Әбсаттар Дербісәлі қажы өмірден озды. Бұл жайында Досай Кенжетай өз парақшасында жариялады.
"Профессор, арабист, мүфти Әбсаттар Дербісәлі де дүниеден өтіпті. Алдынан жарылқасын, арты қайырлы, жаны жұмақта болсын! Жақсы адам еді..." деп жазған ол жазбасында.
Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлі 1947 жылы 15 қыркүйекте туған. Ол – Түркістан облысы Түлкібас ауданының тумасы.
1969 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. Артынан 1970-75 жж. КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыды. 1975-1976 жж. Марокко корольдігі, 1985-86 жж. Тунис Араб республикасы университеттерінде араб тілі мен әдебиеті бойынша біліктілік арттырудан өтті.
1976-77 жж. ҚР Ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінде ассистент, аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының орынбасары, Шығыс филология кафедрасының меңгерушісі. 1986-1988 жж. КСРО Ғылым Академиясы Шығыстану институтының докторанты. 1989 жылы Шығыстану факультетінің деканы болды.
Тәуелсіздік жылдары (1991-97 жж.) Тілдер және Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 1997-2000 жж. Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі, 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі еді. 2000 және 2005 ж. Қазақстан мұсылмандарының III және IV Кұрылтай жиынында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти болды. Екі жылдан кейін Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы болып сайланды. 2000 жылдың тамызында Босния мен Герцеговинаның астанасы Сараевода және 2002 ж. сәуірде Кипрде өткен Еуразия Ислам Шурасының IV - V халықаралық конференцияларында осы ұйым төрағасының бірінші орынбасары болып екі рет сайланды.
ҚР халыққа білім беру министрлігі жанындағы шығыстанушылардың оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, КСРО Шығыстанушылар Ассоциациясы Қазақ бөлімінің бюро мүшесі, КСРО Ғылым Академиясы Шығыс әдебиетін үйлестіру кеңесінің, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің, ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының, Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің, ҚР Президенті жанындағы адам құқығын қорғау жөніндегі комиссия мүшесі. Қазақтың шет елдермен достық қоғамы Қазақ-Араб бөлімі төрағасы болды. КСРО Халыққа білім беру мемлекеттік комитетінің Құрмет Грамотасымен (1984) марапатталған. ҚазМУ-дің әл-Фараби атын алуына үлкен еңбек сіңірді, Республикамыздың мемлекеттік 10 университетінің «Құрметті профессоры», Халықаралық «Араб тілі» Ғылым Академиясының (Каир) академигі. Дербісәлі республикалық арабтану ғылымының негізін салушылардың бірі. Арабистика саласы бойынша еліміздің тұңғыш ғылыми докторы, тұңғыш профессоры, тұңғыш академигі.
Ол алғаш рет әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де араб бөлімі мен Шығыс тілдері кафедрасын және шығыстану факультетін ұйымдастырып, оның тұңғыш меңгерушісі және тұңғыш деканы болды. Оның басшылығымен республикамызда тұңғыш рет урду, парсы, түрік, қытай, жапон, корей тілдері мен әдебиеті мамандықтары ашылып, кафедралары ұйымдастырылды. Сөйтіп, республика өте зәру шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене ат салысты. Дербісәлі қаламынан араб тілі мен әдебиеті, тарихы мен мәдениеті және қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлері мен мәдениетінің мәселелері, Шығыс мұсылман елдерімен рухани байланыс, ол жұрттың ой дүниесі мен Ислам тарихы, қасиетті Құран, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис-шәріптері туралы 600-ден аса теориялық және практикалық мәні бар ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер туған. Арабтілді Марокко әдебиетінің тұтас тарихын жазып шықты. Ол тек КСРО ғана емес, сол елдің өзінде де жазылған жоқ еді. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі мен ондағы құлпытастардағы жазуларды ана тілімізге аударып, зерттеді. Шығармаларын араб, парсы, шағатай тілдерінде туындатқан, еңбектері әлем кітапханалары мен қолжазба қорларына шашырап кеткен даламыздың X-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһанад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, үш Кердери, үш Сайрами (Исфиджаби), жеті Түркістани, 31 Таразилер, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығнақи және т.б. барлығы 100-ге жуық ғалым мен ойшылын тауып, еңбектерін ғылыми айналымға енгізді. Олар жайлы шығыстану және филология факультеттерінде дәрістер оқыды. Студенттер мен магистрлердің диплом жұмыстарына басшылық етті. Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеуде де соны қадамдар жасады. Қашғария (1994), Пәкістан (1995), Үндістанға (1998) арнайы барып, Кашмир өлкесінен ғалымның зиратын тапты. Құлпытасының эпитафиясын шешті. Берлин және Қашғар қолжазбасы бойынша ғұламаның «Жаһаннаме» атты поэмасын шағатай тілінен тәржімалап жариялады (Алматы, «Білім» 2006). Ол жайлы бірқатар зерттеу жасады.
Сондай-ақ, ол Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетін, имамдардың білімін жетілдіретін республикалық Ислам институтын, қасиетті Құранды мәнерлеп оқу бойынша республикалық тұңғыш конкурсты, Рамазан айларында Алматының орталық мешітінен қазақ теледидары арқылы қадір түнін насихаттау секілді тағы да басқа көптеген діни-руханият, діни-ағартушылық шараларын ұйымдастырды. 2003, 2006 жылдары қыркүйекте Астанада әлемдік және дәстүрлі ұлттық дін лидерлерінің съездерін өткізуге үлес қосты.
Дербісәлі Қазақстанда араб тілі мен әдебиеті ғылымын қалыптастырғаны және Ислам тарихы мен мәдениеті, дініне байланысты көптеген сүбелі еңбектері үшін 2002 ж. Египет Араб республикасының 1-дәрежелі «Ғылым және өнер» орденімен, Қазақстан ғылымы мен білімі, әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін 2004 жылы «Парасат» орденімен және 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», 2008 жылы «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарымен және 2007 жылы ҚР Білім және Ғылым министрінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісімен марапатталды, 2005 жылдың қарашасында Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас аудандық мәслихатының шешімімен «Түлкібас ауданының құрметті азаматы» және сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының шешімімен «Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атақтары берілді. Ол Қазақстан халықтарының достығы мен ынтымағы, дінаралық түсіністік пен сыйластықты арттыруда да игілікті істер атқарып келді.