Теңіздің ақ алабұғасын өсіретін кешен салынады
Теңіздің ақ алабұғасын өсіретін кешен салынады
270
оқылды

Осыдан он шақты жыл бұрын Қапшағайда Қиыр Шығыстан тасымалданатын мұхит пен теңіз балықтарын тереңдете өңдейтін зауыт салынып, елге таңсық балық өнімдерін өзімізде әзірлейміз деп сүйіншілеткен едік. Алайда жалаулатып ашылған кәсіпорынның бастапқы қадамының өзі сәтті бол­мады. Дегенмен енді жаңасы іске қосылмақ. 

Су қоймасы жағасын­дағы қалада толық қуатына ен­генде жылына 10 000 тонна те­ңіздің ақ алабұғасын (баррамунди) өсіретін «Оспанова девелопмент» балық өнеркәсібі кешенінің ірге­тасы қаланды. Берері мол болады деп болжанып отырған жобаны жүзеге асыруға бағытталған бас­тапқы қадамға куә болуға Эко­логия, геология және табиғи ре­сурс­тар министрі Мағзұм Мыр­зағалиев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, жобаның бастамашысы «Оспанова деве­лопмент» ЖШС құ­рылтайшысы Александр Белович қатысты. Олар кешеннің қазығын қағып, іргесінің алғашқы тасын қалады. Мемлекет басшысы да өзінің халыққа арнаған Жол­дауында балық шаруашылығын дамыту қажет екенін алға тартып, тұр­ғындардың балық өнімін тұ­тыну мөлшерін арттырудың жаңа жо­баларын жүзеге асыруды тап­сырған еді. Осыған байланысты Үкі­мет балық шаруашылығын да­мы­тудың ұзақмерзімді бағдар­ламасын бекітті, онда 2030 жылға қарай жы­лына 270 мың тонна ба­лық өсіру көз­делген. Бұл үшін балық шаруашы­лығын мемле­­кеттік қолдау шараларын кеңей­тіп, балық өсірудегі ілеспе ба­ғыттарды дамыту үшін жағдай жа­салуы тиіс. – Балық өсіруді барынша арт­тыру үшін осы бағытқа жарамды су ай­дындарын кеңінен пайдалану және жаңа индустриялық балық өсіру шаруашылықтарын іске қо­су жос­парланып отыр, – деді Эко­логия, геология және табиғи ре­сурс­тар ми­нистрі Мағзұм Мыр­за­ғалиев шаруа­шылықтың іргетасын қалауға арнал­ған шарада. Қапшағайда іргетасы қалан­ған, индустриялық балық өсіру ша­руашы­лықтары санатына кіре­тін «Оспанова девелопмент» ке­шені осы өңірдегі «Арна» индус­триалды аймағында орналасқан. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 67 млрд теңге инвестиция салу жоспарланыпты және 300 жұмыс орнын ашу ойластырылыпты. Ке­шен­ді жасақтаушылардың таң­дауы түс­кен теңіздің ақ алабұғасы (бар­рамунди) жыртқыш балықтар тобына жатады. Негізгі азығы – ұсақ балық­тар мен шаяндар, су жәндіктері. Ұзындығы екі метрге, салмағы 60 келіге дейін өсетін ба­лықтың еті аса құнарлы, қылта­нағы аз. Сондықтан да тауарлық құны аса бағалы. Қазір облыстағы «Талды­қорған», «Береке», «Арна», «Бо­ралдай», «Қа­зыбек бек», «Қайрат» сынды индус­триалды аймақтарда аса ірі жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне қыз­мет етіп жатыр. Со­ның бірі – балық шаруашылығында жаңалық болып отырған кешеннің қазығы қағылған, жалпы аумағы 1 300 гектарды алып жатқан, оның ішінде өндірістік ау­мағы 810 гек­тар «Арна» индустриалды аймағы. Аталған аймақта 2021-2025 жыл­дар аралығында құны 200 млрд теңге 7 үлкен инвестициялық жо­­ба жү­зеге асырылып, 4 500 жұ­мыс орны құ­рылады деп жоспар­ланған. «Арна» индустриалды ай­мағы бір арнаға түсу үшін бү­гінге дейін де біраз жұмыс атқарылыпты. – «Арна» индустриалды айма­ғы 2006 жылы құрылды. Басты мақсаты – Алматы қаласындағы ірі кәсіп­орындарды осы аймаққа орналас­тырып, оңтүстік аста­наның эколо­гиялық жағдайын оңалта отырып, агломерацияның өндірістік әлеуетін арттыру бо­латын. Алайда ол кезде аймақтағы инженерлік желілер дұрыс бол­мағандықтан инвесторлар аса на­зар аудармады. Кейінгі жыл­дары біз «Арна» индустриалды аймағының инженерлік желілерін жаңғыртып, теміржол тармағын тартып, жол салып, электр желі­лерін жаңартқан­нан кейін ин­дустриалдық аймаққа инвестор­лардың қызығушылығы арта түсті. Қазір бірталай ірі жобалар ат­қарылып жатыр. Алдағы уақытта фармацевтикалық өнімдер мен жартылай фабрикаттар шыға­ра­тын бірқатар кәсіпорын ашу жос­парда тұр, – дейді Алматы облысының әкімі. Құрылысы енді басталған «Ос­панова девелопмент» балық өнер­кәсібі кешені облыс әкімі атап кеткен ірі инвестициялық жобалардың қатарын толық­ты­рады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы