Нұр-Сұлтанда мұғалімдер саябағы ашылады. Бұл жайында қала әкімдігі хабарлады. Жаңа қоғамдық кеңістік Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесі қиылысында орналасқан Беласар көпірінің маңында Ақбұлақ өзенінің бойында абаттандырылып жатыр.
1,2 гектар аумақтағы елорданың мұғалімдер саябағында жатуға арналған аспалы торлар (гамак) мен жарық беретін орындықтар орнатылады. Түрлі инсталляцияларға арналған орын, балалар алаңы, мастер-класс өткізуге арналған кеңістік болады.
Қолданыстағы саябақты қайта құру және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға жақын екенін ескере отырып, демалуға арналған тыныш орындар, серуендеу және оқу орындарын құру жоспарлануда.
"USTAZ ALANY" паркі мұғалімдерге арналған. Оның айрықша ерекшелігі – шағын сәулет нысандарында. Мәселен, әр орындыққа мұғалімнің аты-жөні мен шағын өмірбаяны жазылған тақтайша орнатылады. Сонымен қатар педагогтерге ерен еңбегі үшін алғыс ретінде грифель қабырғасы мен "Bilim japyraqtary" инсталляциясын орнату жоспарланып отыр. Елордада қала тұрғындарының таза ауада демалатын орындары көбейіп келеді", – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Саябақ аумағында алмасып оқу үшін кітап қораптарын орнату жоспарланып отыр. Сонымен қатар саябақтың орталық бөлігінде таза ауада шеберлік сабақтарын өткізуге арналған орын ашылады. Елорданың дизайн-кодына сәйкес жарықтандырылған әткеншек орындықтары мен биікше орнатылған шамдар (торшер) аллеяны әсемдей түседі. Көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінбек. Ал саябақтың орталық бөлігіне емен отырғызу жоспарланып отыр.
"Бұл саябақ Ақбұлақ өзенінің жанында орналасқандықтан теңіз кейпіндегі балалар алаңқайы орнатылады. Бұдан бөлек ерекше шатырлары бар алаң ашылады", –деді урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.
Саябақтың жағасына сарғыш рең беретін жарық пен жаяу серуендеу үшін әдемі көңіл-күй сыйлайтын гирляндалар орнату жоспарлануда. "Адамға ыңғайлы қала" идеясын іске асыру аясында кедергісіз орта құрылады.