Бөлшек сауда нарығындағы ет қымбаттайды деген болжам оның бағасының өсуіне алып келеді. Ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, алыпсатарлар қауесетті пайдаланып, ет құнын қымбаттатып жатыр.
Бұл туралы LS жазды.
Мақсұт Бақтыбаев еттің көтерме бағасы өзгермегенін және оның бір келісі 1,6-1,9 мың теңге деңгейінде екенін айтты.
"Бағаны төмендету үшін әкімдіктер жергілікті өндірушілермен өнімді тікелей жеткізу бойынша жұмыс істей бастауы қажет. Егер қаланың бір бөлігінде ет өнімдерінің бағасы төмен болса, келесі бөлігінде бұл өнім түрінің құны айтарлықтай көтерілмейді", – деп түсіндірді одақ басшысы.
Сарапшының айтуынша, егер үкімет пен әкімдіктер дұрыс әрекет ететін болса, онда еттің көтерме бағасы 15%-дан аспайды.
Сонымен қатар, Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша 2021 жылғы 13 шілдедегі жағдай бойынша сиыр еті бір апта ішінде 1%-ға, ал жыл басынан бері 4,5%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері бағаның ең жоғары өсуі Түркістанда – 6,5%-ға және Қызылордада – 6,1%-ға байқалды. Статистика бойынша еттің келісі 1,8 мың теңгеден (Петропавл) 2,2 мың теңгеге дейін (Нұр-Сұлтан) өзгерген.
Маусымнан бастап ет бағасы былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,2%-ға дейін қымбаттады. Егер жарты жылдықты салыстырсақ, баға 7,6%-ға өскен.
Оның ішінде құс еті (маусым айынан бастап – 3,6%, ал I жарты жылдықта – 1,2%-ға дейін қымбаттады). Сиыр еті тиісінше 5,6%-дан және 7,9%-дан, жылқы еті – 7,2%-ға және 9,1%-ға, шошқа еті – 5,9%-ға және 7,2%-ға, қой еті – 14,4%-ға және 14,4%-ға өсті.