Ел экономикасы індетке байланысты түрлі шектеу шараларына қарамастан жыл басынан бері 2,2 пайызға өсті. Дегенмен сыртқы сауда-саттық азайып кетті, тіпті пандемияға дейін бірнеше жыл қатарынан көрсеткіші құлдырып бара жатқан салалар аз емес. Оның үстіне, Қазақстанның сыртқы тауар айналымында импорттың үлесі әлі де тым жоғары.
2020 жылдың қорытындысы бойынша, экспорт – 46,9 млрд АҚШ доллары, импорт 38 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанға шетелдерден мына тауарлар келеді екен: машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар – 21,5 млрд АҚШ доллары (56,7%), химия өнімдері – 5,44 млрд АҚШ доллары (14,3%), металл және металл өнімдері – 3,46 млрд АҚШ доллары (9,1%). Яғни, осы тауарларға мұқтажбыз. Дегенмен біз де өзге елдерге өнім жеткізуде кенде емеспіз. Тек оның басым бөлігі әлі де шикізат: мұнай, мыс, органикалық емес химия, табиғи газ және ферробалқыма өнімі. Өкінішке қарай, Қазақстан қазба байлығын өндірумен айналысатын компаниялар әлі де керек-жарағын жырақтан жеткізеді. Мысалы, Маңғыстау облысында 28 жер қойнауын пайдаланатын компания былтыр 74,2 млрд теңгенің тауарын сатып алған, оның 38 млрд теңгесі, яғни 51%-ы импорт. Ал импорт «Тенгизшевройл» ЖШС-да – 92%, NCOC-нда – 89% және «Қарашығанақ петролеум оперейтинг»-те – 80%. Аталған алпауыт компаниялар отандық тауарға көңілі толмай ма, әлде шетелдік құрылғыларға үйреніп қалып, одан бас тарта алмай ма, ол жағы белгісіз. Ал 2021 жылдан бастап, жығылғанға жұдырық болып, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қазақстандық тауарлардың сатып алу талабы алынып тасталды. Бұл осы секторда құрамдас бөлшектер өндірісімен айналысатын және қызмет көрсететін отандық кәсіпорындардың көпшілігінің жабылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Көп ұзамай оның көрешегін көре бастайтынымыз сөзсіз. Қазірдің өзінде пайдалы қазбаларды өндіретін аймақтарда шағын және орта бизнес субъектілерінің жергілікті жалпы ішкі өнімдегі үлесі республикалық орташа көрсеткіштен екі есе төмен, ал бұдан кейін тіпті құлдырап кететіні дау тудырмас. Өйткені жер қойнауын пайдаланушы отандық және шетелдік компаниялар жергілікті өнімдердің өндірілуіне қызығушылық танытпайды.Азық-түлік тұрақтылығына қауіпті
Қазақстанның азық-түлік импортына тәуелділігінің салдарынан жыл басынан бері азық-түліктің, жеміс пен көкөністің бағасы 15-20%-ға, тіпті екі-үш есе өсіп кетті. Қазақстанға жыл сайын алыс-жақын шетелдерден $600-700 миллионға көкөніс пен жеміс-жидек тасымалданады. Яғни, ішкі сұраныстың 60%-ы импорттық өнімдер арқылы жабылады. Мұның басым бөлігі Өзбекстан мен Қытайдан әкелінеді. Ал экспортталатын көкөністің көлемі одан 10 есе кем, негізінен Ресейге жөнелтіледі. Қазақстан тек дәнді-дақылдар бойынша экспорттаушы ел, басқа азық-түлік өнімдерінің барлығы шетелдерден тасымалданады. Әлемдік тәжірибеде егер азық-түлік қорында импорттың үлесі 20 пайыздан асса, ол мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіріп тұрғанын білдіреді. Осыған қарап-ақ біздің елде көкөніс-жеміс нарығындағы жағдайдың қаншалықты ушығып кеткенін бағамдай беріңіз. Қытай кейінгі 10-15 жылда, әсіресе қысқы маусымдарда Қазақстанға жеміс-көкөністерді, цитрус өнімдерін экспорттаушы басты елге айналды. Жылда желтоқсан айынан сәуірдің ортасына дейін республикалық сауда тораптарын түгелдей Қытайдың тауары жаулап алады. Ал Қытай өнімдерінің сапасы үлкен күмән тудыратыны баршаға мәлім. – Импорттық өнімдерді ығыстырып шығару үшін елімізде көкөніс-жеміс өсіретін жылыжайларды көптеп салуымыз керек. Онда да гидропондық технология бойынша жобаланған, өнімді әдеттегіден 2-3 есе көп беретін өнеркәсіптік жылыжайлардың орны ерекше. Жалпы, қолданыста «көшеттік жылыжай» және «өнеркәсіптік жылыжай» деген ұғым бар. Қазақстандағының басым көпшілігі – «көшеттік», олар тек ерте көктемде және күзде ғана өнім береді, қыста қаңтарылып тұрады. Ал бізге керегі – қысы-жазы үзбей өнім беретін өнеркәсіптік жылыжай, – дейді Қазақстан Жылыжайлар ассоциациясының президенті Қанат Қошман. Былтыр ауыл шаруашылығында импорттық өнімдерді алмастыру жоспарына сәйкес республика бойынша 48 тауарлы сүт фермасы, 3 ет комбинаты, ет бағытындағы 8 құс фабрикасы, балық өндіретін 3 ферма іске қосылды және 1 800 гектар жерге қарқынды алма бақтары отырғызылды. «Коронавирус пандемиясы жағдайында бүкіл әлем елдерінде ауыл шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлінің артқанын байқап отырмыз. Сондықтан Қазақстан үшін импортты алмастыру – басымдыққа ие үлкен мәселе. