Әлемдік пандемия ел экономикасына ауыр соққаны жасырын емес. Әсіресе, құрылыс саласын қос бүйірден қысқандай. Олай дейтініміз, Жамбыл облысында құрылыс нысандары уақытынан кешеуілдеуі былай тұрсын, біраз жобалар бойынша мердігерлер конкурсқа түсуге құлықты емес. Оған себеп – құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі. Ал былтыр жоба жеңімпаздары атанған серіктестіктер мектеп құрылыстарын мерзімінде бітіре алмай, зар жылап отыр.
Көп жерде көзбояушылық жасалған
Ең әуелі көзге анық көрініп тұрған нақты фактілерге тоқталсақ. Тараз қаласындағы Төле би даңғылы бойындағы Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының құрылысын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС былтыр шілде айында бастаған. Жоспар бойынша нысан қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда мұндағы жұмыс көңіл көншітпейді. Себебі құрылыс жұмыстары бірінші қабаттан аспай, тоқтап қалған. Мердігер қаржылық қиындыққа тап болғаннан кейін бетон плиталарға тапсырыс бере алмаған. Нәтижесінде, қыркүйекте балаларды қарсы алады деген ғимараттың құр қаңқасы тұр. Дәл сондай №2 мектептің құрылысы да былтыр басталған. Мердігер «Талас құрылыс» ЖШС жоспарлы жұмысты 75-80 пайызға аяқтадық дегенімен көп нәрсе көзбояушылықпен жасалған. Мәселен, мектеп бөлмелері стандартқа сай емес. Асханасы да ыңғайсыз орналасқан. Жоғары қабаттарындағы жарық пен жылу жүйелері дәліздің төбесімен жүргізілген. Бұл қолайсыздық тудырып ғана қоймай, оқушыларға қауіп төндіріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, жобалауда көп кемшілік кетіп, мердігер әйтеуір «бітірдім» дей салған. Тұрғындар талай жылдан бері сұрап келе жатқан «Шалғай Қарасу» алқабындағы мектеп құрылысы да мәз емес. Осы таңға дейін алқап оқушылары облыс орталығына қатынып оқып келсе, биыл жаңа мектептің табалдырығын аттаймыз деп үміттенген. Алайда жобалық құны 2 миллиард теңге 600 орындық мектеп құрылысының жартысы ғана аяқталып отыр. Мердігер «ТемірСтройСервис» серіктестігінің басшысы құрылысты дер кезінде аяқтаймыз деп ант су ішкенімен, білім нысанына қарапайым электр желісі де жүргізілмеген.Тұрғын үй құрылыстары тоқтап тұр
Негізі, құрылыс саласында нысандардың мерзімінен кешіктірілуінен бөлек те мәселе шаш етектен. Жобалардың сапасыз дайындалуы, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің дұрыс жүргізілмеуі, нәтижесінде конкурс жеңімпаздарының анықталмауы сынды түйткілдерден көз сүрінеді. Тарқатып айтсақ, Тараз қаласы Қант зауыты аймағындағы №2 мектептің құрылысы жосықсыз мердігердің кесірінен 2 айдан бері тоқтап тұр. Аталған нысан шілде айында пайдалануға берілуі керек болатын. Алайда шілде түгілі қыркүйекте де қолданысқа берілмейтіні анық. Бұдан бөлек, жобалауда кеткен кемшіліктердің салдарынан үш мектептің сметалық құны қайта есептеліп жатыр. Олар Жамбыл ауданы Айша бибі ауылындағы 300 орындық мектеп, Шу қаласындағы Ы.Алтынсарин және Қордай ауданындағы Арал мектептері.Кінәні кімнен іздейміз?
Жалпы, құрылыс саласындағы жүйесіз жұмысқа кімді кінәлаймыз? Жергілікті билік бар мәселені мердігерлерге қарай сырғытса, серіктестіктердің де айтар өз уәжі бар. Олардың сөзіне сүйенсек, әлемдік пандемия жағдайында құрылыс материалдары қымбаттап кетіпті. Соның салдарынан 40 миллион теңге болған нысанды мердігер 80 миллион теңгеге салуға мәжбүр. Ал бұл серіктестіктерді қарызға белшесінен батырып отыр. «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-ның Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылығы орталығының құрылысына қажетті плиталарды ала алмауына, құрылысты дер кезінде аяқтамауына осы қаржылық қиындық себеп болып отыр. Тараз қаласы мен Жуалы, Байзақ аудандарында 22 үйдің құрылыс мердігерлерінің әлі күнге анықталмауы да осыған байланысты. Серіктестіктер өз құнын ақтамайтын жобаларға конкурсқа түсуге ниетті емес. Өйткені жыл басында 50 миллион теңге деп жоспарланған жобалар бүгінде екі есе шығынды қажет етеді. Сондықтан мердігерлер тендер алғанша, тыныш отырғанымыз артық деген ұстанымда. Мұны аудан әкімдері де мойындап отыр. Мәселен, Жуалы ауданындағы тұрғын үй құрылысына осымен екінші рет конкурс жарияланса да, құрылыс жүргізуге бірде-бір серіктестік құлық танытпады. Бұл мәселені жуырда құрылысшылар Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа да жеткізген болатын. Алайда аймақ басшысы: «Сіздерді конкурсқа түс деп ешкім қинаған жоқ. Жауапкершіліктеріңізге алдыңыздар ма, аяқтайсыздар. Ал жаңа құрылыс нысандарына қосымша қаржы тауып беремін деп айта алмаймын. Үкіметке сұраныс жолдаймыз. Бірақ шешіле ме, шешілмей ме белгісіз. Бірақ жыл басында бекітілген қаржы игерілуі керек», – деп қысқа ғана қайырған. Демек, биыл әркім өз қотырын өзі қасиды деген сөз. Ал жаңа құрылыс нысандарына сол бойы мердігер табылмаса, онда қайтпекпіз?Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы