Қазіргі қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі ушығып тұр. Ең сорақысы сол, жантүршігерлік қылмыстардың басым бөлігін отбасының мүшесі, биологиялық немесе өгей ата-анасы жасайды. Күні кеше Алматы облысында 13 жастар қыз баланы жасы елуге таяған өгей әкесі зорлап, кейін өлтіріп тынды. Оралда өгей қызын жалдамалы пәтерге апарып зорлаған ер адам 20 жылға түрмеге қамалды. Петропавлда 3 жасар сәбиін туған анасы ұрып өлтірді.
Балаларға қатысты зорлықтың түр-түрі болатынын ескерсек, қол көтеру де осы санатқа жатады. ЮНИСЕФ-тің мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде бір миллиардқа жуық бала физикалық, жыныстық не психологиялық зорлыққа ұшырайды. Соның ішінде ең жиі ұшырасатыны – ұрып-соғып, күш қолдану. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің және «Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы» компаниясының қолдауымен ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, ересектердің 68 пайызы және балаларды қорғаумен айналысатын мамандардың 67 пайызы кәмелетке толмағандарға жасалатын зорлық-зомбылық Қазақстанда күрделі мәселе болып табылады және жылдан-жылға көбейіп бара жатыр деп санайды. Жуырда Петропавл қалалық соты үш жасар мүгедек қызын ұрып өлтірген Екатерина Голешованы он жарым жылға бас бостандығынан айырды. Прокурор айыптау парағын оқыған кезде анасымақтың бейкүнә сәбиге көрсеткен құқайынан адамның төбе шашы тік тұрады. Сал ауруына ұшырағандықтан өздігінен жүріп-тұра алмайтын баланы ұрып-соғып, жүруге мәжбүрлеген. Алған соққыдан құлаған қыз бала басымен батареяға, кереуеттің жақтауына соғылып, тісін сындырып, тілін жаралаған. Ауырсынған сәбиге анасы жылауға да рұқсат етпепті. Аяғы қанша ауырса да, тік тұруға мәжбүрлеген. Қыстың қақаған аязында жалаң аяқ далаға шығарып, аяғын үсіткен. Тастанды баласын қолына алған әйелдің 20 шақты күннің ішінде баласына көрсетпегені жоқ. Өзінің айтуынша, соңғы рет қызы аяғын баса алмағандықтан қатты ызаланып ұрғанда, төсектен құлап басы жарылған. Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімі сәбиді бір айдан астам уақыт бойы емдегенімен, өкінішке қарай, аман алып қалудың сәті түспеді... Іс материалдарынан белгілі болғанындай, өзі жетімдер үйінде өскен Екатерина сәбиін туа салысымен тастап кеткен. Бейкүнә сәби әкесінің және әжесінің қолында өскен. 3 жасқа келгенде кішкентай Саша сал ауруына ұшырағаны белгілі болып, оған мемлекет тарапынан жәрдемақы төленетінін естіген анасы ақшаға қызығып баланы қолына алған. Алайда оны ана мейіріміне бөлеудің орнына бар ашу-ызасын жазықсыз қызынан алған. Ресми мәлімет бойынша, әрбір 7 минут сайын әлемде бір бала қайтыс болады. Бала өлімінің басты себептерінің бірі – адам қолынан қаза табу.БАЛА ӨЗ ОТБАСЫНДА ТӘРБИЕЛЕНУІ ТИІС
Мағжан Жұмабаев ауданындағы Надежка ауылында тұратын 30 жастағы әйелдің 5 жасар қызын бірге тұратын өгей әкесі ұрған. Мұны естіген сәбидің туған әкесі полицияға шағымданған. Сот шешімімен ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал анасына қатысты мәселе кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, сот шешімімен қыз бала туған әкесіне тапсырылды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында жедел әрекет ету тобы 3 жасар балаға ата-анасы қатыгездік танытқанын анықтаған. Сот-медициналық сараптау нәтижесінде ұлдың денсаулығына зиян келтірілгені белгілі болды. Ерлі-зайыптылар ата-ана құқығынан айырылып, бала аудан орталығы Саумалкөл ауылындағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған баспанаға орналастырылды. Оның жолы болды деуге болады. Өйткені заңды өкілдерінен не ата-анасынан зардап шеккен бейкүнә сәбилердің басым бөлігі біраз уақыттан соң қайтадан өз отбасына оралып жатады. Бұл дұрыс емес деп есептейді Петропавл қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның хатшысы-қала әкімі аппаратының бас маманы, әлеуметтік педагог Елена Завьялова. «Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кәмелетке толмағандардың көбі маскүнем ата-анасынан зардап шегеді. Мас адам баланы ұрып-соғып, өзін-өзі бақылай алмайды. Кейде көңілді отырыс барысында жанжал туындап, бір-біріне пышақ сұғып алатын немесе терезеден секіретін ерлі-зайыптылар бар. Олар ауруханада жатқан кезде немесе тергеу амалдары барысында балалары уақытша орталыққа орналастырылады да, жағдай тұрақталғаннан кейін немесе сот шешіміне сәйкес өз отбасына қайтарылады. Мұндай отбасыда олардың қауіпсіздігіне кім кепіл бола алады? Ешкім. Осындай ата-анадан олар қандай тәрбие алатыны – бөлек әңгіме. Дегенмен біз, әрине баланың өз отбасында тәрбиеленгенін қалаймыз», – дейді Елена Николаевна. Қатыгездіктің құрбанына айналған балаларға қамқорлық мұндай жағдайдың қайталануының және оның салдарының алдын алар еді. Солтүстік Қазақстан облысында қиын жағдайға тап болған балаларға арналған орталық саны – үшеу. Бұған қоса тірі жетім атанғандарға арналған «Балалар ауылы» бар. Бәрінде де орын саны шектеулі. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, мұнда келген балалардың тағдыры әрқилы. Оларға ортақ бір-ақ нәрсе бар – бәрі де қиын жағдайға тап болғандар. Жоғарыда айтылған зерттеу нәтижесіне сәйкес, ересектердің 65 пайызы балаларды тәртіпке шақыру үшін психологиялық, 39 пайызы физикалық зорлық-зомбылықты қолданады екен. Сауалнамаға қатысқан балалардың 62 пайызы, ал интернат мекемелеріндегі тәрбиеленушілердің 79 пайызы зорлыққа ұшырағанын айтқан. Елена Завьялова келтірген мәліметке сүйенсек, биыл Петропавл қаласында кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұқпаушылығына қатысты 8 дерек тіркелген.ТҮП-ТАМЫРЫ – БАЛАЛЫҚ ШАҚТА
Психологтардың айтуынша, балалық шағында ата-анасының мейіріміне қанбай өскен немесе жиі жазаланған балалар өсе келе зорлық-зомбылық жасауға бейім келеді. Ресми деректер бойынша, әрбір бесінші әйел мен әрбір он үшінші ер адам балалық шағында жыныстық зорлыққа, әлемдегі барлық ересектердің ширек бөлігі физикалық зорлыққа ұшыраған. Ал қазіргі балалардың тең жартысы ата-анасы тарапынан қатыгездікке тап болады екен. Соның салдарынан жүйкесі бұзылады. Бұл түрлі ауруларға, тіпті өзіне өзі қол жұмсауға әкеліп соғуы мүмкін. «Кез-келген қиянат адамның санасында өз ізін қалдырады. Заманауи нейробиологиялық зерттеулер де осыны көрсетіп отыр. Зорлыққа тап болған адамдардың миындағы өзгерістерді көзбен көруге болады. Зорлық-зомбылық салдарынан пайда болған ауытқушылықтарды емдеу үшін көп күш жұмсау керек, кейде психотерапевттің, дәрі-дәрмектің көмегіне жүгінуге тура келеді», – дейді «Көмек» тренинг орталығының жетекшісі, практикалық психолог Ғалия Әкімбекқызы. Оның пікірінше, айтқанға көнбеген баланы тәрбиелеу мақсатында жұмсақ жерінен шапалақпен ұруға да болмайды. «Мысалы, ересек адам өз жұмысын дұрыс атқармағаны үшін бастығы оны жұдырықтамайды ғой. Ендеше неліктен баланы ұру қалыпты жағдай саналуы тиіс? – дейді ол. – Бала жазадан қорқатыны рас. Бірақ бұл оның дамуына қалай әсер етеді? Қандай пайдасы бар? Мәселеге осы тұрғыдан қараған жөн». Балаларға қатысты зорлықтың алдын алу үшін көпсалалы тәсіл қажет. Ең алдымен, ата-аналардың өздерін оқытып, тәрбиелейтін мектеп құру қажет. Онда ересектер бала тәрбиелеу дағдыларын меңгеріп, тәжірибе алмасса игі. Ғалия Әкімбекқызының пікірінше, ересектер стреске төзімді болуы, позитивті көзқарасты ұстануы, мәселені сөз арқылы шешуге үйренуі, спортпен шұғылданғаны дұрыс. Сондай-ақ жаман әдеттерден (арақ ішу және т. б) арылып, өз отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуға тырысуы, балалармен, жұбайымен бірге өзіне қолжетімді мотивация қойғаны, өзіне-өзі сенімді болғаны ғанибет. Отбасындағы қарым-қатынас жайлы көркем фильмдер қарау, әңгіме тыңдау, кітап оқу да артықтық етпейді. Психолог Ғалия Әкімбекқызының ойынша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың психологиялық тұрғыдан бірнеше себебі бар. Олар: адамның жеке психотипі, стреске төзімді болмауы, агрессивті мінез-құлыққа бейімдігі, бала кезінде қиын психологиялық жағдайдан өтуі (тәрбиенің де мәні бар), заңнан қорықпау, отбасының әлеуметтік жағдайы, ішімдікқұмарлықтан да туындауы мүмкін. «Отбасына зорлық көрсететін адамның психологиялық тұрғыдан жағдайы нашар, ол жағымсыз істерді жасауды қажетсініп тұрады, яғни басқаны төмендету, оған қол жұмсау арқылы ләззат алуы мүмкін. Ал психологиялық тұрғыдан дені сау адамның бойында ондай мінез-құлық жоқ», – дейді психолог. Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Сайран Сәркенов: «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған заңнама ұдайы жетілдірілуде. Соған қарамастан қылмыстар болып тұрады. Мұндай қылмыстардың алдын алу қиын. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың 70 пайызынан астамын балалар сенім білдірген немесе жақын ортадағы адамдар жасайды. Бұл ата-анасы, өгей әкесі, туыстары, көршілері, таныстары болуы мүмкін . Сондықтан қылмыстың алдын алу үшін баланың қоршаған ортасын бақылауды күшейту керек. Бұл бағытта ата-аналар, ювеналды қызметтер мен мектептің бірлескен жұмысы өз нәтижесін бермек», – деген пікірде. Ал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы Елена Завьялова ең алдымен мектептегі әлеуметтік педагогтер тәуекел тобындағы, яғни толық емес отбасы, өгей әкесі бар, ата-анасы түрмеден шыққан отбасы балаларына назар аударуы тиіс деген ойын айтты. Қорыта айтқанда, балаларға жасалатын зорлықтың алдын алу, тым болмаса азайту үшін адамдардың мінез-құлқын өзгертуге күш жұмсаған абзал. Бұл ретте тиімділігі жоғары науқандар, насихатты арттыруға бағытталған шаралар өткізген жөн. Мамандардың пікіріне құлақ түре отыра, әлеуметтік педагог, денсаулық сақтау, білім беру салалары, полиция қызметкерлері, құқық қорғаушылардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етерліктей оқулар ұйымдастырылса, балабақшадан бастап білім бағдарламасына арнайы тренингтер енгізілсе игі деген қорытындыға келдік.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы