Теріскей аймақта күрежолдың бойымен келе жатқанда Николаевка, Петровка, Астраханка, Тамановский, Бугровое, Андреевка, Дмитриевка, Ленинский, Комсомольский, Интернациональный, Кривощеково, Сухорабовка, Краснознаменка, Боголюбово, Благовещенка, Пролетарка деп жалғасып кете беретін атауларды оқығанда азаттық алғаннан бергі 30 жылда әлі де түйіні шешілмеген мәселе көп екеніне көз жетеді. Солтүстік Қазақстандағы жер-су мен елді мекендердің тарихи атауларының қайтарылмауына кім кінәлі? Топонимдерге келгенде неге салғырттық таныттық?
-ОВКАЛАРДАН КӨЗ СҮРІНЕДІ
Көңілге қаяу түсіретіні сол кеңес заманы кезінде қолдан жасалған қитұрқы саясаттың салдарынан қаншама елді мекендер ұлттық реңкі бар атаулардан көз жазып қалды. Көптеген атаулар орынсыз бұрмаланып, тарихи-мәдени мәнінен жұрдай болды. Пулеметовка, Конюхово, Дашка-Николаевка, Ильичевка, Комсомолец, Коммунизм, Октябрь, Тахтоброд сияқты бей-берекет атаулар қазақтың болмысы мен табиғатына үйлеседі деп айта аламыз ба?Солтүстік Қазақстан облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтановтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 13 ауылдық округтің, 33 ауылдың және 200 көшенің атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген. Бірақ оларды ұлттық сана-сезімге сәйкестендіріп жаңғырту үшін жергілікті жерлерде аудан басшылары халық арасында үгіт-насихат, түсіндіру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізуі тиіс. Өкінішке қарай, әзірге олай болмай отыр. Тіпті, облыстық мәслихат шешімімен биыл ақпан айында өзгертілген атауларды да бұрынғысынша жазып жүрген басшысымақтарға не дерсіз?! Мәселен, жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясының шешімімен биыл Ақжар ауданындағы екі ауылдың, Мамлют ауданындағы бір ауылдың атауы қазақшаланды: Киевское – Кіші Қараой, Коммунизм – Баймырза, Ленин ауылы Бике деп қайта аталды. Сонымен қатар Ақжар ауданына қарасты Новосел ауылдық округі Үлкен Қараой аталатын болды. Сондай-ақ Ернияз Сұлтановтың айтуынша, биыл облыс аудандарында 200-ден астам көше қайта аталды. Дейтұрғанмен шын мәнісінде ескі атаулар өзгертілді деп айта алмаймыз. Мәселен, Мамлют ауданындағы Ленин ауылы қағаз жүзінде әлі солай аталып жүр. 25 шілдеде өтетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауына арналған құжаттардың барлығында Ленинский ауылдық округі деп жазылған. Мұның себебін сұрағанымызда, Ернияз Сұлтанов ауданның кемшілігі деп түсіндірді. Ал аудандағылар әлі қағаз жүзінде құжаттардың дайын емесін алға тартты.Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында да атауы өзгертілген елді мекендер мен көшелердің құжаттары жылдам әзірленуші еді. Қазіргідей азаттығымыз нығайған тұста бұл жұмысты жүргізуге не кедергі?
ҰЛТТЫҚ ЗЕРДЕГЕ ЖАСАЛҒАН ҚИЯНАТ
Жалпы, егемендікке ие болғалы Солтүстік Қазақстан облысындағы 13 ауданның аты қазақшаланды. Ұлт мақтанышы Мағжан Жұмабаев, Шоқан Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл Жабаев, Шал ақынның есімдері аудандарға берілді. Тек біреуінің аты ғана, басқасының фамилиясы ғана берілген. Бұл істе бірізділік жоғы – бөлек әңгіме. Біздің айтайын дегеніміз, Тимирязев ауданына академик жазушы Сәбит Мұқановтың есімін беру туралы көтерілген бастама аяқсыз қалғаны. Аудандық мәслихат пен әкімдіктің біріккен шешімі ономастикалық комиссия тарапынан қолдау тауып, республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы шығарылғанымен, тұрғындар жақсы жаңалықты әлі күнге дейін күтіп елеңдеп отыр. Ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтановтан сұрап білгеніміздей, алдымен карантин шаралары кедергі келтіріп, кейін халық санағына байланысты кешеуілдеген. Ал енді Президент Әкімшілігі рұқсат бермегенге ұқсайды. Зиялы қауым өкілдері сонымен қатар облыс және аудан орталықтарындағы Ленин, Чапаев, Киров, Фурманов, Буденный сияқты көшелерді қайта атау мәселесін көтеріп жүр. Ескірген атауларды ауыстырған кезде республикалық ономастика комиссиясы бекіткен 345 белгілі есім мен 380 жер-су атынан құрылған тізім бағдарға алынатын болады.«Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» ғылыми еңбегінің авторы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова өңірдегі қазіргі барлық орысша аталып жүрген елді мекендердің бәрінің қазақша атауы болғанын айтады. «ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап келген қоныс аударушылар барлығын орысшаға ауыстырып жіберген», – дейді. Оның пікірінше, бұл үрдіс кеңес дәуірінен бұрын да болған. «Солтүстікте жер-су аттарының орынсыз өзгеруі шамамен осыдан 230-250 жыл бұрын басталған болатын. Отарланған елді мекендердің қазақша атауларын орысшаға айналдыру туралы әскери губернатор Г.Меньшиковтің бұйрығы 1774 жылғы 1 қаңтарда орындала бастады», – делінген ғалымдардың еңбегінде.Осылайша, Ақжар – Покровкаға, Арқалық – Андреевкаға, Қосағаш – Новомихайловкаға, Түлкіойнақ Святодуховкаға айналса, Кіндікті – Оседлое, Қоржынкөл – Спасовка, Бақырілген Петровка деп аталып кеткен қалпынан әлі таймай, отарлау саясатының ескерткішіндей болып қалып отыр.
Облыс мектептеріне енгізілген «Өлкетану» оқулығының және «Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері» ғылыми еңбегінің авторларының бірі, Қазақстан жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, филолог, көрнекті ғалым, профессор Зарқын Тайшыбай: «Өзге ұлттар келген бетте жер-су атауларын күшпен өзгертіп отырған. Бұл – халықтың санасын шатастырып, қазақтың жері емес дегенге әкеліп тіреу. Бір рудың, бір атаның балалары бірін-бірі танымай суысып кетуі үшін жасалған амал», – дейді.Қос ғалым да қазақ халқы топонимдерді аспаннан алып қоя салмағанына көз жеткізгендерін айтады. «Жер-су атаулардың көбі жердің түсіне, бедеріне қатысты, басқасы сол жердің пайда-зияны туралы болса, елді мекендер негізінен сол елдің, рудың беделді азаматтарының атымен аталған», – дейді олар. Бүгінде сол тарихи әділдікті қалпына келтіретін кез келді. Ел болашағын ойласақ, қитұрқы саясаттың шырмауынан құтылып, тарихи атауларды қайтарғанымыз абзал. Қазақ жеріндегі ата-бабаларымыздан қалған елді мекендердің атаулары тарихи құжат іспеттес. Ендеше, ұлттық зердеге жасалған қиянат кейінгі ұрпақтың да санасын уландырмауын ойлаған жөн.
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы