Саябақтағы қоғамдық кеңес отырысы
Саябақтағы қоғамдық кеңес отырысы
259
оқылды

Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес отырысы өтті.

Еркін форматтағы кеңес оты­рысына жас депутаттар, қоғам белсенділері, еріктілер ұйымы­ның жетекшілері және жастар қоғамдық бірлестіктерінің төра­ғалары қатысты. Күн тәртібінде жастар сая­саты саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, тұрғын үйді жеңілдікпен несиеге алу бойынша жастардың үлесін арттыру және студенттік жатақ­хана салу мәселелері көтерілді. Жиында алдымен облыстық Жастар саясаты мәселелері бас­қар­масының басшысы С.Берік­қожаның баяндамасы тыңдалды. Ол бүгінде «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасы әзір­леніп жатқанын айтты. Бағдар­лама арқылы өңір жастары бас­пананы жеңілдетілген несиемен ала алады. Аталған жоба аймақ жастарын тұрғын үймен қамтуға септігін тигізбек. Бұдан кейін М.Дулати атын­дағы Тараз өңірлік универси­тетінің әкімшілік-шаруашылық мәселелері жөніндегі проректор С.Мұсаев жатақхана мәселесі туралы айтып өтті. Қазір Таразда 516 орындық жатақхананың құ­ры­лысы жүргізіліп жатыр. Құры­лыс жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Аталған мәселе бойынша облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Жамалов та баяндама жасады. Қазір облыстағы 3 колледжге 750 орын жатақхана қажет. Мәселені шешу үшін Тараз қала­сындағы ескі ғимарат қайта жөн­деуден өткі­зі­ліп, жатақхана ретінде пайда­ла­нуға берілетін болады. Кеңес оты­рысы соңында ұсынымдар қабылданып, күн тәртібіндегі мәселелер бақылауға алынды.

Әбілмансұр ЖАСАН