Қазір еліміздің барлық өңірінде су тапшылығы сезіліп жатыр. Ал ірі қалаларда көлікті техникалық емес, ауызсумен жуатын орындар көп. «Судың да сұрауы бар» дегендей, енді тіршілік нәрін дұрыс тұтынуды білмесек, онсыз да жартылай шөлейт құрлығымызды шөлге айналдыруымыз ықтимал. Бұл мәселені Үкімет те мойындап отыр.
Әлемді шөл қысып барады
Жалпы, ХХІ ғасырда жер шарындағы парник эффектіне және климаттық өзгерістерге байланысты біраз ел қуаңшылыққа ұшырап жатыр. Мысалы, қазір 2,21 миллиард адам таза суға зәру десек, су сапасының төмендігі салдарынан 4,52 миллиард адам санитарлық талапқа сай өмір сүре алмай отыр. Ең сорақысы, жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi екен. Оның ішінде әр жылы 5 жасқа толмаған 300 мыңға жуық бала жұқпалы ішек ауруларынан көз жұмып жатыр. БҰҰ мамандарының 20 жылға жасаған көлемді есеп құжатында осы ғасырда шамамен 130 ел қуаңшылықтан зардап шегуі мүмкін екені ескертілген. Ал ЮНЕСКО-ның әлемдік су есебіне сүйенсек, 2030 жылға дейін су тапшылығы әлем көлемінің 40 пайызына тарайды-мыс. Дүниежүзілік банк сарапшылары да «2050 жылға қарай Орталық Азиядағы су тапшылығы өңірдегі жалпы ішкі өнімді 11 пайызға төмендетуі мүмкін» деп болжаған. Осындай мысалдар негізінде, табысы төмен және орта деңгейдегі 140 елдің суға қол жеткізуі үшін 2016-2030 жылдар аралығында бөлінуі тиіс жылдық қаражат 114 миллиард долларға жетіп отыр. Негізінен су тапшылығы оны тиімсіз қолданудың кесірінен басталғаны анық. Айталық, алақандай ғана Түрікменстан жан басына шаққанда 5,5 мың текше метр су шығындайтын көрінеді. Ал бұл дегеніңіз алып АҚШ-тың көрсеткішінен 4 есе, тіпті Қытайда тіркелген су ресурстарын пайдалану деңгейінен 13 есе көп! Су ресурстарын тиімсіз пайдаланатын елдер қатарында 4 және 5-орындарда тұратын Өзбекстан мен Қырғыз елінің әр тұрғыны шамамен 2 мың текше метр су жұмсайды. Сондай-ақ бұл тізімде Тәжікстан 7-ші, Қазақстан 11-орында тұр. Осылайша, трансшекаралық өзендерді сорға айналдырып тынсақ, алдағы 20 жылда тұщы су қоры азайып, оны тұтыну көрсеткіші 56 пайызға жетуі мүмкін екен. Өйткені Қазақстандағы негізгі су көздерінің бастауы сыртта жатыр. Соны ескерген ел Үкіметі «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын дайындауға кірісті. Одан қандай нәтиже шығарын әзірге білмейміз.Ауыл жұрты арба сүйреп жүр
Жалпы біз бар суды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Ресми дерекке сенсек, елімізде судың 67 пайызы – ауыл шаруашылығына, 30 пайызы – өнеркәсіпке, қалғаны шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке жұмсалады екен. Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев: «Су саласынан көріп отырған негізгі тәуекел – ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырым болды және 2040 жылға қарай 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған орай, біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сияқты бірқатар шараны қабылдауымыз керек. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа. Бұл ретте саланың ұзақ жылдан бері қордаланып қалған проблемалары бар екенін де ескерген жөн. Мысалы, суға тариф есептеудегі тетіктің әлі күнге бірізге түспеуі мен тұтас республикадағы жағдайды жетік білетін білікті кадр тапшылығы байқалады. Сондай-ақ елдегі каналдардың 18 мың шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді десек, инфрақұрылымның тозуы кей өңірде 80 пайызға жеткен.Экологиялық апатқа ұшырай бастадық
Қоршаған ортаның бүлініп, жерасты суының құрып кетуіне табиғи және техногендік процестердің ықпалы зор екенін де мойындау керек. Атап айтқанда, Түркістан облысының Созақ ауданында уран өндіруден бүлінген жерасты сулары жергілікті тұрғындардың денсаулығына зиян келтіріп жатыр. Сонымен қатар кезінде Өскемен қаласындағы зауыттан далаға ағып, жерге сіңіп кеткен жүздеген тонна сынап қазір жылжып, Ертіс өзеніне жақындап қалды. Егер оның алдын алмасақ, сынап өзеннің суына қосылады да, төменгі ағыстағы елді мекендерді орасан шығынға батырады. Апаттың үшіншісі – Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтардың 1957 жылмен салыстырғанда 30 пайызға кемігені. Егер ол күтілгендей, 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін түссе, түбінде Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы су арналарының суалып-тартылып, жаппай құрғақшылық жағдайына әкелуі мүмкін екен. Себебі 50-жылдары Қазақстандағы су қоры 120 миллиард текше метр шамасында болса, қазір оның көлемі 100 миллиард текше метрге дейін кеміді деген болжам бар. Мысалы, жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінде 3 мыңнан астам көл болса, қазір соның 200-і ғана қалған. Ал эколог Тимур Елеусізовтің айтуынша, Балқаш көліне соңғы 15 жылдан бері кешенді зерттеу жүргізілмеген. 2012 жылдың өзінде көлдің беті теңіз деңгейінен төмендеп кетіпті. «Балқаштың тартылуы бүкіл Қазақстанда экологиялық апат тудырады. Оның тұзы жүздеген, тіпті мыңдаған шақырымға ұшып, тау басындағы мұздықтарды ерітеді, яғни негізгі тұщы су қорынан айырыламыз. Ең бірінші кезекте Алматы сусыз қалуы мүмкін», – дейді эколог. Оның айтуынша, Балқаштың маңайындағы облыстарда барлығы 3 миллион адам тұрады. Көл тартылса, жаппай миграция жүретіні анық.Түйін:
Таяуда елдегі өзендердің ластануы мен құрғап қалу проблемалары, арналарда заңсыз құрылыстар салу фактілері, елді мекендерді сумен жабдықтаудың мардымсыз жағдайы «Nur Otan» партиясы Экологиялық кеңесінің отырысында да талқыланды. Сол сәтте «Nur Otan»-ның өңірлік экологиялық кеңестері жасаған 200 түйінді мәселенің тізімі қаралған болатын.
Еркеғали БЕЙСЕН