Мәдениет және спорт министрлігі Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына іргелес тұрған Central Esentai Resedence тұрғын үй кешені тұрғындарының шағымына қатысты түсінік берді.
Алматы қалалық санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындысына сәйкес, музейдің салқындату және ауа айналу жүйесінен шығатын дыбыс рұқсат етілген нормадан асатыны анықталып, мұражайға 230 АЕК (670 мың теңге) айыппұл салынды. Ал бұл олқылықтың орнын толтыруға 30 күн берілді. Бүгінде мұражай басшылығы айыппұлдың 50%-ын төлеген.
Музей республикалық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет ескерткіші қатарына жатады. 1983 жылдан бастап мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне кіреді. Еліміздің «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес, ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) қорғау аймақтары;
2) құрылыс салуды реттеу аймақтары;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары болып бөлінеді.
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамада көрсетілгендей дәл осындай тарихи-мәдени ескерткіш аумағында құрылыс жұмысын жүргізуге шектеу бар. Заңда қалалар мен басқа да елді мекендерді жоспарлау, салу және реконструкциялау жобасы, тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан жерді пайдалану картасы уәкілетті органмен келісуі керек екені көрсетілген.
«Алайда мұражайдың аумағына осы көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға министрлік келісім берген жоқ. Мұражайдың салқындату және кондиционерлеу жүйесі мұражайдың өзі құрылған сәттен бастап, яғни 1976 жылы жүргізілгенін атап өткен жөн. Бұл ғимараттың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі, ал ғимараттың сыртында тұрған қазіргі тоңазытқыштар 2008 жылы орнатылды. Олар штаттық режимде жұмыс істейді. Жыл сайын профилактикалық қызмет көрсетуден өтеді және өндірушінің сипаттамаларына сай келеді» делінген министрлік хабарламасында.
Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылы 7 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығына сәйкес, әртүрлі музей заттарын кешенді сақтау кезінде ауа температурасы Цельсий бойынша +18°± 1° болуы керек. Яғни, музейдің салқындату және кондиционерлеу жүйесі – ұлттық мәдени мұраны сақтаудың кепілі және кез келген музейдің сапалы жұмысын қамтамасыз етудің міндетті бөлігі.
«Мұражай мен Central Esentai Resedence тұрғынүй кешенінің құрылысын жүргізген тарап келіссөз жасады. Нәтижесінде, құрылыс жүргізген тарап бұл жағдайды реттейтінін жеткізіп, уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында болады», – дейді министрліктегілер.