Соңғы бесжылдықта әлеуметтік желілердің қоғамға деген ықпалы тым артты. Қазір желілер табыс табудың негізгі құралына айналды. Осындай танымал бағдарламалардың бірі – TikTok. Әлемде өзге желілерден қарағанда жазылушылары тым көп. Соңғы кездері TikTok house атты ұғым кең тарала бастады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желі арқылы мол ақша табатын «отбасы». Дегенмен ақша тапты екен деп блогерлердің барлық іс-әрекетін дұрыс дей аламыз ба? Себебі олардың ерсі қылықтары жасөспірімдерді теріс бағытқа бұрып бара жатқандай.
Танымалдың бәрі үлгі бола ма?
TikTok соңғы 2 жылда үлкен қарқынмен өсті. Қазір бұл желіде қазақстандық жасөспірім блогерлер де миллиондаған теңге табыс табады. Әуелі TikTok һouse-тың не екеніне тоқталсақ. Бір сөзбен айтқанда, бұл –TikTok «үйлері». Бұл ұғым алғаш рет 2019 жылы АҚШ-та пайда болды. Блогерлер жиналып, бір үйде тұрып, бірге бейнежазба түсіреді. Осылай өз командасы мен кеңістігін қалыптастырады. Көп ұзамай осындай «үйлер» бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да ашыла бастады. Бүгінде мұнда жеке пайдаланушылармен қатар, брендін дамытқысы келетін компаниялардың да TikTok-қа қызығушылығы артып отыр. Әсіресе, блогер мен кәсіпкерлер үшін жарнама жасауға жаңа мүмкіндік туды. Егер ебін тапса, қарапайым қолданушылар да TikTok арқылы табыс таба бастады. Ал енді қазақстандық TikTok һouse-қа тоқталсақ. Елімізде ең танымалдары – Bip house, Savage house, Yolo house, және Kex house. Қазақстанда пайда болған ең алғашқы әрі ең танымал TikTok house – Bip house болатын. Шығармашылық топ мүшелері өздері туралы 2020 жылы шілдеде ресми мәлімдеді. Bip house ашылған бірінші күні аккаунтына лезде 100 мың адам жазылған. Қазір олардың 10 миллионнан аса жазылушысы бар. 10 адамнан тұратын «үй» Алматы қаласының маңында орналасқан. Айтпақшы, бұл «отбасы» танымалдылық жағынан әлемде үшінші, ал ТМД елдері бойынша бірінші орынға ие. Yolo house былтыр қазанда ашылғанына қарамастан, қазір 5 миллионнан аса жазылушы жинап үлгерді. Командада 7 тиктокер бар. Бір мүшесі – Yolo есімді мысық екен. Тағы бір ерекшелігі – топта әртүрлі ұлт өкілдері бар. Ал үздік үштікті Қазақстанда екінші болып құрылған Savage house қорытындылайды. Алғашқы 3 ай уақытта 379,5 мың адам жинаған. Қазір бұлардың 600 мыңға жуық жазылушысы бар. Жалпы, басылған лайк саны әлдеқашан 20 миллионға жеткен. Команда құрамында 8 тиктокер бар, олардың қатарында елге Kagiristwins деп танылған егіз қыздар да бар. Томирис және Наргиз есімді егіздер TikTok-тағы фоллоуерлер саны бойынша Қазақстандағы тиктокерлердің көшін бастап тұр. Дегенмен тиктокерлер қауымын жастарға үлгі ретінде санауға бола ма? Бозбалалар мен бойжеткендер арасында әлем бойынша кеңінен қолданылатын желіде қабылдауға қиын жазбалар да жетерлік. Ал оны көрген балалардың санасында өзгеше бетбұрыс болары айтпаса да белгілі.«Атың шықпаса жер өртенің» кебі ме?
TikTok қосымшасы басқа әлеуметтік желілер секілді видеоларын сүзгіден өткізбейді. Яғни, экстремизмді нәсихаттап жатсаңыз да көңіл бөлмеуі мүмкін. Біреуді кемсіткен пікірлер жазатындардың да аккаунтын бұғаттамайды. Әркім өзі қожа, өзі би мұнда. Салдарынан бұл платформа арқылы теріс пиғылдылар да ойындағысын іске асыратындай. Мәселен, Еуропа мен Ресейде тым ашық киініп, камера алдында билеген қыздар педофилдердің құрығына түсіп жатқан көрінеді. Әлем елдерінде мұндай оқиғалар жиілеп кеткен. Абырой болғанда, елімізде мұндай жағдай әлі тіркелген жоқ. Десе де, мамандар жастар қайда болса, арам пиғылды адамдардың сонда болуы заңды құбылыс дейді. Айтпақшы, танымал болғысы келген тиктокерлер небір қауіпті әрекеттер істеп жатады. Мысалы, былтыр жыл соңында жасөспірім Ақтауда көпқабатты үйдің шатырына шығып, сальто жасаған болатын. Кейін баланың кім екені анықталып, әке-шешесі жауапқа тартылды. Кəсіби психолог Дəулет Өскенбаев тегін жатқан ешқандай дүние жоқ екенін айтады. – Бұл жерде пайда көздеген топтардың мүддесі тұр. «Оңай олжаға кенелту», «жоқ нәрсені көзге елестету» тәсілдерінің бәрі –сихологиялық манипуляция. Оны арнайы курстар арқылы да əбден үйреніп алуға болады. Тіпті, екі адам бір нәрсеге бәстесіп қалса, ұтылған адамның көңілі пәс тартады ғой. Ал жаңағы «ойындарға» мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдар қатысып жатыр. Тобырлық санаға ерген адамдардың арқасында оңай ақша жасап, пайдаға кенеліп жатқандар бар. Себебі біздің санамызда ақшаға деген көзқарасымыз тұрпайы. Ең басты құндылық – адам емес, ақша деп ұғынатын болдық. Сосын оқыған, сауатты, шынайы жұмыс істейтін адамның 24 сағат бойы əәлеуметтік желіде отыратын уақыты болмайды ғой, – дейді маман. Қалай болғанда да, әлеуметтік желі хабар алмасу, байланыс, жаңалықтармен қатар, тұрпайы істердің де «жаршысы» болып отыр. Оларды түбегейлі жою – тығырықтан шығар жол емес. Абзалы, саналы адам «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренсе» керек. Ал балалардың жайына келгенде, бұл мәселе күрделілігін арттыра беретін тәрізді.Мадияр ТӨЛЕУ