Павлодарда 200-ден астам жалған екпе паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды
Павлодарда 200-ден астам жалған екпе паспортын сатқан дәрігерлер ұсталды
Сурет: inform.kz
260
оқылды

Павлодарда жалған вакцина паспортын 5 мың теңгеден сатқан дәрігерлер ұсталды. Қаладағы мемлекеттік емханалардың бірінде жұмыс істейтін қызметкерлер 200-ден астам адамға жалған құжат берген, — деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бастапқыда өңірдің денсаулық сақтау басқармасының мамандары тек бір ғана дерек анықталды деп хабарлаған болатын. Кейін полицейлер дәрігерлердің 200-ден астам жалған екпе паспортын сатқанын анықтады. Қазір күдікке ілінген 4 медицина қызметкері тергеліп жатыр. Олардың кінәсі дәлелденсе, 6 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуі немесе 600 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін.
"Өкінішке қарай, біздің өңірде осындай дерек тіркелді. Сот оларға қатысты қандай шешім шығарары әзірге белгісіз. Дегенмен, бұл қызметкерлер кемінде жұмыстан босатылады. Сондай-ақ, оларға медицина саласында қызмет етуге тыйым салынады", — деді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Ерғалы Асылбек.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, республика бойынша жалған вакцина куәлігін жасауға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалған. Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: