Антиваксерлер неден адасады?
Антиваксерлер неден адасады?
211
оқылды

Вакцинаға қарсы адам­дар өзімен қоса өз­ге­лерді де жаңылыс­ты­рып жүргені туралы жиі айтылады. Сонымен бір­ге билік тарапынан анти­вак­серлердің бай­лам­дарын дәйекті түрде жоқ­қа шығару жағы кем­­­­шін соғуда. Сал­да­ры­нан елімізде екпеге қар­сы адамдар саны күрт өсіп кетті. Осы орай­­­да біз ан­ти­ваксер­лер айтып жүрген «дә­лел­­демелер­дің» түп-төркініне үңіліп, шын-өтірігін айқындауға та­лаптандық.

Вакцина жоқта тіледік, табылғанда теріс айналдық

Адамдардың көңіл күйі қысқа күнде қырық құбылуы мүмкін. Сол сияқты қоғамдық пікір де жиі өзгере береді. Өткен жылдың ор­та­сына қарай жаһандық пандемия жағадан алып, жанды қатты қыс­қанда, коронавирус пен КВИ белгісі бар пандемиядан адамдар көптеп өле бастағанда, бейіттерде көр қазу көбейгенде елдің үрейі ұшты. Осы кезде арзан бедел жи­науға ұмтылған блогерлер: «Бұл індеттен құтқарар вакцина та­былды!» деп жар салды. Жұрт жалған ақпаратты жаппай тара­тып, бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Бірақ ол кезде ДДСҰ COVID-19 дертіне қарсы бірде-бір вак­цинаны тіркемеген болатын. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зерттеудің барлық кезеңдерінен өткен Pfizer/BionTech, Moderna, Johnson & Johnson, AstraZeneca, қытайлық Sinovac (CoronaVac) және Sinopharm пре­параттарын мақұлдады. Соңғы екеуі бірнеше ай бойы Қазақстанда қолданылды. Бұл ретте ҚХР-дың Sinopharm компаниясы жасаған, бірақ БАӘ-де Hayat-Vax сауда атауымен өндірілген вакцинасы қолданылды. Міне, дайын вак­цина бар, оны мемлекет халыққа қамқорлығы ретінде тегін салып жатыр. Ендеше халық неге тегіс егілмейді? Былтыр жоқ вакцинаға жүрегі жарыла қуанған жұртшы­лық биыл қолда бар вакцинадан неге теріс айналды? Расында, көптеген қазақстан­дық КВИ-ге қарсы вакцинаны сал­ғызғысы келмейді және соған міндеттеуге түбегейлі қарсы. Себебі неде? Осындай адамдардың пікірін біліп, дәйектемелеріне құлақ түрдік. Бұл жерде кез келген вакцинаға қар­сы адамдардың уағызды қызу жүр­гізіп жатқанын жасыруға бол­майды. Қоғамның бір бөлігі үшін солардың сөзі өтімді, дәйегі на­ным­ды. Адамдардың екпе еккізгісі келмеуінің басты әрі ең танымал себептері мен түсініктемелеріне тоқталсақ. Бірден айта кетелік, біз «вакцинамен бірге денеге чип енгізіледі екен», «вакцина егілген адамның миы 5G мұнараларына қосылатын көрі­неді», «екпе салғызған орынға қасық, ме­тал заттар жабысып қалады», «Билл Гейтс/жаһандық жасырын үкімет вакцина арқы­лы халықтарды бедеу етіп, планета тұрғын­дарының санын шектемек» деген сияқты бос сандырақты, фантастикалық қиялдан туған дүниелерді қарастырмаймыз. Себебі fact checking-пен айналысатын тұтас сайт­тар мен басылымдар олардың фейк екенін баяғыда-ақ дәлелдеген.

Егілгендердің 90%-ы коронавирус жұқтырған ба?

