Жамау-жамау жолдар...

Жамау-жамау жолдар...

Жол сапасы туралы сын бүгін айтылып жүрген жоқ. Алпысыншы жылдардан соң жөндеу көрмеген жолдардан бөлек, жыл сайын жасалатын асфальтталған көше­лер­дің ай сайын тесіліп жататыны көрер көзге сүйел. Бірақ «баяғы жартас – бір жар­тас». Тасжолға жауапты министрлік пен әкімдіктегілердің есебіне сүйенсек, елдегі жолдардың сапасы жоғары. Ал көлік тізгіндеген тұрғын­дардың айтары басқа. Неге?

Жуырда Парламент Мәжілісі­нің депутаты Шәміл Осин жол сапа­сының нашарлығына қатысты депутаттық сауал жолдап, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен автожолдарды жөндеуге және салуға қомақты қаржы бөлінгені­мен республикалық жолдардың тозығы жеткенін айтты. Бөлінген қаржының қайда кететінін қайдам, айтуынша, аймақтардағы жол­дарды пайдалануға қаржылан­дырудың жеткіліксіздігі мен жергілікті деңгейдегі мердігердің кепіл­дігі екі есе қысқа. Үшіншіден, ірі республикалық және шағын жергілікті нысандардағы мерді­герлік ұйымдарды жабдықтау дең­гейі де сын көтермейді. Бұдан бө­лек, жол жасаушылар жаңа стан­дарт­қа сәйкес келмейтін арзан ма­териалдармен жұмыс істейді. Көлік санының ұлғаюына бай­ланыс­ты жолдарға түсетін салмақ бірнеше есе өсті, ал жол конструк­циясының негізгі материалдары – битум, қиыршық тас және топы­рақтың сапасы өткен ғасырдың деңгейінде қалып қойған көрінеді.

Әкімдердің есебіне халық әбден мезі болғанын Мемлекет басшысы да біледі. Өткен жолы барлық өңірде бюджет қаражаты­ның жұмсалуына, көлік магис­тральдарын салу мен жөндеу сапа­сына бақылау қатаңдатылатынын айтқан Президент бұл мәселені жеке бақылауына алатынын жет­кізді. Жыл сайын жөнделетін жол сапасы әлі сол қалпында. Сапасыз жұмыстың салдарынан мемле­кеттік қаражат тиімсіз жұмсалып жатыр. Осылай деген Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге және құқық қорғау органдарына жағдайды түзету үшін жүйелі шара­лар қабылдап, олар туралы есеп беруді тапсырды.

Тіпті, саладағы бақылаудың әлсірегені үшін Индус­трия және инфрақұрылым­дық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасын, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ­стан, Ақтөбе облыстары әкім­дерінің орынбасарларын қыз­метінен босатты. Алайда салаға жауапты маман­дар жергілікті маңызы бар авто­мобиль жолдарының 71%-ы қана­ғат­танарлық жағдайда екенін ай­тудан жалыққан емес. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2015-2020 жыл­дар аралығында 13 мың шақы­рым автожол және 15 мың км жер­гілікті маңызы бар жол салынып, реконструкцияланды. Өт­кен жылы 2,6 мың шақырым жол пайдалануға берілсе, биыл 1,2 мың шақырым жол бітеді деп жоспарланған. 2020-2021 жылдар аралығында облыстық және аудан­дық маңызы бар автомобиль жол­дарын дамытуды қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюд­жеттерден шамамен 1 трлн теңге бөлінген. Осыдан үш ай бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ең нашар автомобиль жолдары бар аймақтардың тізімін жариялаған болатын. Олардың қатарына Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстары кірген. Жол­дар­ды салуға және жөндеуге бөлін­ген қаражат көлемі мен авто­жол­дардың сапасын жекелеген өңір­лердегі жұрттың көзімен сараптап көрейік. Алматы облысындағы авто­мобиль жолдарының жұмыс іс­теуін қамтамасыз етуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға был­тыр 26 854 324 000 теңге бөлінді. Бұл қаржының барлығы Алматы облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқар­масына тиесілі. Сонымен қатар құ­жатқа сәйкес, автомобиль жол­дары­ның жұмыс істеуін қамта­масыз етуге 6 203 188 000 теңге, ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеуге бақандай 13 728 758 000 теңге қарастырылған. Биыл осын­дай қажеттіліктерге 16 942 525 000 теңге бөлініпті. Ал өңірде авто­мобиль жолдарының жұмыс істеуіне 6 635 167 000 теңге, ал орташа жөндеуге 7 243 435 теңге жұмсалған. Екі жыл бұрын өңірде автомобиль жолдарын күтіп ұстау­ға және жөндеуге 6 058 478 000 тең­ге жұмсалған. Демек, мемлекет ай­мақтың инфрақұрылымын қам­тама­сыз етуге жыл сайын айтар­лықтай қаржы қосып отыр. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алу сай­тын­да қазір автомобиль жолдарын салу мен жөндеуге кемінде ондаған тендер жарияланды. Олардың ішіндегі ең ірісі – Алматы–Өс­ке­мен–Лепсі– Ақтоғай автомобиль жолын қайта жаңартуға 13 584 875 424 теңге қарастырылыпты. Екін­шісі – Алматы облысы Қарасай ауданы Саин көшесінің құрылысы. Оған 6 958 499 112 теңге бөлінген. Қарастырылған қыруар қаржы­ның қызығын халықтың өзінен сұрап көрген едік. Алматы мен Ал­маты облысы арасында күн сайын жолаушы тасымалдайтын Қуаныш Көкпектен бастап Нарынқолға дейін ойқы-шойқы жолдардан әбден жүйкесі тозғанын айтады. «Кеген асуынан өту үшін адамдар шыбын жанын шүберекке түйіп отыруға мәжбүр. Ал Жала­ңаш­тың бұрылысынан Алғабас ауылына апаратын жолдан өткен­ше көліктің сау тамтығы қалмайды. Ауыл ішіндегі жөндеу көрмеген жолды айтсаң, жағаңды ұстайсың. Жақында ғана Алғабас ауылына бұрылатын жерден бастап жөндеу жұмыстары жүреді деген. Сөйтсек, жөнделгені сол, қазған жерлерін жамап кеткен. Жыл сайынғы жағдай сол, жамалған жолдары көк­тем шығысымен қайта тесіле­ді», – дейді Қуаныш. Өткен ғасыр­дан қалған тасжолда жиі жүретін Еркебұланның да айтары осы. Жолдың сапасы сын көтермейтіні жергілікті билікке бұған дейін де талай айтылғанымен, әзірге әкім­дер берген есептен басқаны көр­мей тұрмыз деп ашынады. Алматы облысы Кеген ауданы­ның «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мем­ле­кеттік мекемесінің басшысы Қаз­бек Нұрғазының айтуына қара­ғанда, ауданның өзіндегі жолдар республикалық, облыстық және аудандық болып бөлінеді. Мәсе­лен, Кеген асуы мен Жалаңаш–Саты–Көлсай республикалық жол­ға жатса, Алғабас–Жіңішке жолы – облыстық маңызы бар жол. Алғабас ауылының көше жол­дарын жасау ауылдық әкімдіктің теңгерімінде. «Бірақ бұл ауылдағы жолға сметалық құжаттама жасауға ауданнан қаражат бөлдік. Қазір ауылдың ішкі жолдары бойынша сметалық құжаты дайын. Судың жұмыстары біткен күні жолды жөндеуге кірісеміз. Осы 33 шақы­рым­дық Алғабас–Жіңішке жолы­ның 18 шақырымын жөндеу үшін былтыр ЖСҚ жасалынды. Бірақ биыл бюджеттен қаражат бөлін­беген. Оның себебін өзім де білмей­мін. Ауызсу жұмыстары бітсе, жолдарға қаражатты тағы сұраймыз.

2018 жылы аудандағы жолдарды жөндеуге 106 миллион теңге бөлінген. Бірақ оның өзі жол күтімінен артылмайды. Күні бүгін­ге дейін аудандық маңызы бар 340 шақырым жолдың 160 шақырымын толық жөндеуден өткіздік. Ал жыл­да жамау көретін жолдардың көпке бармайтын себебі – біздегі жолдардың тозығы жеткен. Сон­дықтан жол қауіпсіздігін сақтау үшін жамалады. Сіз айтып отырған облыстық жолдан бөлек, тек қана аудандық жол күтіміне жыл сайын 20 миллион ақша жұмсалады. Бі­рақ ол талайдан бері жөндеу көр­меген жолдарды бітеуге, қар таза­лау­ға жеткіліксіз. Ол соманы 12 елді мекенге шаққанда 1-1,5 мил­лион болады.

Ауданымыздағы об­лыс­тық маңызы бар көшелерді жыл сайынғы жамауға облыстың өзі конкурс өткізеді. Кеген асуындағы Көкпек–Кеген–Түп рес­пуб­ликалық маңызы бар жолы­ның 53-68 шақырым аралығына биыл орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Республикалық маңы­зы бар Жалаңаш–Саты–Көлсай ав­то­көлік жолының 19-21 шақы­рым аралығын жөндеу туралы ұсы­ныс осы жолдың теңгерім ұстау­шысы ҚазАвтоЖол ҰҚ-ның Алматы облысы бойынша фили­алына берілген. Қазір ұсыныс қара­лып жатыр», – дейді Қазбек Дәулеткелдіұлы. Былтыр жол сапасының на­шар­лығына қатысты Қаскелең тұр­ғын­дары да біраз шағымын айтты. Айтуларынша, жолдардың нашарлығын жергілікті әкімдікке бірнеше рет айтқанымен, жауап берер ешкім жоқ. Іргелі ауылының тұрғындары болса, бұзылған жолдардың кесірінен барыс-келіс жасау қиындық туғызып отыр­ғанын жасырмайды. Жетісу жеріндегі жергілікті билік жол сапасын 2025 жылға қарай 95%-ға жеткізуге уәде етеді. Алайда Алматы облысының Ес­кел­ді ауданына қарасты Матай Байысов ауылындағы орталық көшелердің өзі күрделі жөндеуден кейін 6 ай өтпей кедір-бұдыр­лан­ған. Қыс басталарда қолданысқа берілген жолдар көктем шығысы­мен көңілдерін су сепкендей басады екен. Атырау–Астрахан тасжолы да талайдан бері айтылып келе жат­қан мәселе. Алпысыншы жылдан бері жөндеу көрмеген шұрық тесік жолда күн сайын бірнеше жол апа­ты болады. Тіпті, қазір тұрғындар тетрис ойынын ойнағысы келген­дер болса, дәл осы тасжолда жүруге кеңес береді. Өйткені автожолда адреналин алуға мүмкіндік көп екен. «Мұнайлы өлкенің тұрғын­дары тасжолдарда тетрис ойнаудың шебері болып алған. Мұндай жолдар бізде ғана бар», – дейді атыраулық Есмұрат. Ойқы-шойқы жол үшін жұмы­сынан айырылған атқамінерлерден кейін жағдайдың оңаларын алдағы уақыт көрсетер. Десе де, жылда жыры бітпейтін жол сапасы бо­йынша 93-орынға жайғасқан елімізде қомақты қаражаттың сұрауы қатаңдатылмаса, қара жолдың бойында қаза тапқан­дардың санын азайтуы неғайбіл.

Жадыра МҮСІЛІМ