Исі мұсылман халқы үшін қасиетті саналған Құрбан айт та келіп жетті. Әлемдік пандемия жағдайында қызыл аймақтағы өңірлер құрбандықты онлайн шалып жатса, Жамбыл облысында құрбандықты үйде немесе мешітте шалуға мүмкіндік берілді. Алайда құрбандық малының құны қанша? Баға әккі әдетіне салып, бұлқынып кеткен жоқ па?
Негізі, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының басшысы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жолдаған болатын.«Ұлық күнде исі мұсылман баласы шынайы ниетпен құрбан шалып, құрбандық етін мүгедектер мен жетімдерге, көпбалалы отбасылар мен қарттарға таратып, алғысын алуға тырысады. Адамның алғысын алып, батасына бөлену – сауапты істің бірі. Халқымыз «Алғыс алған арымас. Бота алғанша бата ал» дейді емес пе? Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» дейді.Демек, Құрбан айт күні Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу. Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін», – деген еді бас мүфти. Осыған орай өткен жексенбіде мал базарына барып, төрт түліктің құнын көзбен көріп қайттық. Шындығы керек, биыл өңірлерді қуаңшылық жайлағандықтан «мал бағасы арзандайды» деп көпшілік болжаған. Сондай-ақ байланған семіз малды табу қиынның-қиыны екені де айтылған. Алайда Жамбыл облысында жайылым жақсы болғандықтан ба әлде Құрбан айтқа қожалықтар ертеден қамданғандықтан ба, жексенбілік мал базарында сатушылардың да, сатып алушылардың да қарасы қалың болды. Құрбандыққа негізі ірі қара мен ұсақ мал шалынатындықтан сауданың көркі осы маңда қызды. Сиыр бағасы жасына қарай 150-250 мың теңге аралығында саудаланып тұрса, тоқтыны 35, саулықты 60 мың теңгеге алуға болады. Құрбандыққа 1 жастан асқан қойларды шалу парыз етілгендіктен саулықтар тез өтіп кетіп жатты. Білетіндер малдың семіздігіне ғана емес, дене жарақатының жоғына, ауру-сырқаудан амандығына мән беріп алып жатты.
– Базар болғаннан кейін саудаласу болады. 60 мың теңге деп жатқан қойлар түске қарай 50 мың теңгеден беріліп жатыр. Денесі ірі 6 айлық тоқтыларды да құрбандыққа шалуға болатындықтан мұнда да сауда жақсы жүріп жатыр. Негізі, малдың денін алыпсатарлар алып, кейіннен үстіне 5-10 мың теңге қосып саудалап жатыр. Кешке дейін әлі көп адам келетініне сенімдіміз. Өйткені таңертеңнен базарға ағылып жатқан халық көп.Әрине, мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айтта бағаны барынша қымбаттатпауға тырысып жатырмыз. Алайда әркімнің күнкөрісі болғандықтан пайда таппай тағы болмайды, – дейді Арман есімді саудагер.
Qurban2021.kz сайтына кіресіз де қалаған малға бағасына қарай тапсырыс бересіз, төлем Kaspi.kz бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Тапсырыс берерде «Құрбандық есебі қажет пе?» деген бағанда «иә» деген батырманы бассаңыз, малдың сойылғаны және мұқтаж жандарға таратылғаны туралы WhatsApp-ыңызға видеоесеп келеді.
Шаруалармен тілдескенімізде базарға ұсақ мал әкелгендерін айтты. Себебі ірі қараны халықтың дені ала бермейді. Екі-үш адам бірігіп алмаса 250 мың теңгені әркімнің қалтасы көтере бермейді. Десе де, қасиетті айда сауап жинауға ниеттілер саудаласып, сиыр мен денесі ірі таналарды да сатып алып жатыр.– Таңертеңнен бері 5 саулық, 2 сиыр саттым. Базарға бас-аяғы 10 қой, 4 ірі қара әкеліп едім. Соның жартысы жылдам өтіп кетті. Енді біраз тұрғаннан кейін сауда болмаса, арзандау бағамен болса да алыпсатарларға беріп кетемін. Себебі бүгінгі базарға осы малдарды сатуға ниет етіп шықтым. Барлығы семіз. Құрбан айтқа орай бір айдан аса уақыт байладым. Алған адам өкінбейді. Оған қоса ауру-сырқауының болмауын да тексертіп, мал дәрігерінен анықтама қағазын алдым. Ең бастысы алдымдағы төрт түлігім тұрғындарға адалынан барсын деймін, – дейді Жамбыл ауданынан келген Жандос есімді шаруа.Айт күндері мал базары жұмыс істемейтіндіктен жексенбіде жұрттың құрбандыққа төрт түлік іздегені түсінікті. Алайда құрбандық малын интернеттен де табуға болады. «Құрбандық малын сатып алу» немесе «мал сатып алу» деп Google-ге жазсаңыз мал сататындардың тізімінен көз сүрінеді. «Құрбандық малы! Семіз!» деген жарнама бойынша хабарласқанымызда Әлішер есімді жігіт телефон тұтқасын көтеріп, тек ұсақ мал сатып жатқанын айтты. Бағысы 45-70 мың аралығында. Байқап тұрсаңыз, базардағы бағадан 5-10 теңгеге қымбат. Бірақ мұндағылар мал соя алмайтын немесе құрбандық шалатын жеріңіз болмаса, өздері 1 500 теңгеге сойып, үйітіп беретінін айтты. Тағы 1 000 теңге қоссаңыз, ішек-қарынды да тазалап береді. Бір сөзбен айтқанда, ниет пен сауап сіздікі, ал қан шығарып, сойып беретін олар. Бұған үрке қарауға болмайды. Себебі қызыл аймақта тұрған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында осы жүйе қолданылып жатыр. Qurban2021.kz сайтына кіресіз де қалаған малға бағасына қарай тапсырыс бересіз, төлем Kaspi.kz бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Тапсырыс берерде «Құрбандық есебі қажет пе?» деген бағанда «иә» деген батырманы бассаңыз, малдың сойылғаны және мұқтаж жандарға таратылғаны туралы WhatsApp-ыңызға видеоесеп келеді. Ал ең маңыздысы – қасапшы ПТР-тест тапсырғаны туралы анықтама ала аласыз. Нұр-Сұлтан қаласында қой 70 мың теңге болса, ірі қара – 420 мың теңге. Алматыда да қой 70 мың теңгеден саудаланса, сиыр құны 371 мың теңге болып бекітілген. Бұл жүйе Жамбыл облысында да қолданылып жатыр. Qurban2021.kz сайтына кірсеңіз «Онлайн құрбан шалу: Өңірлерде мал бағасы қанша?» деген хабарландыруда Жамбыл облысында қой – 60 мың, ешкі – 40 мың, ірі қара – 350 мың, түйе 700 мың теңге деп көрсетіліп тұр. Онлайн шалынған құрбандық малының етін өзіңіз ала алмайсыз. Ол бекітілген тізім бойынша мұқтаж жандарға таратылады.
– Құрбан араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, жасаған сауап арқылы жүректі тазартып, Жаратқанға жақындай түсу. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Шалынатын құрбандық малының бағасы да тапсырыс берушіге тиімді. Биыл ірі қара – 350 мың, қой – 60 мың, ешкі 40 мың теңге болып бекітілген.Құрбан айт намазы биыл мешіттерде оқылмайды. Ал мал союға арнайы орындар әзірленген. Сойылған мал еті онлайн жасалған тізім бойынша көпбалалы отбасылар мен жетім-жесірлерге таратылады, – дейді облыстық «һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев. Иә, қасиетті айда Құрбан шалып, сауап жинауды бұйыртсын! Төрт түлікті үйде сойып ниет етсеңіз де, онлайн тапсырыс берсеңіз де, ең бастысы Аллам қабыл етсін деп тілейміз!
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы