шешілетін жағдай қарастырылған. Аймақ басшысы жұмысшылармен кездесуінде: «Бұл – жекеменшік мекеме. Жекеменшік мекеме болғандықтан оның ішкі экономикалық жағдайына араласа алмаймыз. Бұл – жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жағдай. Сол жағдайды білейін, өз көзіммен көрейін, заңға сәйкес мәселені айтайын деп келдім. Экономикалық жағдайдың бәрі қаражатқа тіреледі. Жекеменшік мекеме бар, мемлекеттік мекеме бар, мұның бәрінің аражігін айырып айтуымыз керек. Заңдылығын түсіндіруіміз керек. Барлығымызға ортақ заң бар. Сондықтан да барлығы заңның аясында шешілуі керек деп есептеймін», – деп кесіп айтты.Екінші категория бойынша төлеу, ұңғыны күрделі жөндеу бригадалары шеберлерін өндіріс басына қалдыруды тоқтату, жыл қорытындысына сай 13-айлық төлеу, ұңғыны күрделі жөндеу бригадаларына БТМА (ЕТКС) бойынша бір бұрғышы көмекшісін қосу, еліміздегі айтулы мерекелік күндеріне ақы төлеу, жұмысшыларды талапқа сай құрал-саймандармен қамтамасыз ету және жыл аяғында жұмысшылардың бір жылғы жалақысы туралы мәліметпен таныстыру.
Бұған біз «КЕЗБИ» ЖШС-гі жағдайға орай пікір білдірген «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағы» ҚБ Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Мақсат Рзахановтың сөзінен соң көз жеткіздік. «Біз «КЕЗБИ»ЖШС-ның жұмысшыларының ереуіліне қатысымыз жоқ. Дегенмен бұл мәселе бойынша айтарым, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның сервистік мекемелері мен тендерге қатысып белгілі бір ауқымдық жұмыс атқару қызметін ұтып алатын мекемелердің жұмысшыларға төлейтін жалақысында айырмашылықтар бары рас. Ол тендерден жұмыс ауқымын ұтып алған мекеменің қаражаты мен жұмысшылар істейтін жұмыстың ауқымына байланысты болады. Бұл мәселе ұлттық компанияға қарасты сервистік компаниялар және тендермен жұмыс ауқымын алатын мекемелерінің жалақасын тең қылып, оны заңдастырмайынша өзектілігін жоймайды», – дейді Мақсат Киікбайұлы. Айтарлығы, мұны қызметкерлердің барлығы бірдей біле бермейді. Мұның ақыры жұмысшылардың жөн-жосықсыз ереуіл жасап, кез келген істен ілік іздеп, Үкіметтен қолдау сұрайтын жағдайға жеткізеді. Бұндайда талап етудің де жөні барын жұмысшы тарап ескерсе, қанеки...Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Ұлықпанұлының айтуынша, «КЕЗБИ» ЖШС-де бір мыңнан аса адам жұмыс істейді. Жұмыс берушіге қойған олардың талаптарының дені орындалатын болып келісілді. Енді бұл проблема қайта қозғалады деуге негіз жоқ. Дейтұрғанмен де, мұндай даудың енді болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы