Ауылға көмек ешқашан толастар емес. Өйткені ауыл – тіршілік көзі, қаланы асыраушы. Ауыл десе мыңғырған мал, ет, сүт келеді көз алдымызға. Ауыл – бидай, ауыл – нан. Қарағанды облысында да ауылға көмек, ауылға жәрдем айтарлықтай жасалып жатыр.
Агроөнеркәсіпке субсидия бар
Қарағанды қаласында Antikor.Live жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің «Антикор орталығында» департамент басшысының бірінші орынбасары Асхат Оразхан мен Қарағанды облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаровтың қатысуымен ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселелері бойынша тікелей эфир өтті. А.Санаубаровтың мәліметі бойынша, 2020 жылы республикалық бюджеттен 19 бағдарлама бойынша 19,9 млрд теңге көлемінде субсидия төленді, 6 бағдарлама бойынша 11 млрд 512 млн теңге игерілді, облыстық бюджеттен 13 бағдарлама бойынша 8 млрд 396 млн теңге төленді. 2021 жылға белгіленген лимитке сәйкес 18 бағдарлама бойынша барлығы 16,1 млрд теңге қарастырылған. Облыстық бюджеттен 13 бағдарлама бойынша барлығы 8,5 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 4 бағдарлама бойынша 2,7 млрд теңге, мал шаруашылығы саласында 3 бюджеттік бағдарлама бойынша 5,8 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Қарағанды облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы субсидиялаумен байланысты 15 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қазір бұл қызметтер толығымен автоматтандырылған «Қолдау» және «Субсидиялаудың ақпараттық жүйесі» екі ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл субсидиялау бойынша қабылданатын шешімдердің транспаренттілігін қамтамасыз етеді. «Өсімдік шаруашылығы» бағыты бойынша бөлінген қаражат есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарының 6 мың тоннадан астам өнімділігі жоғары тұқымдарын сатып алу қамтамасыз етілді. 493 мың литр көлемінде пестицидтерді сатып алуды субсидиялау жүзеге асырылды және 425,1 мың га өңделді. Бұдан басқа, 5,8 мың га алаңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен су жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялау қамтамасыз етілді, 173,4 мың га алаңда 12,7 мың тонна минералдық тыңайтқыштар сатып алу қамтамасыз етілді. «Мал шаруашылығы» бағыты бойынша 5 659 585 мың теңге көзделген қаражат есебінен тауар өндірушілердің селекциялық және асылтұқымдық жұмысты жүргізгені және мал шаруашылығы өнімі өндірісінің құнын арзандатқаны үшін шығындарын субсидиялау жүзеге асырылатын болады.Тіршілік нәрі – су
Аймақтағы бірқатар ауданда тіршілік нәрі – суға зәру ауылдар жетерлік. Ал Жезқазғанда жерасты суының бай қоры бары дәлелденген. Бұл ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық суға деген қажеттілікті қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ ауызсу мәселесі, дәлірек айтсақ, оның тапшылығы күн тәртібінен әлі түбегейлі түспей тұр. Суға зәрулік салдарынан Жезқазғанда жиі шу шығып жатады. Енді бұл мәселе шешіледі. Қарағанды облысының тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов айтып берді. – 2021 жылы облыста 265 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілерін салу және қайта қалыпқа келтіру жоспарланды. Бүгінде сумен жабдықтау желілері Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарының бірқатар ауылдарындағы үйлерге жүргізілген. Мысалы, Нұра ауданының Қарой ауылында бұрын орталық сумен жабдықтау болмаған, тұрғындар су алу үшін даладағы құбырлардан алуға мәжбүр болды, – дейді Ұлантай Үсенов. Басқарма басшысы жыл соңына дейін Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланғанын айтты. Оның іске қосылуы Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде облыс бойынша 86 елді мекенде жерасты су көздерін барлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Жарлы-Қарқаралы су тартқышын салуға жоба әзірленген, оны іске асыру Қарқаралы халқын тұрақты сумен қамтамасыз етеді. Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында желілерді қайта құру ісі жалғасып жатыр. – Бұқар Жырау ауданы Асыл ауылында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Қазір оның тұрғындары тасымалданып алып келетін суды пайдаланады. Ұлытау ауылында тазарту құрылғыларының құрылысы аяқталады, – деп қосты Ұлантай Үсенов.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы