Адамды еркінен тыс құлдыққа жегу, жезөкшелікке салу, «тірі тауар» ретінде және бөлек ағзасын сату ең дамыған елдердің өзінде әлі күнге дейін жойылмай келеді. Өкінішке қарай, Қазақстан да адамды мал құрлы көрмейтін тірі тауар дәлізіне айналып отыр. «Құл иеленушілерге» құқық қорғау органдары өкілдерінің өзі «крыша» болып жүр екен. Бұл – әлем назарындағы айғақ.
Көші-қонымызда кілтипан бар
Бүгінде заңсыз бизнес арқылы табыс табу жағынан адам саудасы қару-жарақ және есірткі сатудан кейінгі үшінші орында тұр. Оның өзі әлем бойынша шамамен 40 миллионнан астам адамды құрбан ететін трансұлттық қылмыстық ұйымдарды байытады екен. Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлейтін халықаралық FATF тобының мәліметінше, жыл сайын адам сатудан 150 миллиард доллар пайда түседі-міс. Ал бейресми дерекке сүйенсек, жылда 2,5 миллион адамның «тірі тауар» болатыны болжанған. БҰҰ мамандары жаһандық адам саудасы негізінен Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада және Шығыс Азияда өршіп тұрғанын анықтаған. Соның ішінде соңғы 10 жылда Қазақстанда 1,5 мың адам құлдыққа түскен десек, халықаралық Walk Free ұйымы қазір елімізде жалпы 75 мың адамның құлдық қамытын киіп жүргенін алға тартып отыр. «Адам саудасына қатысты заңсыз әрекеттердің бәрі ұйымдасқан қылмыстық топтарға барып тіреледі. Қылмыстық топтар адамдарды сексуалдық мақсатта немесе күштеп жұмысқа салу үшін пайдаланады. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметіне сүйенсек, заңсыз мигрант әкелу жүйесінде әлем бойынша 5-7 миллиард АҚШ доллары айналымда жүр», – дейді БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік үйлестірушісі Данилио Камписи. Сол себепті бұл халықаралық ұйым Орталық Азия елдеріне адам саудасы мен заңсыз миграциядан түсетін көлеңкедегі ақшаның жолын кесу бойынша көмек көрсетпек. Енді сол заңсыз миграция мәселесіне тоқталсақ, биыл Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия еліміздегі адам саудасы туралы арнайы баяндама жариялады. Ол құжатта елімізге былтыр кірген шетелдіктер туралы бірталай мәлімет атап көрсетілген. Мысалы, «Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесінің мәліметінше, 2020 жылғы 9 айда Қазақстанға 1 миллион 915 мың шетелдік келіпті. Оның 90 пайызы – ТМД елдерінің азаматтары. Сондай-ақ Түркиядан – 35 мың, Қытайдан – 11 мың, Үндістаннан – 7,1 мың және Германиядан 7,7 мың адам келген. Бір ескерерлігі, мұнда көші-қон заңнамасын бұзушылардың көбі – Өзбекстан азаматтары. Ал ТМД-дан тыс елдердің ішінде жиі заң бұзатын Қытайдың 268 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондықтан прокуратура органдары заңсыз көші-қон фактілерінің алдын алуды осы салаға жауапты мемлекеттік органдардағы заңсыздықтарды әшкерелеуден бастауға көшті. Мысалы, Бас прокуратура Жамбыл облысы Полиция департаментінің 2013-2018 жылдардағы азаматтық және көші-қон туралы заңнаманы қолдану мәніне тексеру жүргізіп, көші-қон заңнамасын бұзудың көптеген фактісін анықтаған. Нәтижесінде, Жамбыл өңірімен шектесіп жатқан елдердің азаматтарын Қазақстанға кіргізу ісінде делдалдық жасаған департаменттің бір бөлім бастығы Қылмыстық кодекстің 394-бабы 2-бөлігі бойынша 7 жылға, тағы 2 қызметкері 3 жылға сотталып кетті. Алайда қазір адам саудасымен күреске байланысты халықаралық шарттар біріккен күрес үрдістері болғанымен, бұл мәселе әлі күнге дейін нақты шешімін таппай келеді. Мысалы, әлемдегі адам саудасы құрбанының 70 пайыздан астамы әйелдер мен қыздар десек, жалпы құрбандардың үштен бірін балалар құрайды екен. Қалған пайыз тегін жұмыс істету және локальді соғыстар кезінде мәжбүрлі түрде ұрыс алаңында қызмет еткізу үшін құлдыққа ұшырайтын ер-азаматтарға тиесілі. Бұл ретте Қазақстанда адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік болып тұр. Тән саудасына түскен әйелдер көбіне Ресей, Түркия және Сауд Арабиясына жөнелтіледі. Сондай-ақ бізге көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз елінен құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласында жұмыс істеуге келіп, құлдыққа түсіп қалып жатқан ер-азаматтар баршылық. Демек, адам саудасы фактілерінің осылайша көші-қон үдерістерімен бірге дамитынын мониторинг жұмысы дәлелдеп отыр.Біздегі көзжұмбайлық АҚШ-қа жақпады
Елімізде адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік 2006 жылы іске қосылса, 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойдық та, талап кішкене қатаңдай түсті. Дегенмен АҚШ Мемлекеттік департаменті 2019 жылғы есебінде Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, біздің заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Сондай-ақ елімізде бұл бағыттағы қылмыс санының азаймай отырғанын «бетімізге басты». Бұлай істейтін жөні де бар. Себебі биыл Қазақстанда адам саудасына байланысты қылмыс былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп тіркелген. Бұл туралы таяуда Бас прокуратура қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл қаңтар-мамыр айында адам саудасына байланысты 63 құқықбұзушылыққа жол беріп қойыппыз. Соңғы 5 айда кәмелетке толмағандарды сатқаны үшін 25 адам, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғаны немесе ұстағаны және жеңгетайлық үшін 6 адам, адам саудасы үшін 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев былтыр 1 200 адамның із-түзсіз жоғалып кеткенін жария етті. Оның 22-сі – бала, көбі – қызметтік іссапарға шыққан, өзге өңірлерге маусымдық жұмыс іздеп кеткен, автокөлік, жүк тасымалдауға аттанған ер адамдар. Осы орайда ІІМ өкілі әлемге адам саудасы өршіген ел ретінде атымыз шыққанын жасырмады. «Адам саудасы бойынша Қазақстан әлем бойынша екінші рейтингте тұр. Кейінгі жылдары біздің азаматтарды Бахрейнге, Түркияға, Оңтүстік Кореяға құлдыққа шығару каналдарының жолы кесілді. Адам саудасының ішкі трафигімен де, сыртқы трафигімен де бетпе-бет келіп отырмыз», – деді Думан Таев. Еске сала кетсек, әлемде адам саудасын бағалаудың 3 санаты бар. Мына ІІМ өкілі айтқан екінші санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату, тағы басқа) қойылып немесе АҚШ бастаған кей елдердің санкциясы салынуы мүмкін. Сондықтан әзірге қалыптасқан жағдайды түзету және адам саудасының алдын алу мақсатында Қазақстанға 11 ұсыныс жолданды. Сол үшін жанталасып, адам саудасына қатысты жауапкершілікті күшейте бастадық. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі Қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер заңды күшіне енді. Атап айтқанда, 2014 жылғы 3 шiлдедегі ҚК-нің 128-бабы 1-тармағында «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, 4 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған. Бұрын жаза 3 жыл болатын. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қылмыс болған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырады. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Дегенмен АҚШ Мемлекеттік департаментінің баяндамасында Қазақстанда жезөкшелік пен әйел саудасы өзекті мәселе екені және бұл іске жергілікті құқық қорғау органдары өкілдерінің «қамқорлық» көрсететіні нақтыланған. Өзіміздің үкіметтік емес ұйымдар да адам саудагерлері жауапкершіліктен жалтару үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пара беретінін, тіпті кей полиция қызметкері мәжбүрлі еңбек пен жыныстық қанаушылық қылмыстарына «қамқор» болатынын айтып, дабыл қағуда. Сондай-ақ адам саудасы құрбандарының айғақтарына қарамастан, кейбір қылмыстық істер «дәлелсіз» деп жабылып қалатын көрінеді. «Пара» демекші, 2017-2018 жылдары ішкі істер органдары мигранттардың 26 мыңнан астам жалған медициналық анықтама ұсынғанын әшкерелеген. «Мұндай жағдайға ішкі істер органдары мен денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің қатарындағы сыбайлас жемқорлық ықпал етуі мүмкін» делінген сондағы хабарламада. Сөйтіп жүріп Қазақстан екінші жыл қатарынан адам саудасымен күресте екінші деңгейдегі тізімде қалды.Құлдық қамытын жұмыссыздар киеді
Жоғарыдағы мысалдың бәрі қазақстандық құзырлы органдар бұл мәселеде қол қусырып қарап отыр дегенді білдірмейді, әрине. Айталық, 2019 жылы елімізде адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалса, оның 59-ы адам ағзасын сатуға қатысты болған. Бұл ретте ІІМ 2017 жылдан бері адам ағзасының заңсыз саудасы және трансплантациясымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. Олар 2 жылда Украина, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мемлекеттерінен донор тауып, олардың бүйрегін израильдік репициенттерге өткізіп отырған. Қылмыстық топ 57 заңсыз трансплантациялық ота жасап, шамамен 10 миллион доллар табыс тауыпты. Олардың бірі Словенияда қолға түсті. ІІМ Тергеу департаменті сол трансұлттық топтың үстінен қозғалған тергеуді былтыр аяқтады. Ведомство мәтіметінше, аталған құқықбұзушылық бойынша 133 іс тергеліп, 48 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бұл жағдайда мемлекеттің үнсіз қалмауы керегін ескертті. «Ашықтық пен жариялылық заңсыз скальпельге қарсы қаруға айналуы тиіс. Меніңше, ол туралы деректі немесе көркем фильм түсіру керек. Бұл құқық қорғау органдарының адам ағзасының трансплантациясы және саудасымен айналысатын халықаралық топтарға қарсы әрекетін көрсету үшін қажет. Қылмыскерлерді әшкерелеп, жазаға тартып, трансплантологияның заңды жұмыс істеуіне жол ашуымыз керек. Бұлай болмаған жағдайда, бұл іс адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін заңсыз бизнеске айналып кетеді», – дейді ол. Қазір коронавирус індеті әлемдік экономиканы едәуір құлдыратып, тек Қазақстанда емес, әлемдік деңгейде жұмыссыздар санын арттырып отыр. Ал олардың саны ұлғайса, ақша үшін тәнін, ағзасын саудалайтын, төмен шарттармен жұмыс іздеп, құлдыққа ұшырайтындар көбейеді. Сондықтан адам саудасының алдын алу аталған қылмыстың орын алуын жеңілдететін себептермен күрестен басталуы тиіс. Мысалы, Internet World Stats ұйымының мәліметінше, Қазақстан интернет арқылы арбауға ыңғайлы елдердің қатарына жатады. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздік саласындағы шектеу және ағарту жұмыстарын күшейткен жөн. Әйтпесе, ІІМ өкілдері жыл сайын елімізде және шетелде адам саудасының құрбаны болған 80-ге жуық отандасымыз анықталып, шамамен 180 қылмыстық іс қозғалатынын айтып отыр. «Адам саудасына байланысты қылмыстар карантин уақытында да байқалды. Еліміздегі адам саудасының құрбандарына айналғандардың ішінде өз азаматтарымыз да, шетелдіктер де бар. Практика көрсетіп отырғандай, оның көбі Орталық Азия елдерінің азаматтары. Пайызға шақсақ, құлдыққа тартылғандардың 90 пайызы – Қазақстан азаматтары» делінген ведомство мәліметінде.Еркеғали БЕЙСЕН