Індет жас талғамай тұр
Індет жас талғамай тұр
215
оқылды

Әдетте «балалар мен жасөспірімдер ағзасы ауруға төзімді» деген тәрізді пікірді көп естиміз. Әйткенмен дәл коронавирус жайына келгенде бұл сөздің де қауесет екенін аңғардық. Себебі елімізде індет жұқтырған балалар мыңдап саналады. Ауыр халде жатқандары да жетерлік. Көз жұмғандар және бар. Ал науқас бүлдіршіндердің саны артпаса, кемитін емес. Не істемек керек? Мұндайда ойға вакцина егу оралады. Әлемге кең таралмаса да, балаларға екпе салуды дағдыға айналдырған елдер баршылық. Яғни, Қазақстанға да осы мәселені көтерер кез келген секілді.

Ұрпаққа төнген қауіп

Жуырда Денсаулық сақтау ми­нистрлігі коронавирусқа шал­дық­қан балаларға қатысты деректі жариялады. Сырқаттанып жатқан жасөспірімдердің барын құлағы­мыз шалғанымен, саны көп болар деп күтпеген едік. 23 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері 34 мың балаға коронавирус жұққан екен. Ең назар салары, 2 бала COVID-тен қайтыс болған. Оның бірі – 1 жас­тағы сәби. Қазір стационарда 558 бала емделіп жатқан көрінеді. Төр­теуінің жағдайы ауыр. Арасында 13 жаңа туған нәресте бар. Ал сала мамандары жыл басынан бері ко­ронавирус жұққан балалардың тым көбейгені байқалғанын айтады. Соңғы айларда тіпті 4-5 есе артқан. Жалпы, бұл мәселеге кезігіп отырған елдер сияқты Қазақстан да шешу жолдарын қарастыра бастаған. Бұған дейін Қазақстанда 12 жастан бастап балаларға ко­ронавирусқа қарсы Pfizer вакци­насы салынуы мүмкін екені хабар­ланған еді. Қазір тек ересектер екпе салдыра алатыны белгілі. Бірақ Денсаулық сақтау министр­лігі балаларға қанша уақытта вакцина салып үлгеретінін нақты айта алмады. Себебі балаға екпе ерікті түрде, тек ата-анасының ке­лісімімен ғана салынбақ. Айт­пақшы, ведомство өкілдері «ата-аналардың жиі хабарласып, бала­сына вакцина салдырғысы ке­ле­тінін» жеткізіп отыр. Алайда елі­мізде балаларға арналған корона­вирусқа қарсы вакцина жоқ. Оның үстіне балаларды коронавирусқа қарсы вакциналауға қатысты ресми құжат қабылданбады. Ал індетке шалдыққан балалар көбейе берсе, оның залалын сөзбен айтып жеткізе алмасымыз анық. Бір сөзбен айтқанда, ұрпаққа төнген қауіп болады. Шағын дәйек кел­тірсек, ресми мәлімет бойынша Қазақстанда 12 мен 18 жас аралы­ғында 2 миллион бала бар. Бұл бүкіл халықтың 11 пайызға жуығы.

Екпеден қорқуға негіз бар ма?

Алдымен бір жайды ескере кеткеніміз жөн. Кез келген ата-ана бауыр еті баласы үшін алаңдайтыны сөзсіз. Яғни, вакцинаның қауіп­сіздігіне сенім артса да, алаңдары анық. Дегенмен екпеге күмән кел­тіріп жүргенде, індеттің жағадан ала кетуі мүмкін екені тағы бар. Ал мұндай мәселеде қайшылыққа толы дүниелер көп екенін меди­цина мамандары да айтып отыр.
– Бұл тұста жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер де вакцинаны әзірге салдыра алмай жүргенін айтқан дұрыс. Бұл сұрақтың жауа­бы әлі де зерттеліп жатыр. Негізін­де «ана сүтінде антиденелер анық­талды» деген ақпарат бар. Де­ген­мен қауіпсіздік мақсатында әзірге екпе салынбайды. Айтпақшы, жүкті әйелдер екпе салдырғаннан кейін олардың жаңадан туған балаларында да антидене пайда болған екен. Логикалық тұрғыда жоғарыдағы жағдайға ұқсас. Бірақ әзірге балаларға бүкіл елде вакцина егілмей жатыр. Балаларды қандай да бір зерттеуге қатыстыру қиын. Себебі олар өз әрекеттері үшін жауап бере алмайды, сол сияқты вакцина алуға да толыққанды келісім бере алмайды. Менің білуімше, Pfizer өз вакцинасын 12 жасқа дейінгі балаларда сынап жатыр. Бірақ біржақты пікір айтуға әлі ерте, – дейді медицина ғылым­дарының докторы, Medsupport.kz компаниясының жетекшісі Бота­гөз Кәукенова.
Негізі, әлемде балаларға еш вакцина сыналған жоқ. Әуелде ме­дицина мамандары «балалар инфекцияны әлдеқайда жеңіл өткереді және жұқтырған жағдайда оларға айтарлықтай қауіпті емес» деп санаған еді. Сондықтан бас­тапқыда балалар клиникалық зерт­теуге қатыстырылған жоқ. Жал­пы, балаларды қандай да бір зерттеуге таруға болмайды. Себебі бүлдіршін өзіне не істеп жатқанын толық түсінбей, қиналуы мүмкін. Дегенмен жасөспірімдерге де бір екпенің қажет екені айқын болды. Көптеген елде індет жұқтырған бала тым артып кеткен. Осы тұста Pfizer компаниясы 12-16 жастағы жасөспірімдерге арналған алғашқы вакцина күзде, ал одан да кіші ба­лаларға арналған екпе жылдың соңына дейін тіркеледі деп мәлім еткен-ді. Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің нұсқау­лы­ғына сай, азаматтарымызға егіліп жатқан «Спутник V» және QazCovid-In екпесі 18 жасқа толмаған балаларға және 65 жастан асқан қарттарға салынбауы тиіс. Өйткені бұл топтағы адамдарға екпе қалай әсер ететіні толық зерттелмеген. Енді балаларға вакцина егуді бастап, соның нәтижесін көре бас­таған елдерді шола кетсек. Еуро­одақ 12 жасар балалар мен одан асқандарға коронавирусқа қарсы BioNTech/Pfizer вакцинасын сал­дыра алады деп шешім қабылдаған. Еурокомиссия биыл 31 мамырда жасөспірімдерге вакцина салуды мақұлдаған болатын. Ізін ала Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі аталған топқа екпе егуді қостады. Осылай бұл Одаққа мүше елдер енді жасөсіпірімдер арасын­да вакциналау ауқымын кеңейтіп жатыр. Еуроодақ бұл әрекеті ар­қылы АҚШ пен Канададан кейін коронавирусқа қарсы вакцинаны 16 жасқа жетпегендерге салуды бастаған жұрт болып танылды. Ал халқының 80 пайызынан астамы вакцинаның екі компо­нентін де қабылдаған Израильді айтпау кетуге болмас. Қазір бұл ел тағы да BioNTech/Pfizer бөлек, «Модерна» компаниясымен де келісімшартқа отырып жатыр. Осы арқылы Израиль коронавируспен күресте өзгелерге үлгі болатындай көшбасшы мемлекетке айнал­мақшы. Одан бұрын Израильде ақпанның соңында жасы 16-дан асқандарға екпе қабылдауға рұқсат берілген еді. Өйткені сарапшылар балаларға екпе салынбаса, ұжым­дық иммунитет мүлде қалыптас­пайтынын жиі айтқан. Қытай елі болса 3 пен 17 жас аралығындағы балалар үшін вак­ци­наның қауіпсіздігін дәлелдеп үлгерді. Елдің Хэбэй провин­ция­сында коронавирус індеті өршіп кеткен кезде 3 жастан асқан 60 мың жеткіншекке екпе салынған екен. Сонда вакцина тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсеткен. Яғни, ешбір бала екпеден кейін жағдайы нашарлап, медициналық көмекке зәру болмаған. Алайда Қытайда балаларды вакциналаудың нақты жоспарын денсаулық сақтау министрлігі енді құрмақ.

Түйін:

Әрине, балалар мен жасөспі­рімдерге коронавирусқа қарсы вак­цина егу қажет деп біржақты айтуға болмайды. Үлкендер карантин талабын сақтап, вакцинаны толық алса балаларға қауіп төнбес еді. Дегенмен ересектерді вакциналау ісіндегі шабандық балаларға да вакцина егуге мәжбүр етуі мүмкін. Алайда балаларға егуге болатын Pfizer вакцинасы әлі келмегенін ескерсек, бұл мәселе қоғамда қар­сылық тудыруы мүмкін. Ал Pfizer вакцинасының жеткізілуі де көп уақытты алатынға ұқсайды. Ал оған дейін дерт жұқтырған мыңдаған баланың халі не болары белгісіз. Амандығын тілеп, қол қусырып оты­руға болмайтынын жауапты ми­нистр­лік ескерсе жөн.

Мадияр ТӨЛЕУ