Алматы облысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанындағы оқу орталықтарының тізіміне енген 79 оқу орталығы бүгінгі нарықта үлкен сұранысқа иелік ететін 200-ден астам мамандық бойынша жұмыссыздарды қысқамерзімді курста оқытып жатыр. Биыл осы орталықтарда облыс бойынша 1 500-ден астам адам жаңа мамандықтарды меңгереді.
Текелі қаласында орналасқан осындай оқу орталықтарының бірі өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы білімгерлерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша көшбасшы атанды. Мұндағы қысқамерзімді оқудан өткен жұмыссыздардың 95,5%-ы тұрақты жұмысқа орналасқан және жеке кәсібін ашқан. Жақында оқу орталығында «аспаз» мамандығы бойынша қорытынды емтихандар өтті. Оқу орталығының жетекшісі Светлана Оңғарбаеваның айтуынша, таяуда ғана оқу орталығын 18 тігінші мен 20 аспаз бітіріп шыққан. Оқу ұзақтығы үш ай, студенттер ай сайын 20 мың теңгеден шәкіртақы алады. «Біздің оқу орталығымыз Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Текелі қаласының жұмыспен қамту орталығының қолдауымен ашылып, жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл болды. 2019-2020 жылдары оқу орталығында 115 адам білім алды. Осылардың ішіндегі 60 тігінші, 35 кассир және 20 аспаздың 95,5%-ы жұмысқа орналасты. Олардың арасындағы 26 түлек өз ісін ашуға грант алды. Осы жылы біз 18 тігінші мен 20 аспазды оқыттық», – дейді Светлана Оңғарбаева. Леонид Пак – «тігінші» мамандығы бойынша 2019 жылы оқу орталығында біліктілігін көтеріп, кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалы жанынан «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша оқудан өтті. Жобаны қорғап, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алды. Бүгінгі күні кәсіпкер таза былғары мен теріден түрлі бұйымдар жасайды. Шағын цехта үш адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оқу орталығының жетекшісі нің айтуынша, оқу орталығы мамандық бойынша біліктілік көтеріп қана қоймай, кәсіпкерлік негіздеріне оқытады, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды. Өткен жылы мұндағылар бетперде тігіп, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға таратты. Жыл сайын студенттер Бөбектер үйінің тәрбиеленушілері үшін киім-кешек тігеді. Сонымен қатар орталықтың түлектері кәсіпкерлер үшін ашық сабақтар ұйымдастырады. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметовтің айтуына қарағанда, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес жұмыс беруші өзінің кәсіпорнында оқу орталығын құра отырып, ҰКП жанындағы оқу орталықтарының тізіліміне енгізілген жағдайда шығындарды өтей отырып, жұмысшы кадрларды дербес дайындай алады. «Атамекен» кәсіпкерлерге оқу орталығын құру бойынша қажетті қолдау көрсетіп, оқу орталықтарының тізілімін жүргізіп жатыр. Биыл 1 500-ден астам адам оқумен қамтылады деп жоспарланған. Ережеге сәйкес, оқу орталықтары білім алушылардың 60%-дан кем емес санын жұмысқа орналастыруы тиіс.Болат АБАҒАН, Алматы облысы