Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Айта кетерлігі, ол – Қазақстандағы бірінші әрі ірі ядролық полигон. Сондықтан қазақ даласының табиғаты мен жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зардабы зор болды. Сөйте тұра, қазір ғалымдар сол радиациямен әбден уланған жердің 80 пайызын ауыл шаруашылығы үшін пайдалануға болады деуден танбай отыр. Бірақ белгілі мамандар тарапынан оған қарсы уәж де айтылып жатыр.
1,2 миллион адам азап шеккен
Бұл полигон – КСРО Қорғаныс министрлігі мен Атом өнеркәсібі министрлігінің бұйрығымен құрылған, 1965 жылдан 1988 жылға дейін 18 мың шаршы шақырымдық жеріне ядролық жарылыстар жүргізілген сынақ аймағы. Ол кеңістікке Израиль, Бельгия, Словения сияқты мемлекеттер еркін сыйып кетеді екен. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметінің 70 пайыз ядролық сынағы Қазақстанда жасалып, жерімізге шамамен 600 миллион тоннадай улы қалдықтар көмілген. Соның ішінде бір ғана Семей өңіріне 40 жылдан астам уақытта 470 ядролық және термоядролық алапат жарылыс жасалған. Жіктеп айтқанда, әуеде – 90, жер бетінде – 26, жер астында 354 жарылыс жүргізіліпті. Ал олардың жинақталған тротилдiк баламасы 17,7 мегатонна болған. Ең сорақысы, әуе мен жер бетінде жүргізілген 55 жарылыстың радиоактивті бұлттары мен жерасты жарылыстарының 69 газ фракциясы полигон шегінен тыс жерлерге де тарап, Қазақстанның шығысын түгелдей ластаған. Сонда Семей полигонының төңірегіндегі экологиялық апатқа ұшыраған аймақтың өзі 300 мыңнан астам шаршы шақырымға жеткен көрінеді. Демек, қазақ жерінің оннан бірі, яғни Германия аумағына пара-пар бөлігі уланған. 1992 жылғы деректе атом бомбалары жарылыстарының радиациялық әсер аймағында тұратын 1,2 миллион адамның азап шеккені атап көрсетілген. Олардың көбі қатерлі ісікке, жүйке ауруларына, тағы басқа да түрлі дертке шалдығып, сәбилердің біразы мүгедек болып туған. Міне, сондай сорақылықтар ескеріліп, 1991 жылдың 29 тамызында билік пен қоғам қайраткерлерінің орасан күш-жігерінің арқасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Енді биылғы тамызда оның жабылғанына 30 жыл толуына орай «Тәжірибе алаңы» ескерткіш тақтасы ашылып, БҰҰ стипендиаттар сапары мен БАҚ баспасөз-турын өткізу жоспарланып отыр. Ал қыркүйекте «Семей сынақ полигоны: ғылыми-техникалық әлеует мұрасы және даму келешегі» атты IX халықаралық конференциясы өткізілмек.Аққу ұшып, қаз қонбайтын «Атом көлі»
Еске сала кетсек, ядролық жарылыс энергиясын халық шаруашылығы мақсатына пайдалану идеясын ғалым Игорь Курчатов 1951 жылы ұсынған болатын. Содан кейін 1965 жылдың қысында Семейден жүз шақырым жердегі полигонның негізгі су көзі – Шаған және Ащысу өзендерінің құйылысы орнында ядролық жарылыс жүргізілді. Диаметрі 500, тереңдігі 100 метр қазаншұңқыр пайда болған сол жойқын жарылыс Жапонияның Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 9 есе қуатты болған деседі ғалымдар.Ал оның алдында жергілікті бұқараны ядролық жарылыс шаруашылық мақсатта жүргізіліп жатыр дегенге сендіріп қойған. Осылайша, ғалымдар Қазақстан жерінде сол сияқты 40-қа жуық көл жасауды көздепті. «Азияның қуаңшылық аймағында осындай су резервуарларын көптеп салып, қар суын жинақтаймыз. Шұңқыр түбіндегі еріген тастар жиналған судың сіңіп кетуіне жол бермейді. Сөйтіп, оған мал суаруға болады», – деген екен. Өйткені жоғары температураның әсерінен шұңқырдың түбіндегі гранит тастар еріп, шыныдай жылтырап жатқан болатын. Осы бір «Атом көлі» аталып кеткен су қоймасының арнасын құру бойынша жүргізілген құрылыс жұмыстары барысында радиациядан 300 құрылысшының 30 шақтысы ғана тірі қалған көрінеді. Ол туралы сол жігіттердің бірі журналистерге берген сұхбатында айтқан. Шынында да «бейбіт ядролық жарылыс» деген желеумен пайда болған ол қазаншұңқырдың кесірінен бір емес, 11 елді мекеннің аумағы радиоактивті ластануға ұшыраған болатын. Жоба сәтсіз болса да, Кеңес ғалымдары оған жылдар бойы алып бөрібалық пен тұқы бастаған әртүрлі балықтар мен жәндіктер жіберіп әлектенді. Алайда олардың 90 пайызы бірден қырылып қалған. Тірі қалғандары мутацияға ұшырап, ұзындығы 2 метрден асқан сазандар жыртқыш балыққа айналып кетіпті. Қазір біздің ғалымдар көлде әлі де тірі организмдер тіршілік ететінін мәлімдеп отыр. Бірақ әзір ондағы балықтар мен құстардың ағзасы зерттелмеген. Тек Ұлттық ядролық орталығы тарапынан «Атом көлінің» суын ішу және онда шомылу адамға радиациялық қауіп төндіретіні ғана айтылады. Қазір көл жағасында орналасқан елді мекендер жоқ. Айдынынан аққу ұшып, қаз қонбайды. Тек өтіп бара жатқан туристер ғана тоқтап, қызық үшін мутант балықтарды аулап көруге тырысады екен.Сұмдық! Оның шындыққа жанасатыны, сынақ полигонының «Балапан» алаңындағы 200 метр тереңдікке салынған жарылғыш зат тонна-тонна тастарды 8 шақырымға дейін ұшырыпты. Осылайша, кеңестік шенеуніктер №7 «Халық шаруашылығы үшін ядролық жарылыстар» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстанның шөлейт даласында жасанды көл жасадық» деп жаһанға жар салған еді. Тіпті, 1966 жылы «Известия» газетінде «жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қолдан жасалған көлде шомылып жатыр» сарындағы жалған ақпарат жарияланған.
Шаруалар 100 мың гектар жер сұраған
Белгілі ядрофизик Жанболат Ғылмановтың айтуынша, «Семей полигоны – адамдар тұратын әлемдегі жалғыз сынақ алаңы және онда тек қазақтар мекен етеді. Бейбіт халықтың сынақ аймағында жылдар бойы тұрып жатуы – үлкен проблема». Ал Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың мамандары жыл сайын бір жаңалық ашып, полигон аймағының пайдалы екенін дәлелдеуге тырысып бағуда. Еске сала кетсек, орталық ғалымдарының сол жерге көкөніс өсіріп, оның ағзаға зиянсыз екенін мәлімдегені бар. Енді полигон аумағына туристерді тартып, тіпті 80 пайыз жерін шаруаларға пайдалануға беріп, кіріс көзі ету керегін ескертіп отыр. Өйткені олар шетелдік әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, радионуклидтермен ластану деңгейі республикада белгіленген нормадан аспайтын жерлерді анықтапты. Ол үшін полигон аумағына радиоактивті қалдықтарды сақтайтын үлкен кешен салу жоспарланған. Осылайша, полигон жерінің бір бөлігін жарамды жағдайға келтіру үшін шамамен 9 миллиард теңгедей қаражат керек екен. Ғалымдардың айтуынша, Абай ауданының Саржал ауылы төтенше радиациялық аймаққа жатады. Бірақ ол ауылдың шаруа қожалықтары бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағына жылқыларын жайып жүр. Сондықтан олар Үкіметтен полигон жеріне шаруашылық мақсатқа пайдалану үшін 100 мың гектар жер бөліп беруді сұрап отырған көрінеді. Инвестиция тарту жайы да содан кейін сөз бола бастаған. Бірақ қазір ғалымдардың пікірі екіге жарылып тұр. Мысалы, сол Ұлттық ядролық орталығына қарасты Радиациялық қауіпсіздік институтының бұрынғы директоры, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиациялық қауіпсіздік пен метеорология саласындағы білікті маман Лариса Птицкаяның айтуынша, полигон аумағындағы жерді қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Оны ойдағыдай жүргізу үшін бір мезгілде 2 миллион гектар жердің үстіңгі қабатының шамамен 25 сантиметрін сыпырып, жерге көміп тастау керек. Сондай-ақ химия ғылымдарының докторы Қорлан Әбсалықова: «Егер плутонийдің бір бөлігі адам ағзасына түссе, сүйек тінінде 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаны өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеліп соғады. Ал осындай деректерге анық қол жеткізе отырып, сол аймақтарды қалайша халықтың қолданысына береміз?! Семей халқы оның зардабын әлі тартып отыр. Сондықтан ол елдегі полигон аймақтарына инвестиция салуға мүлде қарсымын», – дейді. Кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған ғалым Ақылбек Күрішбаев та: «Бұл табиғатқа келтірілген залалдың зардаптарын бізден кейін болашақ ұрпақ та жүздеген ғасыр бойы тартуы мүмкін. Әзірге бұл жерлер ешқандай ауыл шаруашылығына жарамайды», – деп отыр. Мамандар пікірі ескеріліп, енді Семей полигоны туралы арнайы заң қабылданатын болды. Құжат қазір Мәжіліс қарауында жатыр. Ол қабылданса, полигон аумақтарын қоршау, күзету, бейбіт мақсатта пайдалану сияқты кешенді жоспарлар жүзеге асырылмақ. Ал Ұлттық ядролық орталық мамандары 13 жылдан бері жүргізіп келе жатқан зерттеу жұмыстарын аяқтауға жақын. Зерттеуде жалпы ауданы 18 311 шаршы шақырым, яғни аумақтың 100 пайызы болатын жер қамтылған. Бұл олардың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына жасаған тартуы болмақ. Негізінде «Бұрынғы Семей сынақ полигонының ластанған жерлерін оңалту» бағдарламасының іс-шаралары полигон жерін толығымен ауыл шаруашылығы айналымына қайтаруды қарастырмайды. Ол тек ядролық сынақтардың әсеріне ұшыраған аумақтардағы қоршаған ортаны сауықтыруға бағытталған. Бұл ретте тазартылған бірқатар жерлерді тек өнеркәсіп, көлік, байланыс және космонавтика қажеттіліктері үшін ғана пайдалануға рұқсат етілмек. Мысалы, қазір жер астында ядролық жарылыстар жүргізілген «Балапан» алаңында Қаражыра көмір кен орны игеріліп жатыр. Ол отынды ШҚО-дағы жылу-электр орталықтарының басым көпшілігі тұтынады.