Антиваксер дәйектемесі: «Менің таны­сым (досым, ағайыным) коронавируспен ауырып, ауруханада жатыр. Оның айтуын­ша, індет жұқтырғандардың 90%-ы вакцина салғызғандар көрінеді. Олай болса, егілу қауіпті болғаны ғой». Шынында олай емес. Өткен аптада ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есма­ғамбетова Қазақстанда екпе салғыз­ғандардың небәрі 0,06%-ы ғана COVID-19 жұқтырғанын мәлімдеді: «Екпеден кейін вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 3 165. Соның ішінде І компонентті алғандары – 1 684, ІІ-сін алғандары – 1 481 адам. Вакцина салғызса да ауырғандар ішінде «Спутник V»-мен – 2 791, Hayat-Vax-пен – 293, QazVac-пен – 59, CoronaVac-пен 18 адам егілген. Бұл вакцинацияның тиімді­лігін көрсетеді», – деді ол. ДДСҰ бірде-бір вакцина коронавирус жұқтырудан құтқармайтынын, бірақ екпе салғызғандар сирек ауыратынын әрі ауру­ды әлдеқайда жеңіл өткізетінін бірнеше рет мәлімдеді. Рас, бұл жерде бір мәселеге назар ау­дар­ған жөн. Коронавирус жұқтырып, үй­лерінде емделіп жатқан мыңдаған азамат­тан екпе еккізген-еккізбегенін емханадағы­лар да, жедел жәрдемдегілер де сұрап, біл­мейді. Тек ауруханаға жатқызылар ал­дында қабылдау бөліміндегілер екпе жа­йын сұрастырады екен. Бұл ретте анти­денеге анализ алынбады, сырқаттың сөзіне сеніп, компьютеріне соны енгізеді. Егер сырқат қудаланудан қорқып, «егілгенмін!» дей салса, базаға да сол енгізіледі. Демек, егіліп, коронавирус жұқтырды дегендердің бір бөлігі шынында вакциналанбаған болуы ғажап емес.

Шикі вакцинаны неге таңады?

Антиваксер дәйектемесі: «Вакциналар жете зерттелмеген, сынақтардан толық өтпеген. Жаһандық індетке қарсы тиімді вакцинаны ойлап табу үшін он жыл кетеді. Демек, вакциналардың бәрі шикі», «Біздің ғалымдар соңғы 30 жылда тың ештеңе де ойлап тапқан жоқ. Ендеше қысқа уақыт ішінде жаһандық індетке қарсы вакцинаны жасап шыға алды дегенге сену қиын». «Шын мәнінде адамзат коронавируспен бұрыннан таныс, сонау 1965 жылы британ­дық вирусолог Дэвид Тиррел жіті респира­торлық вирусқа шалдыққан адамнан коронавирус тапты. Қазір коронавирустың 43 түрі анықталған. Оның ішіндегі ең қауіптілері SARS-CoV вирусымен бай­ланысты. Ол 2002-2003 жылдары Қытайда атипті пневмония індетіне соқтырды. 2015 жылы Кореяда MERS-CoV (бетакорона­вирус C) індеті жайылды. Ал 2019 жылы Қытайда SARS-CoV-2 бой көтеріп, жаһан­ды дүрліктіруде. Яғни, осы жылдар бойы коронавирустар микроскоппен мұқият зерт­теліп жатыр. Оған қарсы вакцина жа­сау ісі де бұрыннан пысықталып жатыр. Тиісінше, қазіргі тіркелген вакциналардың бәрі қолда бар, ескі технологиялар негізінде жасал­ған», – дейді вирусолог, геномді ин­женерия зертханасының меңгерушісі Павел Волчков. антиваксерлер Яғни, коронавирустың жаңа инфекция­сының штамы белгілі бола салысымен, әр ел қолында бар технологиялар негізінде препарат әзірлеуге шұғыл кірісті. Енді отандық вакцина ДДСҰ мақұл­дауын алу рәсіміне кіріспек. Бұл – әлемдегі ең тиімді, пәрменді вакцинаның бірі. Назарбаев университетінің биология профессоры, Астана Ұлттық зертханасы­ның директоры Дос Сарбасовтың бай­ламынша, QazVac-тың шетелдік вакцина­лардың басты бір артықшылығы, ол о бас­тан COVID-19 вирусының қаптаған мутациясын ескере отырып жасалған. Қалай болғанда да, қазақстандықтарға егіліп жатқан вакциналардың бәрі (QazVac, «Спутник V», Hayat-Vax, CoronaVac) кли­никалық сынақтардың барлық 3 сатысынан өтті. Тиімділігін дәлелдеді.

Тәліптерді неге ауру алмайды?

Антиваксер дәйектемесі: «Неге мас­касы, вакцинасы, тіпті дәрісі жоқ тәліптер коронавирустен қырылып қалмады? Ауған­станда ковидпен күресетін комиссия жоқ. Ұлттық ұлан бетпердесіз жүргендерге айып­пұл салмайды. Тәліптер карантин шектеу­лерін­сіз, локдаунсыз, коменданттық сағат­сыз, бетпердесіз тәулік бойы соғысады. Мәж­бүрлі вакцинациядан өтпейді. Теория бойынша тәліптер коронавирустан қырылып, Ауғанстандағы соғыс аяқталуға тиіс еді. Неге олай болмады? Неге маскасыз тәліптер жеңіске жетіп, Ауғанстанды басып алды? Өйткені мәселе вакцинацияда емес, корона­вирустың жоғында». Әрине, бұл байлам да шындыққа жа­нас­пайды. 39 миллионнан астам тұрғыны бар Ауғанстан бұл індеттен қатты зардап шегіп жатыр. Тек ресми дерек бойынша дәрігерлер 143 мыңнан астам ауғандықтың коронавирус жұқтырып, 6,3 мың адам қаза тапқанын тіркеді. Алайда статистика нақ­ты емес. Жағдайды ауруханалардың және мамандардың жетіспеуі, ауырған адам­дар­дың дәрігерлерге жүгіне алмауы ушық­тырып отыр. Ресми дерек бойынша 2021 жылы Ауғанстанда күніне шамамен 930 адам әртүрлі себеппен дүние салады. Елде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы небәрі 45 жас. Онда не себепті Ауған жұрт­шылығы құрып бітпеген? Туу көрсеткіші өте жоғары: тәулігіне 3 869 бала дүниеге келеді. БҰҰ бала туу және өлім-жітім көр­сеткіштерінің жоғары болуын елдегі білім деңгейінің төмендігімен, жұмыссыздықтың жаппай белең алуымен түсіндіреді. БҰҰ Халық қоныстандыру бөлімінің дерегінше, Ауғанстанда жыл басынан бері әртүрлі себептен, соның ішінде корона­вирустан 188 мыңнан астам адам қайтыс болған. Есесіне, 784 мыңнан астам бала өмір есігін ашты. Қатары соғыс пен пан­демия кесірінен селдіреген тәліптер (Қазақстанда тыйым салынған) өз сапын жігіттермен, бозбалалармен үнемі тол­тыр­ады. Лаңкестердің азаймау себебі содан. Джонс Хопкинс университетінің сая­сат­тану доценті Сара Паркинсон тер­рористік топтар коронавирусты теріс на­сихатына пайдаланатынын айтады: «Олар мұны жергілікті халық арасында ықпалын күшейту үшін қолданып отыр. Мысалы, ресми биліктің нашарлығы, әлжуаздығы кесірінен індеттің кең тарағанын айтады. Ауырғанда мемлекеттен көмек алмаған адамдар соларға сенеді. Тәліптер корона­вируспен күресті қызу қолдады. Сөйтіп, өздерін жақсы етіп көрсетуге тырысып жатыр». Тәліптер шынында, бұл вирусқа қарсы күрес науқанын жариялады. Содырлар өз қоластына көшкен аумақтарда, қалаларда карантин, коменданттық сағаттар жария­лауда, көшеде бетперде мен сабын таратып жатыр. Тіпті, індеттің алдын алу тақы­рыбында дәрістер ұйымдастырған. Бірақ Кабулдағы Саяси зерттеулер ұлттық орталығының ғылыми қызметкері Нұрулла Наваидің байламынша, тәліптерді корона­вирус алаңдатпайды, «оны үлкен қауіп-қатер санамайды». Себебі ковидтен қаза тапқандар орнын жаңа жалдамалы-рек­руттар басады. «Биылғы сәуірде тәліптер инфекция жайлаған аудандарда атысты тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Түрікменстанмен шекаралас Фарьяб провинциясында ресми билік өкілдерімен кездесіп, корона­вируспен күрес мәселелерін талқылады. Алайда уақытша бітім ұзаққа созылмады, шайқас бастап, әскерилер мен бейбіт тұрғындарды қырып кетті», – дейді ол. Негізі, вакцина салғызудан аяқ тартып жүргендердің бәрі бірдей екпеге түбегейлі қарсы емес, тек көбірек ақпарат болғанын қалайды. Халықты ақпараттандыру, түсін­діру жұмыстары кең жолға қойылса, екпіні мен тепкіні күшті болып тұрған анти­ваксерлер қозғалысы өздігінен ба­сылып қалар еді.

Елдос СЕНБАЙ