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі міндет аясында біз ішкі нарықта импортты қысқарту қажет позицияларды айқындадық. Бұл – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық өнімдері», – дейді АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің басшысы Сәуле Молдабаева. Жүргізіп жатқан жұмыс 2023 жылдың соңына қарай импортқа тәуелділік мәселелерін шешуге және елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруі тиіс. Барлық жобалардың 65%-дан астамы ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыруға бағытталған.Жеңіл өнеркәсіптің жүгі ауыр
Кейінгі бес жылда жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың 40%-ы жұмысын тоқтатып, олардың саны 25 мыңнан 13 мыңға қысқарды. Салыстыру үшін айтсақ, кеңес заманында Қазақстанда бұл салада 203 мың кәсіпорын жұмыс істейтін. Енді отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарықтың тек 10%-ын ғана қамтамасыз етеді, ал 90%-ы импорттық тауардың еншісінде. 2015 жылы қазақстандық тауарларды ішкі нарықта ілгерілету мақсатында «Қазбренд» бағдарламасы әзірленген еді, алайда ол әлі күнге дейін жүзеге асырылмай қалды. Мемлекет тарапынан кәсіпорындардың ішкі және сыртқы нарықтарда өз өнімдерін өткізуге қолдау көрсетілмеді. Соның салдарынан біздің нарығымызды Түркиядан, Ресейден, Беларусьтен, Қытайдан келген тауарлар басып кетті. Сондай-ақ пандемия еліміздің қарапайым медициналық жеке қорғану құралдарының (ЖҚҚ) импортына тәуелді екенін көрсетті. ЖҚҚ (қорғаныш бетперделер, бір рет пайдаланылатын комбинезондар, халат костюмдер) медициналық бұйымдарға жатқызылғандықтан, біздің өндірушілеріміз оларды Ресей мен Өзбекстандағыдай жергілікті тігін кәсіпорындарында жасап шығара алмайды. Елімізде ЖҚҚ бойынша жеткілікті материалдық қор жасақталмаған. Кәсіпорындардың үзіліссіз жұмыс істеуіне бұл жайт та көп кедергі келтіріп отыр. Мемлекет тарапынан қолдаудың кемдігінен былғары бұйымдары өндірісімен айналысатын кәсіпорындар да жапа шегіп жатыр. Semey Tannery ЖШС директоры Руслан Бисеновтің айтуынша, зауыт былғары өндірісі үшін халықтан тері сатып алады. Одан иленген былғарыдан жоғары сапалы аяқкиім де, сөмке де, басқа да түрлі бұйымдар жасап шығарылады. Бірақ Қытайдан, Ресей мен Түркиядан көп мөлшерде арзан аяқкиімдер, қолғаптар, сөмкелер және басқа да тауарлар тасымалданатындықтан, ол жергілікті өнімдердің сатылымына кері әсерін тигізеді. «Егер Қытайдан келетін дайын былғары өнімдерінің импортына тосқауыл қойылса, ол отандық тігін цехтарының, аяқкиім фабрикаларының, былғары-тері жасаушы кәсіпорындардың дамуына серпін берер еді. Қазақстанда оған қажетті шикізат жеткілікті», – дейді Руслан Бисенов.Отандық өндірістің мультипликативтік әсері
Импортты азайту проблемасының бүгінгі күнге дейін шешілмей отыруының бір себебі жергілікті атқарушы биліктің жүйелі жұмыстарды жүргізе алмауына байланысты шығар. Сондай-ақ Үкімет тарапынан импорттық тауарларды азайтуға бағытталған бағдарламалардың нәтижесі төмен. Жалпы, импортты алмастыру елімізге қандай мультипликативтік әсер береді?! Бірінші, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл – күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Екінші, бюджетке түсетін салықтардың көлемі артады және моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге ықпал етеді. Үшінші, жаңа өнімдерді өндіру елімізде ғылым мен техниканы әрі қарай дамытады, инновациялық және экологиялық технологияларды қолдануға әкеледі, жұмыс өнімділігі артады және тағы да басқа оң нәтижелерге қол жеткіземіз. Сондықтан Үкімет ДСҰ және Еуразиялық Экономикалық Одақтың талаптарын ескере отырып, отандық өндірісті дамытуға және қорғауға мүмкіндік беретін ең тиімді механизмдер мен инструменттерді жасақтағаны жөн. Сөйтіп, жылдан-жылға импорттық тауарлардың үлесін азайту жоспары жасалуы тиіс-ті. Импортты алмастыруды кешенді түрде іске асыру экономикамыздың өркендеуіне әсер етіп, халықтың әл-ауқатын жақсартып, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.Дәулет АСАУ