Жақында Nestle компаниясы нәрестелерге арналған сүт қоспасының бірнеше партиясын әлем бойынша кері қайтаруды бастады.
Асты да алдап сатқан заман...
188
оқылды

Өздері жүргізген талдауға сәйкес, былтырғы жылдың сәуір-қараша айларында шығарылған өнім құрамынан сәбидің асқазан-ішек жолына қауіпті токсиндер табылған. Компанияның зерттеуінше, бұл қоспалар баланың ішін ауыртып, құстырып, диареяға себеп болуы мүмкін. Щвейцариялық компания шағым түспей-ақ осындай қадам жасады.  

Ал мұндай жағдай ілуде бір кездеседі. Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне қарасты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ком­и­тетінің хабарлауынша, елге сырт­тан келетін өнімдерден көп жағдайда күмәнді қоспалар табы­лып жатады. Азық-түлік маман­дары дәл осы импорттық өнімдер­ді сатып аларда, мұқият болуға шақырады. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 200-ден астам ауру қауіпті тағамнан бола­ты­нын хабарлайды. 

Өкінішке қарай, сырттан ке­л­етін тауардың бәрінен арнайы сы­нама алынып, жаппай тексеру­ге жіберілмейді. Егер азық-түлік тау­арларының серти­фи­каты мен құжаты дұрыс болса, бірден дүкен сөрелеріне жібер­іледі. Санитар­лық-эпидемиоло­гия­лық бақылау комитеті шағым түссе немесе жос­парлы түрде ғана кей өнімдер­ді зерттеуден өткізеді. Комитет былтыр 22 мыңнан аса өнімге тексеру жүргізіп, оның 11,4 пайы­зы талапқа сай емесін анық­таған. Сол қауіпті тағамдардың 74 пайы­зы сырттан жеткізілген көрі­неді. 22 мың тауарды тексеру нә­ти­же­сін­де, 137 әкімшілік іс қозға­лып, 25 миллион теңгеден аса көлемде айыппұл салынды, 753 тергеу жүргізілген. Тауар айналы­мын­­дағы 5,2 тонна тамақ өнімі сатыл­ымнан алынған. Бұл – жал­пы өнім­нің тексерілген бір парасы ғана. Тексерілмеген өнімдердің іш­інде қандай қауіпті өнімдер барын дөп басып айту мүмкін емес. Былтыр зерттеуден өткен өнімдердің дені Еуразиялық эко­номикалық одақ (ЕАЭО) елдері­нің тамақ өнімдеріне тиесілі, оның ішінде 1 271 (9,5%) сынама тех­­никалық регламенттердің та­ла­птарына сәйкес келмеген. 

Мамандар импорттық тауар­лардың ішінде шұ­жық өнімдерін таңдарда, күмән­мен қарау керек екенін айтады, себебі сиыр еті деп сатылған шұ­жық­тардың құрамы­нан сиыр емес, тауық еті табылған, кейбірі­нің құрамынан шошқа еті анық­талған. Санитарлық-эпиде­миоло­гиялық бақылау комите­тінің бас сарапшысы Дана Қасқа­таева: «Шете­лден жеткізілген өнім­дер, ЕАЭО елдеріне тиесілі, оның іш­інде Ресейден келген өнім­дердің құрамынан жаппай бактериялық ластану, ішек таяқ­шалары мен шошқа ДНҚ-лары анықталды. Қазір бұл тауарлар сатудан алын­ып тасталды, жойыл­ды», – деп есеп берді. Былтыр елге 40 мың тон­надан аса шұжық өнімдері импорт­талған, өнімнің бәріне зерттеу жүрмегенін ес­кер­сек, расы­­мен де, абайлағаны­мыз абзал. 

Тауық етінен қандай қауіп бар?

Кейінгі кезде Қытайдан кон­тра­бандалық жолмен жеткізілетін тауық еті көбейген. Көрші елде құс тұмауы таралып, Қазақстан бұл елден құс өнімдерін импорт­тауға 15 жылға тыйым салған еді. Соған қарамастан, алаяқ кәсіп­керлер түрлі айла-шарғыға барып, құжаттарға басқа тауар атын көр­сетіп, тауық етін заңсыз кіргізіп жатыр. Жақында шекарашы­лар­дың қырағылығының арқасында 42 тон­надан аса күмәнді ет кері қайтарылған. Өкінішке қарай, бұл – анықталған жалғыз жағдай. Қазір шекара арқылы күмәнді құс еті тоқтаусыз өтіп, ішкі нарыққа кеңі­нен тарап жатыр, ал оның көл­емін дәл анықтау мүмкін бол­май тұр. Елге былтыр 120 мың тон­надан аса тауық еті сырттан жет­кізілген. Бұл – нарыққа қа­жетті өнімнің шамамен 20 пайы­зы. Санитарлық-эпидемиология­лық бақылау комитеті былтыр құс өнімдерінің 1 197-сіне сынама жүр­гізіп, оның 80 пайызы таңба­лау бойынша сәйкес келмесе, қалғаны ылғалдың мөлшерден тыс болуы, физикалық-химия­лық, бактериологиялық талап­тар­ға сай болмаған. Азық-түлік ма­ман­дары тауық етінен төніп тұрған қауіп орасан дейді. Осы жағдайға байланысты нутрицолог мамандардан кеңес алған едік. 

– Құс тұмауы – ең алдымен, құстар арасында тарайтын вирус. Егер ет санитарлық талаптарға сай­ өңделіп, толық термиялық өңдеу­ден өтсе, қауіп айтарлықтай төм­ен­дейді, алайда мәселе заңсыз әке­лінген өнімде болып тұр. Мұн­дай ет ветеринарлық бақылаудан өтпеуі мүмкін, дұрыс сақталмауы ықти­мал, ет құрамында антибио­тик қалдықтары, бұдан өзге де зиян­ды қоспалар кездеседі. Дұрыс сақтал­маған тауық етінде саль­монелла секілді бактериялар кө­бей­іп, адам­ды улануға әкеп соқ­тыруы мүмкін. Негізгі қауіп – ви­рус­­тың өзі емес, бақылаусыз, сапасыз өнім. Дұрыс тамақтану маманы ретінде айта­рым: етті тексерілген, ресми сауда орын­дарынан алу керек және міндетті түрде толық пісіріп қолда­ну маң­ызды, – дейді өмір салтын өзгерту және тамақтану мәдениеті бо­йын­ша маман Аңсаған Алла­бергенқызы.

Қоғам арасында тауық етіне қа­тысты түрлі жалған ақпарат та басылмай тұр. Мысалы, кей ма­ман­дар тауықты тез өсіріп, молы­р­ақ өнім алу үшін гормондар қолданылады деседі. Ал мұндай гормондық дәрілер балалардың физиологиясына, ерте жетілуіне әсер етеді деген пікірлер бар. Біз бірінші санатты ересектер және балалар эндокринологы Гүлсана Тасмұрзақызынан мән-жайды сұрап білген едік. 

– «Тауықтағы гормондар бала­лардың ерте жетілуіне әкеледі» деген әңгімелер көп айтылады, бірақ бұл – миф. Иә, мал шаруа­шы­­лығында гормоналды препа­раттар қолданылады, бірақ олар қатаң ережелермен, белгілі мақ­сат­т­а (мысалы, сиырлардың кө­бею­ін реттеу немесе ауруларды емдеу үшін) пайдаланылады. Әр­бір препараттың ағзада қалай та­рай­тыны және қанша уақытта шығарылатыны нақты зерттелген. Сондықтан «енді сүт ішпейміз, сиыр етін жемейміз» деген үзілді-кесілді қорытынды шығару – қате, – дейді эндокринолог.

Оның пікірінше, әлемнің көп елін­де тауық өсіруде гормондар қолдануға тыйым сал­ынған. Әр тауыққа гормондық дәрілер егу – эко­номикалық тұр­ғы­дан да, тех­никалық жағынан да тиімсіз.

– Гормон егілген деп елестет­сек те, етті пісіргенде, гормондар ыдырап кетеді. Өсу гормоны – ақуыз, ол асқазанда бірден қоры­тылады, сондықтан ол жыныстық жетілуге әсер етпейді. Ет арқылы гормондар баланың жыныстық даму­ын бұза алмайды. Бұл – күр­де­лі биологиялық процесс, оны тағаммен «оңай іске қосу» мүмкін емес, – дейді Г.Тасмұрзақызы.

Сонымен қатар сүт өнім­дерінің 50 пайызға жуығы импорт­тық тауарлардың үлесіне тиесілі. Мамандардың ескертуінше, сүт өнімдеріне де сақтықпен қараған абзал. Былтыр қаптамасын жал­ған ақпаратпен толтыру, сары май мен маргаринге транс майлар қосу, пальма, өсімдік майларын қол­­дану сынды фактілер анық­тал­ған. Сонда азық-түлік өнім­дерін таңдарда, нені ескерген жөн?

– Өкінішке қарай, кейде шұ­жық құрамында сиыр емес, шо­ш­қа еті анықталатын жағдай­лар кез­деседі. Бұл – тұтынушыны ал­дау ғана емес, кей адамдар үшін діни және денсаулық тұрғысынан да маңызды мәселе. Әрдайым дү­кенге барғанда, өнім қаптамасын мұқият қарап, құрамын оқып, өндіру­ші туралы ақпаратты, жа­рам­дылық мерзімін тексеріп, қаптаманың бүтіндігіне мән бер­геніңіз абзал және тым арзан өнім­дерден сақ болыңыз. Егер өнім күмән тудырса, ең дұрыс шешім – сатып алмау, – дейді дұ­рыс тамақтану маманы Аңсаған Аллабергенқызы. 

Алаяқтар елімізде де табылады

Жуырда бірнеше шай өні­мі­нен қауіпті қоспалар та­былып, сатуға мүлдем тыйым сал­ын­ған еді. Оның ішінде «Апам­ның шайы», «Балқия Premium Gold», Sultan Suleyman, Aje onim, Al-Hayat gold, Al-Jannat Premium, Alfarah сынды шай өнімдерін атап айтуға болады. Қызығы, мұның бәрі – от­ан­дық өндірушілердің жауапсызды­ғынан туындаған жағ­дай, демек азық-түлік алаяқ­тығы өз елімізде де бар. Бұдан өзге та­ны­­мал өнімдердің фальсифи­каты анықта­лып жатқан жағдайлар да жетерлік. Мысалы, жуырда Шым­кент қала­сында Mac­Cof­fee сусы­нын заңсыз өнді­ретін цех анық­тал­ған еді. Ал­аяқ­­тар жал­ған ко­фе­ні антисанитар­лық жағ­дайда, еден үстінде дай­ын­дап кел­ген. Құрамындағы қоспа­­лар­дың да не екені белгісіз. 

– Кофе, шай немесе танымал бренд атын жамылып, жалған өнім­дер жасайтын алаяқтар көп. Мұн­дай фальсификат өнімдер санитар­лық талапқа сай өндіріл­меуі мүм­­кін, ал бұл денсаулыққа айтар­лықтай қауіп төндіреді. Жал­ған өнімдерден сақтану үшін азық-түлікті тек ресми дүкендер­ден алыңыз, белгісіз онлайн сату­шы­лардан сақ болыңыз, өнім сыртын­дағы штрих коды мен жазу­дың сапа­сына мән беріп, таны­мал бренд­тің бағасы шектен тыс арзан болса, күмәнмен қара­ғаныңыз жөн. Тамақ – жай ғана ас емес, біздің иммуните­тіміз, энергиямыз және ұзақ өмір сүруіміздің негізі. Сондықтан да сапаға әрдайым басымдық берген дұрыс, – дейді А.Аллабергенқызы.

Сарапшылар тауар нарығында жүйені ретке келтіріп, бірыңғай­лан­дыру қажетін айтады. Мәсе­лен, әлемнің көптеген елі азық-түлік бақылауын бір платформаға көшіріп, тауарды шикізат күйінен бастап, оны өңдеу, қаптау, сақтау, тасымалдау, дүкенге жеткізуге дейінгі әрбір кезеңді мұқият қада­ғалап, ұдайы тексеріп, бақылап отырады. Соның нәтижесінде тұ­тынушылар азық-түлікті еш күмәнсіз сатып алуға мүмкіндік бар. Сауда және интеграция министрлігі биылдан бастап Ұлт­тық тауарлар катологына(ҰТК) отандық және импорттық өнім­дердің бәрі енетінін хабарлаған. Қазір ҰТК жобасы пилоттық кез­еңнен өтіп жатыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкер­лерге Қазақстандағы барлық тауарды сату үшін ҰТК-нен NTIN кодын (тауардың цифрлық пас­портын) пайдалану міндет­теледі. Осылайша, жаһандық цифрлан­дыру талаптарына сай, тұтынушы­ға ашық, қауіпсіз және тиімді тауар нарығын құруға мүмкіндік тумақ. Ең бастысы, дұрыс тамақ­тануға әрбіріміз жауапкершілікпен қарау керек.

Айсұлу СЪЕЗХАН