Шенеуніктер жаңа көлікке құштар
Шенеуніктер жаңа көлікке құштар
© коллаж: Әсел Балтақызы
364
оқылды

Президенттің тапсыр­ма­сына сәйкес, мемлекеттік ор­ган­дар мен квазимемлекеттік секторға автокөлік сатып алу­­­ға үш жылға тыйым салын­ға­нына қарамастан, Солтүстік Қазақстан облысының ше­неу­ніктері биыл темір тұлпар­ларын жаңартып жатыр.

Қаржы министрлігі былтыр Пре­зидент тапсырмасынан соң мамыр айының соңында панде­мияға байланысты 2023 жылға дейін ел бюджетін оңтайландыру және қаржыны тиімді жұмсау мақсатында шенеуніктерге жеңіл, арнайы және жедел-іздестіру көліктерін, кеңсе жиһазын сатып алуға мораторий жариялады. Сон­дай-ақ бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау тәуекелін анықтау мақ­сатында төтенше жағдай кезеңінде жүргізілген мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргі­зетін болды. Соның нәтижесінде был­тыр республикалық бюджетті нақ­тылау кезінде үнемделген 532,8 млрд теңге COVID-19 індетімен күреске, пандемияның кері әсерін жоюға, азаматтар мен бизнес өкілдерін қолдауға жұмсалған болатын.

КӨЛІКТЕРДІҢ ЕСКІРГЕНІН АЛҒА ТАРТАДЫ

Қатерлі індеттің беті әлі де қайтқан жоқ, керісінше үшінші, төртінші толқыны тарап, үдеп бара жатыр. Бірақ соған қарамастан солтүстікқазақстандық шенеу­ніктер қаржы үнемдеуден мезі болғанға ұқсайды. Олай дейтініміз, мемлекеттік сатып алулар сай­тын­да бір мезгілде бірнеше мемлекеттік орган жаңа автокөлік сатып ала­тыны туралы хабарландырулар пайда болды. Айта кету керек, те­мір тұлпарлар арзанқол деуге келмейді, әрқайсысының құны – 9-10 миллион теңге шамасында. Мәселен, Ақжар аудандық әкім­дігіне арналған көлікке бюд­жет­тен 10 миллион 490 теңге бө­лініпті. Салыстырмалы түрде айт­­сақ, бұл – Петропавлдағы ортан­қолдау бір бөлмелі пәтердің құны. Неге қымбат дегенге келсек, көлік жайлылығы жағынан барлық та­лап­қа сәйкес келуі тиіс екен әрі шетелдік маркалы болуы керек. Ал облыс орталығынан шалғайда ор­наласқан ауданның ойдым-ойдым жолдары мұндай көлікке арнал­мағанын ешкім ескермегенге ұқсайды. Аудан әкімі Қанат Қалиевке хабарласқанымызда, ол әкімдіктің барлық көліктері әбден тозғанын, жаңа машина қажет екенін тілге тиек етті. Көлік сатып алуға қатыс­ты барлық мәліметті мемлекеттік сатып алулар сайтынан қарауға болатынын да еске салды.
Аудандық әкімдік аппара­ты­ның басшысы Талғат Мұқажан­ұлының бізге берген жазбаша жауабына сүйенсек, қолданыстағы қыз­меттік автокөліктердің то­зуы­на байланысты оларды жаңарту қажеттігі туындаған. «Аудан әкімі аппараты балансында барлығы 4 қызметтік көлік бар: 1. 2006 жылы шығарылған Тоуота Land Cruser, бастапқы бағасы – 6 213 мың тенге, тозу деңгейі – 100 пайыз; 2. 2014 жылы шығарылған KIA Sorento бастапқы бағасы – 6 052 мың теңге, тозуы – 88,75 пайыз; 3. 2007 жылы шығарылған Toyota camry, бастапқы бағасы – 4080 мың теңге, тозуы – 100 пайыз; 4. 2015 жылы шығарылған KIA RIO, бастапқы бағасы – 3967 мың теңге, тозу деңгейі – 64,7 пайыз», – де­лінген жауапта. Аппарат бас­шы­сының мәліметінше, автокөлік 2012 жылы ғана бір-ақ рет жаңар­тылған. Сол кезде сатып алынған KIA MOHAVE кейін 2013 жылдың желтоқсанында аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне беріліпті. Ал биыл наурыздың басында аудан әкімі аппараты бюджеттік ко­мис­сияға қызметтік көлік сатып алу туралы бюджеттік тапсырыс бер­ген екен. Аудандық мәслихат сес­сиясында бұл мақсатқа 9 990 000 теңге бөлінген. Кейін көліктің қымбаттауына байланысты аппа­раттың үнемделген қаржысынан 500 000 теңге қосылыпты. «Бұған дейін конкурс екі рет жария­лан­ғанымен, қатысушылардың аз­ды­ғына байланысты өткізілмей қал­ды. Сондықтан қазір үшінші рет конкурс жарияланып отыр», – деді аппарат басшысы. Конкурсқа тапсырыс қабылдау 26 шілдеде аяқталады. Техникалық сипатта­масы – базалық: Қазақстанда жи­нақталған болуы керек, қозғалт­қыш көлемі – 1999 см3-ден көп емес.

«БАЙТАЛ ТҮГІЛ БАС ҚАЙҒЫ»

Солтүстік Қазақстан облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пай­далануды реттеу басқармасын­дағылар да биыл жаңа көлікке құштар болып отыр. Бұл көлік Ақжар аудандық әкімдігінікінен сәл арзанырақ – 10 миллион теңге. Басқарма басшысы Бейбіт Исма­нов автокөлік бағалары 2-3 жылдан бері осындай болып тұрғанын әрі жаңа көлік ормандарды күзету, өрттен қорғау деген сияқты мақ­саттар үшін дәл қазір қажет болып тұрғанын алға тартты. Бұл басқар­мада да көліктер ескірген екен. Әрі мемлекеттік сатып алуларды бұл басқармадағылар өздері өткіз­бейтін көрінеді. «Өтінішті Нұр-Сұлтандағы басшыларға жібер­геннен кейін, орталықтандырылған түрде көлік сатып алынады. Көлік алмаңдар деген бұйрық болған жоқ», – деді Бейбіт Қайыркешұлы. Бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылайтын облыстық ревизиялық комиссия да 9 мил­лион 990 мың теңгеге жайлы көлік сатып алмақшы. «Осы мәлімет рас па? Бұл көлік қаншалықты қажет?» деген сұрағымызға жауапты де­партамент басшысы Аман Төре­гелдин: «Ол коммуналдық мүлікке жатады. Біз республикалық мү­лікке жауаптымыз», – деп қысқа қайырды. Облыстық әкімдіктің Шаруа­шылық басқармасы мемлекет­тік сатып алу ресімдерін аяқтап, 10 миллион 71 мың теңге тұратын «Хюндай» көлігін жеткізіп беруге шілде айында келісімшарт жа­са­сыпты. Жуырда ғана, атап айтқан­да, сәуір айында облыстық әкімдік дәл осы фирмамен үш автокөлік жеткізіп беру туралы келісім жа­сасқан екен. Бірақ мемлекеттік са­тып алулар сайтындағы құжат­тарға қарағанда олар әлі жеткі­зілмегенге ұқсайды. Облыстық Жолаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары басқармасы да 9 миллион 990 мың теңгеге «Са­ры­арқа АвтоПром» компаниясынан темір тұлпар са­тып алып, оны жет­­кізіп беруге келісімшарт жасасқан. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты бас-аяғы 99 қылмыс тіркелсе, соның 27-сі дәл осы мем­лекеттік сатып алуларға қатысты болған. Соның салдарынан 36,8 миллион теңге шығын келтірілген. Бұл – Солтүстік Қазақстан об­лы­сының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметі. «Байтал түгіл бас қайғы» болған заманда шенеуніктерге неліктен дәл қазір жаңа көлік қажет болды екен? Президенттің тыйымы мен Қаржы министр­лігінің мораторийі Солтүстік Қазақстан облысына тарамайтын болғаны ма? Шын мәнісінде қазір дәрі-дәрмекке, емге зәру болып отырған науқастар қаншама? Үнемделген қаржыны пандемия жағдайында халықтың денсаулы­ғына неге жұмсамасқа?

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы