Жапония астанасы Токиода XXXII жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ең өкініштісі, бұл сәтті жанкүйерлер алаңда отырып көре алмады. Телекөрермендер ту алып шығу сәтін, отшашу және ашылу салтанатының өзге де бағдарламаларын теледидардан тамашалады.
Аренаға бірінші болып Грекия, ал соңғы болып Жапония құрамасы шықты. Аталған рәсімде Қазақстан құрамасы сапынан боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстанның мемлекеттік Туын ұстау мәртебесіне ие болды. Айта кетейік, спорттық жарыстар ашылу салтанатынан бұрын басталып кеткен болатын. Әсіресе, командалық ойын түрлеріндегі спортшылар жарыс жолына шығып, сынға түсті. Атап айтқанда, софтболдан Жапония әйелдер командасы Аустралияны айқын басымдықпен жеңді. Кездесу 8:1 есебімен аяқталды. Сондай-ақ ерлер және әйелдер командасы арасындағы футбол бәсекесі де салтанатты ашылу рәсімінен бұрын басталып кетті. Токио Олимпиадасының алғашқы жарыс күнінде садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы іріктеу кезеңі аяқталды. Ерлер арасындағы сында Қазақстан командасы өнер көрсетіп, 70 метрден нысана көздеу бәсекесінде Денис Ганькин алғашқы ондыққа енді. Ганькин 669 ұпай жинап, 64 спортшының ішінен 9-орын иеленді. Ал Ильфат Абдуллин жарысты 27, Санжар Мұсаев 52-орынмен аяқтады. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша келесі айналымдағы спаррингтік жұптар анықталады. Қазақстандық Ильфат Абдуллин Ұлыбритания өкілі Джеймс Вудгейтке қарсы шығады. Денис Ганькин Египет намысын қорғайтын Юсуф Толбамен өзара мықтыны анықтайды. Санжар Мұсаев қытайлық Дапенг Вангпен 1/16 финал жолдамасына таласады. 26 шілде күні өтетін командалық сында Қазақстан Үндістан құрамасымен кездеседі. Академиялық есу спорты бойынша да ерлер мен әйелдер арасындағы іріктеу сыны басталды. Қазақстан командасының өкілі Владислав Яковлев іріктеудің бірінші айналымын үшінші орынмен аяқтады. Оның уақыт көрсеткіші – 7:10.08. Енді Владислав 30 шілдеде ширек финалда өнер көрсетеді. Жалпы, жарыстың ашылу салтанаты өтпестен бұрын бірқатар спорт түрінен жеребе тарту рәсімі аяқталып үлгерді. Атап айтқанда, теннистен, үстел теннисінен, дзюдодан, бокстан және өзге де бірқатар спорт түрінен жеребе тартылды. Біз осы ретте спорт мамандарынан отандық спортшылардың Олимпиададағы қарсыластары, әлемдік жарыста жүлде алуға мүмкіндігі туралы сұрадық. – Жеребе жеңіл түсті деп айта алмаймын. Біреуінің жолы болды, біреуіне сәттілік жетпеді деуге де әлі ерте. Тіпті, жарысты екінші айналымнан бастайтын боксшылардың да қарсыластары қарымды. Олимпиадада жеңіл жекпе-жек болмайды. Мәселен, Левиттің қарсыласы – түбі кубалық саналатын Испания өкілі. Егер оны жеңетін болса, Ла Круспен кездеседі. Жалпы алғанда, Василийдің дайындығы жақсы. Соңғы жарыстарда жіберген бірқатар қателігінен сабақ алды. Қамшыбек өзбекстандық Баходир Жалоловпен өткен кейінгі кездесуінде жеңіліп қалды. Десе де, біз Қамшыбекке сенеміз. Мынау жүлде алады деп айту ерте. Финалға дейін әлі бірнеше жекпе-жек бар. Сондықтан бәрі боксшылардың өздеріне, дайындығына тікелей байланысты болады, – деді бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев. Ал бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов: – Бокстан бір-екі алтын алсақ та біз үшін жақсы нәтиже болмақ. Боксшылардың жалпы дайындығы жаман емес. 69 келіде Абылайханға сенім артып отырғандар көп. Бекзат, Қамшыбек, Левит үшеуі де алтыннан басты үміткерлер санатында. Әбілхан Аманқұлдың қарқыны күшті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Көп нәрсе төрешілердің де төрелік етуіне байланысты болмақ. Бәрінен бұрын боксшыларға бірінші кездесулерін сәтті өткізу маңызды. Өзге спортшылардан да жүлде күтеміз. Олимпиадаға бәрі жүлделі оралу үшін барады. Рябец қыздар арасындағы жалғыз үміт артып отырған боксшымыз. Қолаға ілінсе жақсы болушы еді. Сайдың тасындай іріктелген кіл мықтылар өнер көрсететін жарыста басқа спорт түрінен де жүлде күтеміз. Әр спортшының жеңісіне қуанғалы тұрмыз. Нақты кімнің алтын алатынын болжап айтудың өзі қиын. Өзім Рыпакованың өнерін жоғары бағалаймын. Ауыр атлеттеріміз де жүлдеге қол созса дейміз. Жүзуден де Баландинге сенім артамыз. Каратэшілер мен таэквондошылар да байрақты бәсекеде қарап қалмас. Еліміздің атынан сынға түсіп жатқан спортшылардың Токиодан олжалы оралуына тілектеспін, – дейді білікті бапкер. Дзюдодан Токио Олимпиадасының жеребесі тартылған соң бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев те пікір білдірді. – Кейбір салмақтарда жеребе жолдас болмағанын мойындау керек. Дегенмен бұл Олимпиада ойындары, сондықтан осал қарсылас болмайды. Ойынға әлемнің ең мықты спортшылары келді, бәрі де тарихта қалып, жүлде алуды мақсат еткен. Сметовтің тобы оңай емес. Жапония, Грузияда балуандар бар, жеңіл болады деп айта алмаймын. Әр салмақта өте мықты спортшылар кездеседі. Біз бәріне қарсы дайындалдық, олармен талай белдескенбіз. Бастысы, біздің балуандар белдесуге тас-түйін дайын, – деп жауап берді бапкер. Токио Олимпиадасының ашылу салтанатын тікелей эфирде жүргізген белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлы Қазақстан құрамасы Олимпиадада жалпы саны 9-10 жүлде алуы мүмкін деп болжам жасады. Атап айтқанда, құрама командамыз ауыр атлетикадан 1 жүлде, бокстан 3-4 жүлде, жеңіл атлетикадан 1, дзюдодан 2 және өзге де спорт түрі бойынша 2-3 жүлде қоржынға түсуі тиіс деп есептейді. Ол сонымен қатар ел спортшылары Токиодан үш алтын алып қуантса деген тілегін жеткізді. – Олимпиадада нақты мына спортшылардан жүлде күтемін деп айта алмаймын. Боксшылар бұған дейін 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан басталған жақсы дәстүрді жалғастырады деген үміттемін. Күрес түрлерінен де алтын жүлде күтемін. Өздеріңіз білетіндей, ешкім күтпеген спорт түрлерінен жүлде бұйыруы да мүмкін. Теннисшілерімізге де үлкен сенім артылып отыр. Жалпыкомандалық есепте 20-25-орыннан көрінсек, біз үшін жақсы көрсеткіш болғалы тұр, – дейді Есей Жеңісұлы. Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Рафаэль Хабиров Токиодан спортшыларымыз алтынсыз қайтпайтынын, сондай-ақ бұрын-соңды есімдері халыққа таныла қоймаған 2-3 спортшы жүлдегер атануы мүмкін екенін жеткізді. – Каратэ мен құзға өрмелеуден жүлде аламыз деп ойлаймын. Дзюдодан басты үмітіміз саналған Елдоста артық салмақ бар секілді. Бұрын жылдамдығының арқасында жеңіске жетіп жүрді. Оның тобындағы грузин спортшысы Әлем чемпионы, жапондық Таката да мықты балуан. Такатадан Елдос жиі жеңіліп қалып жүр. Сондықтан Елдосқа оңай болмайын деп тұр. 66 келіде сынға түсетін Ержан тәжірибесі толысқан спортшы. Оның да жүлдеден үміті бар. Бокстан 81 келіде алтын күтеміз. Левит те өткен жолғы Олимпиадада финалда жеңіп тұрып жеңілді. Осы жолы алтын алуы керек, – деген болжамын айтты. Спорт мамандарының болжамы бойынша, Қазақстан құрамасы бұл әлемдік додадан да олжалы оралатын сыңайлы. Лайым солай болсын!Абылайхан ЖҰМАШ