Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерді вакциналау туралы айтты.
"12 жастан бастап Pfizer вакцинасын қолдану ұсынылды. Біз 12 жастан асқан жасөспірімдерді назарға алып отырмыз. Балалар жасына назар аудара отырып, олар вакцина салдыруға мүмкіндік алады. Тиісінше, азаматтар балаларын вакциналау керек пе, жоқ па, оны өздері шешеді, бірақ біз вакцина алуға шақырамыз, өйткені вакцина көмектеседі. Өкінішке қарай, жаңа штамдар балаларға әсер етеді", – деді министр "Хабар 24" телеарнасындағы тікелей эфирде.
Министрдің айтуынша, QazVac бойынша Қазақстан заңнамасында балаларға клиникалық зерттеулер жасауға тыйым салынған. Бұған дейін Қазақстанда балаларды Pfizer препаратымен вакцинациялау мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған болатын. Шетелде Pfizer және BioNTech вакциналарын балаларға салу басталды. Канада әлемде бірінші болып 12 жастағы және одан асқан балаларға вакцина салдыруға рұқсат берді.
Pfizer вакцинасы Қазақстанға жыл соңына таман келуі мүмкін.