Ұлттық экономикада ұлттық үлес аз
Ұлттық экономикада ұлттық үлес аз
© коллаж: Әсел Балтақызы
362
оқылды

Ел экономикасы індетке байланысты түрлі шектеу шараларына қарамастан жыл басынан бері 2,2 пайызға өсті. Дегенмен сыртқы сауда-саттық азайып кетті, тіпті пандемияға дейін бірнеше жыл қатарынан көрсеткіші құлдырып бара жатқан салалар аз емес. Оның үстіне, Қазақстанның сыртқы тауар айналымында импорттың үлесі әлі де тым жоғары.

2020 жылдың қорытындысы бойынша, экспорт – 46,9 млрд АҚШ доллары, импорт 38 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақ­станға шетелдерден мына тауар­лар келеді екен: машиналар, жаб­дықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар – 21,5 млрд АҚШ доллары (56,7%), химия өнімдері – 5,44 млрд АҚШ доллары (14,3%), металл және металл өнімдері – 3,46 млрд АҚШ доллары (9,1%). Яғни, осы тауарларға мұқтажбыз. Дегенмен біз де өзге елдерге өнім жеткізуде кенде емеспіз. Тек оның басым бөлігі әлі де шикізат: мұнай, мыс, органикалық емес химия, табиғи газ және ферро­балқыма өнімі. Өкінішке қарай, Қазақстан қазба байлығын өнді­румен айналысатын компаниялар әлі де керек-жарағын жырақтан жеткізеді. Мысалы, Маңғыстау об­лысында 28 жер қойнауын пай­даланатын компания былтыр 74,2 млрд теңгенің тауарын сатып алған, оның 38 млрд теңгесі, яғни 51%-ы импорт. Ал импорт «Тен­гизшевройл» ЖШС-да – 92%, NCOC-нда – 89% және «Қара­шы­ғанақ петролеум оперейтинг»-те – 80%. Аталған алпауыт компа­ния­лар отандық тауарға көңілі тол­май ма, әлде шетелдік құрыл­ғыларға үйреніп қалып, одан бас тарта алмай ма, ол жағы белгісіз. Ал 2021 жылдан бастап, жығылғанға жұдырық болып, жер қойнауын пайдаланушы компа­ниялардың қазақстандық тауар­лардың сатып алу талабы алынып тасталды. Бұл осы секторда құрамдас бөлшектер өндірісімен айналысатын және қызмет көр­сететін отандық кәсіпорындардың көпшілігінің жабылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Көп ұзамай оның көрешегін көре бастай­тынымыз сөзсіз. Қазірдің өзінде пайдалы қазбаларды өндіретін аймақтарда шағын және орта бизнес субъектілерінің жергілікті жалпы ішкі өнімдегі үлесі рес­пуб­ликалық орташа көрсеткіштен екі есе төмен, ал бұдан кейін тіпті құлдырап кететіні дау тудырмас. Өйткені жер қойнауын пайда­ланушы отандық және шетелдік компаниялар жергілікті өнім­дердің өндірілуіне қызығушылық танытпайды.

Азық-түлік тұрақтылығына қауіпті

Қазақстанның азық-түлік импортына тәуелділігінің салда­рынан жыл басынан бері азық-түліктің, жеміс пен көкөністің бағасы 15-20%-ға, тіпті екі-үш есе өсіп кетті. Қазақстанға жыл сайын алыс-жақын шетелдерден $600-700 миллионға көкөніс пен жеміс-жидек тасымалданады. Яғни, ішкі сұраныстың 60%-ы импорттық өнімдер арқылы жа­былады. Мұның басым бөлігі Өз­бекстан мен Қытайдан әкелі­неді. Ал экспортталатын көкө­ністің көлемі одан 10 есе кем, негізінен Ресейге жөнелтіледі. Қазақстан тек дәнді-дақылдар бойынша экспорттаушы ел, басқа азық-түлік өнімдерінің барлығы шетелдерден тасымалданады. Әлемдік тәжірибеде егер азық-түлік қорында импорттың үлесі 20 пайыздан асса, ол мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрғанын білдіреді. Осыған қарап-ақ біздің елде көкөніс-жеміс нарығындағы жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін бағамдай беріңіз. Қытай кейінгі 10-15 жылда, әсіресе қыс­қы маусымдарда Қазақстанға жеміс-көкөністерді, цитрус өнімдерін экспорттаушы басты елге айналды. Жылда желтоқсан айынан сәуірдің ортасына дейін республикалық сауда тораптарын түгелдей Қытайдың тауары жау­лап алады. Ал Қытай өнімдерінің сапасы үлкен күмән тудыратыны баршаға мәлім. – Импорттық өнімдерді ығыс­тырып шығару үшін елімізде көкөніс-жеміс өсіретін жылы­жай­ларды көптеп салуымыз ке­рек. Онда да гидропондық техно­логия бойынша жобаланған, өнім­ді әдеттегіден 2-3 есе көп бе­ретін өнеркәсіптік жылыжай­лардың орны ерекше. Жалпы, қолданыста «көшеттік жылыжай» және «өнеркәсіптік жылыжай» деген ұғым бар. Қазақстандағының басым көпшілігі – «көшеттік», олар тек ерте көктемде және күзде ғана өнім береді, қыста қаңта­рылып тұрады. Ал бізге керегі – қысы-жазы үзбей өнім беретін өнеркәсіптік жылыжай, – дейді Қазақстан Жылыжайлар ассо­циациясының президенті Қанат Қошман. Былтыр ауыл шаруашылы­ғында импорттық өнімдерді ал­мастыру жоспарына сәйкес рес­публика бойынша 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет ба­ғы­тындағы 8 құс фабрикасы, ба­лық өндіретін 3 ферма іске қо­сылды және 1 800 гектар жерге қар­қынды алма бақтары отырғы­зылды. «Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан Қазақстан үшін импортты алмастыру – ба­сымдыққа ие үлкен мәселе. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен то­лықтыру жөніндегі міндет аясын­да біз ішкі нарықта импортты қысқарту қажет позицияларды айқындадық. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық өнімдері», – дейді АШМ Страте­гиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева. Жүргізіп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіз­дігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс. Барлық жобалардың 65%-дан астамы ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің импортын алмастыруға бағытталған.

Жеңіл өнеркәсіптің жүгі ауыр

Кейінгі бес жылда жеңіл өнер­кәсіп саласындағы кәсіпорын­дардың 40%-ы жұмысын тоқта­тып, олардың саны 25 мыңнан 13 мыңға қысқарды. Салыстыру үшін айтсақ, кеңес заманында Қазақстанда бұл салада 203 мың кәсіпорын жұмыс істейтін. Енді отандық жеңіл өнеркәсіп өнім­дері ішкі нарықтың тек 10%-ын ғана қамтамасыз етеді, ал 90%-ы импорттық тауардың еншісінде. 2015 жылы қазақстандық та­уарларды ішкі нарықта ілгерілету мақсатында «Қазбренд» бағдар­ламасы әзірленген еді, алайда ол әлі күнге дейін жүзеге асырылмай қалды. Мемлекет тарапынан кә­сіпорындардың ішкі және сыртқы нарықтарда өз өнімдерін өткізуге қолдау көрсетілмеді. Соның салдарынан біздің нарығымызды Түркиядан, Ресейден, Бела­русь­тен, Қытайдан келген тауарлар басып кетті. Сондай-ақ пандемия еліміздің қарапайым медициналық жеке қорғану құралдарының (ЖҚҚ) импортына тәуелді екенін көр­сетті. ЖҚҚ (қорғаныш бетпер­делер, бір рет пайдаланылатын комбинезондар, халат костюмдер) медициналық бұйымдарға жат­қызылғандықтан, біздің өндіру­шілеріміз оларды Ресей мен Өз­бекстандағыдай жергілікті ті­гін кәсіпорындарында жасап шығара алмайды. Елімізде ЖҚҚ бойынша жеткілікті материалдық қор жа­сақталмаған. Кәсіп­орын­дардың үзіліссіз жұмыс істеуіне бұл жайт та көп кедергі келтіріп отыр. Мемлекет тарапынан қолдау­дың кемдігінен былғары бұйым­дары өндірісімен айналысатын кәсіпорындар да жапа шегіп жа­тыр. Semey Tannery ЖШС директоры Руслан Бисеновтің айтуынша, зауыт былғары өндірісі үшін халықтан тері сатып алады. Одан иленген былғарыдан жо­ғары сапалы аяқкиім де, сөмке де, басқа да түрлі бұйымдар жасап шығарылады. Бірақ Қытайдан, Ресей мен Түркиядан көп мөл­шерде арзан аяқкиімдер, қол­ғаптар, сөмкелер және басқа да тауарлар тасымалданатындықтан, ол жергілікті өнімдердің саты­лымына кері әсерін тигізеді. «Егер Қытайдан келетін да­йын былғары өнімдерінің импор­тына тосқауыл қойылса, ол отан­дық тігін цехтарының, аяқкиім фабрикаларының, былғары-тері жасаушы кәсіпорындардың дамуына серпін берер еді. Қа­зақ­станда оған қажетті шикізат жет­кілікті», – дейді Руслан Бисенов.

Отандық өндірістің мультипликативтік әсері

Импортты азайту проблема­сының бүгінгі күнге дейін ше­шілмей отыруының бір себебі жергілікті атқарушы биліктің жүйелі жұмыстарды жүргізе алмауына байланысты шығар. Сондай-ақ Үкімет тарапынан импорттық тауарларды азайтуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі төмен. Жалпы, импортты алмастыру елімізге қандай мультипли­ка­тивтік әсер береді?! Бірінші, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл – күн тәртібіндегі ең өзекті мә­селе. Екінші, бюджетке түсетін салықтардың көлемі артады және моноқалалардың әлеуметтік-эко­номикалық мәселелерін шешуге ықпал етеді. Үшінші, жаңа өнім­дерді өндіру елімізде ғылым мен техниканы әрі қарай дамытады, инновациялық және экологиялық технологияларды қолдануға әкеледі, жұмыс өнімділігі артады және тағы да басқа оң нәтижелерге қол жеткіземіз. Сондықтан Үкі­мет ДСҰ және Еуразиялық Эко­номикалық Одақтың талаптарын ескере отырып, отандық өндірісті дамытуға және қорғауға мүмкіндік беретін ең тиімді механизмдер мен инструменттерді жасақтағаны жөн. Сөйтіп, жылдан-жылға импорттық тауарлардың үлесін азайту жоспары жасалуы тиіс-ті. Импортты алмастыруды кешенді түрде іске асыру экономика­мыз­дың өркендеуіне әсер етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Дәулет АСАУ