Екпені міндеттеген дұрыс па? Әуелде екпе салдыру – әр адамның өз еркі деген. Көп ұзамай, «екпе алмағандар жұмыстан шеттетіледі» деген пікірлер айтыла бастады. Қазір көпшіліктің пікірі екіге жарылған: бірі – екпені қолдайтындар, екіншісі – антиваксерлердің сөзіне еретіндер. Жалпы, екпе алмағандар жұмыстан шеттетіледі деген ақпарат қайдан шықты? Бұл шындыққа жанаса ма?
«Денсаулық туралы» кодекстің 77-бабы бойынша ерікті вакцинациялаудан бас тартқан жағдайда жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығаруға құқылы ма? Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жауап берді. Министрдің айтуынша, Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері тиісті қаулылар қабылдайды. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің №67 қаулысында көрсетілген ұйымдардың/объектілердің COVID-19-ға қарсы екпе алмаған (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-мен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) қызметкерлер үшін күндізгі режимде жұмысқа жіберілуіне шектеу енгізілген. Аталған қаулының 6-1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың екпе алмаған қызметкерлері 7 күнде бір рет ПТР-тест тапсырып тұруға міндеттелген. Осыған байланысты жұмыс беруші COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды алмаған жұмыскерге қашықтан жұмыс нысанына көшуді ұсынуға (мұндай мүмкіндік болған жағдайда) құқылы. Әрі жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда және қызметкер жұмысты күндізгі режимде жүзеге асыруға тілек білдірсе, қызметкер өз есебінен міндетті ПТР-тестілеуден (7 күнде 1 рет) өтуі қажет. Сонымен бірге тараптардың келісімі бойынша міндетті ПТР-тестілеу жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. «Осылайша, жұмыс беруші вакцинациядан бас тартуға байланысты қызметкерді жұмыстан шығаруға құқылы емес. Сонымен қатар қызметкерлер өздерінің еңбек құқықтарын қорғау үшін жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына өтініш жасауға құқылы» деген еді министрлік. Бұл пікірді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ержан Байтанаев та растады. Ресми өкілге «жұмыс беруші қызметкерін жұмыстан шығара ала ма?» деген сауал тастаған едік. Ол: «Кез келген жұмыс беруші қызметкерін екпе алмағаны үшін жұмыстан шығара алмайды. Тек қашықтан жұмыс істеуіне, олай болмаған жағдайда жұмасына бір рет ПТР тапсыруға міндеттей алады», – дейді. Міндетті екпе демекші, бас санитар Ерлан Қиясов күні кеше жаңа қаулыға қол қойды. Жаңа қаулы бойынша екпе алмаған қызметкерге жұмысқа келуге шектеу бар. Бұл шектеу тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда коронавируспен ауырған қызметкерлерге қатысты емес. Жаңа қаулы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтары бөлімшелері, екінші деңгейлі банктер, қаржы нарығының объектілері, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, айырбастау пункттері, сұлулық салондары, шаштараз, химиялық тазалау орындары, базарлар, сауда үйлері, сауда-ойын сауық орталықтары мен шағын маркеттер, супермаркеттер мен гипермаркеттерге және тағы басқа ұйымдарға шектеу бар. Бұл талапты орындамаған қызметкерлерді жұмыс беруші жұмыстан босатуға құқылы. Жеке компанияда бухгалтер болып қызмет істейтін Жанерке Ержанқызы вакцина алуға қорқатынын айтады. «Оған не себеп?» десек, ол «вакцина туралы түрлі қауесет көп. Қайсысы тиімді екенін білмейміз. Бұған жауапты мамандар дұрыс насихат жұмысын жүргізбейтінін» айтады. «Егер вакцина менің денсаулығыма зиянын тигізсе, қайтемін?! Сондықтан әзірге жұмысты қашықтан істеуге мәжбүрмін», – дейді. Ал Жасұлан Ерланұлы «апта сайын ПТР тапсыруға қалтам көтермейді. Ал жұмыссыз қалсам, бала-шағамды кім асырайды?..» деп отыр. Өткен аптада Қарағандыда бірқатар жұмыс орнының басшылығы қызметкерлеріне «екпе алмағандар жұмыс орындарын босатады» деген талап қойыпты. Жұмысынан айырылып қаламыз деп үрейленген халық қалалық емханаларға ағылған көрінеді. Емханаға ағылғандардың көбі екпе салдырмаса, үш күн сайын 9 000 теңгеден ПТР-тест тапсыруға міндеттелгенін айтады. Сынаманы жиі тапсыра алмайтындары амалы жоғынан екпе алуға келген. Қатаң талаптан кейін Қарағандыда екпе алушылардың саны күрт өскен. Тіпті, емханаларда сағаттап кезек күтуге мәжбүр болған. Кезек көбейген соң Денсаулық сақтау басқармасы басшылары қосымша екпе салатын емханалар ашуға тура келгенін айтып отыр. «Қазір вакцина алатындардың саны артып отыр. Сондықтан қосымша егу пункттерін ашуды қарастырып жатырмыз. Ертеңнен бастап қосымша кабинеттерде қабылдаймыз. Облысымызда екпе тапшылығы байқалмайды», – дейді олар. Бізде бір мәселе бар: ол – вакцинаның дұрыс насихатталмауы. Жұртшылыққа ақпарат дұрыс жетіп жатқан жоқ. Екіншіден, жұртшылықтың дені «халыққа екпе алуды міндеттеген дұрыс емес. Бұл шара ерікті түрде болуы керек. Өз денсаулығымыз үшін өзіміз жауаптымыз» деп отыр. Алайда соңғы деректерге сүйенсек, індет жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Екпе алу үшін де қатаң талап керек секілді. Ол – қауіпті індетті шектеудің жолы. Әлем вакцинадан кейін ғана коронавирусты ауыздықтай аламыз деп отыр. Қалыпты өмірге көшу үшін де екпе қажет екенін ескерген жөн.Айым БЕКТҰР