QazVac: отандық екпе неге жетпей жатыр көпке?
QazVac: отандық екпе неге жетпей жатыр көпке?
© коллаж: Әсел Балтақызы
197
оқылды

Коронавирус кеселі өңірлерде өрши түсті. Жамбыл облысы 18 шілдеден бас­тап «қызыл аймақта». Жергілікті билік індет жұқтырмаудың бірден-бір жолы вак­цинация екенін айтқанымен, тұрғындардың дені екпе салдыра алмай жүр. Оған себеп – бұқара емха­налардан көңіліндегі екпені таба алмауда. Ал жап­пай салынып жатқан ресейлік «Спутник V» вакцинасына көпшіліктің үміттен гөрі үрейі басым болып тұр.

Қанша вакцина келді?

Ең әуелі соңғы эпидемио­ло­гиялық ахуалға тоқталсақ, облыс бойынша есепті кезеңде 11 563 адам коронавирус инфекциясын жұқтырыпты. Пневмониямен 5 624 адам ауырған. Өлім көрсет­кіші 85 адамды құрап отыр. – 26 шілде күні инфекциялық стационарға 1 750 адам түсті. Бұл дайындалған төсек-орнының 54 пайызын толтырып отыр. Ал жансақтау бөлімінде 110 науқас жатыр. Карантин стационарына 68 азамат орналастырылса, 50 науқас емделіп шықты. Тәулік бойы 700-ге жуық ша­қырту түсіп жатса, облыс бойын­ша 159 мобильді топ жұмыс іс­теуде. Жедел жәрдемді шақырту 123-ке артып, 2 406-ы құрап отыр. Осыған орай коронавируспен ауырған науқастарды емдеу үшін 1 540 инфекциялық және 188 реанимациялық төсек-орны да­йындалуда. Коронавирусты ем­деу­ге қажетті дәрі-дәрмектің 2 ай­­лық қоры сақталып тұр, – дейді облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Вакцинацияға келер болсақ, өңір бойынша 18 жастан асқан 582 000 тұрғынға екпе салу жос­пар­ланған. Қазір 274 683 адам ек­пе алып, жоспарлы меженің 47,2 пайызын құрап отыр. Биыл 1 ақпаннан бастап об­лысқа 10 000 доза QazVac отандық вакцина (5 000 адамға), 241 400 доза «Спутник V» вакцинасының 1-компоненті және 191 700 доза 2-компоненті, 60 000 доза (30 000 адамға) Hayat-Vax вакцинасы және 34 000 доза (17 000 адамға) CoronaVac вакцинасы келген. Жалпы өсіммен 274 683 азамат 1-компонентімен, оның ішінде 5 000 адамға – отандық, 222 780 адамға – «Спутник V», 29 911 адамға – «Hayat-Vax» және 16 992 тұрғынға «CoronaVac» вакцинасы салынған.

Қанша вакцина қалды?

Міне, бұл облысқа келген вак­цина мен егілген адамдардың саны. Ал енді қорымызда қанша вакцина қалып отыр? Тұрғындар не себепті көңіліндегі вакцинаны таба алмай, емханалардың есігін тоздырып жүр? Денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, екпе егу жұ­мыстары басталғаннан бері об­лысқа әртүрлі компанияның 302 мың вакцинасы келген. Соның бүгінде 26 мың дозасы қалған көрінеді. – Қорда қазір «Спутник V» вакцинасы ғана болып тұр. Оның бірінші компонентінің 18 620, екінші компонентінің 67 636 дозасы бар. QazVac пен Hayat-Vax-тың бірінші компонентінен мүлде жоқ. QazVac-тың тек екінші ком­понентінен 1 947 доза және Hayat-Vax-тың екінші компонентінен 2 829 доза қалып отыр. Оны біз ек­пенің бірінші дозасын қабыл­даған адамдарға саламыз. CoronaVac вакцинасына келсек, бі­рін­ші ком­понентінің 8 және екін­ші ком­по­нентінің 3 855 дозасы сақтау­лы тұр, – дейді басқарма басшысы. Міне, қорда қалып отырған вакцинаның мөлшері – осы. Де­мек, бұқара тектен-тек шырылдап жүрген жоқ. Дәл қазір Жамбыл облысын жеті айналсаң да «Спут­ник V» вакцинасынан басқасын таба алмайсың. Ал бұл екпеге халықтың үмітінен гөрі үрейі мен күдігі басым. Себебі ел арасында ресейлік екпені салдырғаннан ке­йін ауырған немесе тіпті өмір­ден өтіп кеткен адамдар туралы әңгіме жиі айтылады. Денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Әсет Қалиев өңірге ресейлік вакцинаның көп дозасы келгендіктен, екпе алған­дардан түрлі белгілері байқалып жатқанын айтады. Алайда облыс­тың бас дәрігері кез келген вак­цинаның өзіндік әсері болатынын алға тартады. – QazVac-тың Жамбыл об­лы­сына 5 000 адамға ғана шақ­тал­ған дозасы келді. Сол себепті бітіп қа­лып отыр. Алайда қыр­күйек айын­да Қордай ауданын­дағы за­уыт то­лықтай іске қосыл­ғанда қосымша вакцина келеді деп кү­тілуде. Одан бөлек, жуырда Pfizer компания­сының да вак­ци­насы өңір­ге жет­кізіледі. Ол екпені 12 жас­тан жо­ғары балаларға салуға болады. Жасыратыны жоқ, қазір ко­ронавирус індетінің жаңа шта­мымен облыста 53 бала ауырып жатыр. Оның біреуінің жағдайы ауыр. Сондықтан Pfizer вакци­насының аймаққа тез келіп, оны балаларға салуға Үкіметтің рұқсат беруін кү­тіп отырмыз, – дейді Әсет Әскерұлы.

Вакцина салдырмай індеттен сақтануға бола ма?

Негізі, Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проб­ле­малары ғылыми-зерттеу инсти­ту­ты сәуір айында 50 мың доза QazVac вакцинасын шығарған бо­латын. Бұл 25 000 адамға жетеді деп күтілген. Соның Жамбыл об­лысына 10 000 (5 мың адамға есеп­­телген) дозасы ғана келген. Алайда Үкімет басшысының ­ор­ын­басары Ералы Тоғжанов ма­мыр айында тағы 50 мың доза отан­дық вакцинаны шығару үшін Түр­кия мемлекетімен келіссөз жүр­гізіліп жатқанын айтқан болатын. «Түркия мемлекетінің вакци­насы болмағанымен, үлкен өнді­ріс орындары бар. Сол себепті олар­мен алдын ала келісімге кел­дік. Сондай-ақ Түркия елімен зауытты сүйемелдеу және салу туралы мә­міле де жасалды. Бұдан бөлек, вак­цинаның халықаралық стан­дарттарға, бірінші кезекте GMP талаптарына сәйкес келуі үшін және жабдықтың өзін мон­таждауға демеу көрсету туралы уағ­даластық болды. Яғни, Түр­кияда тек құйы­лады, ал өндіріс біздікі» деген еді сол кезде Ералы Тоғжанов. Алайда мамыр айы былай тұр­сын, шілде айының өзінде QazVac вакцинасының қосымша дозасы шық­пағанын ескерсек, түріктер­мен ел Үкіметі мәмілеге келе ал­ма­ған секілді. Енді тек Қордай ауда­нын­дағы зауыт іске қосы­ла­тын қыр­күйек айын күтуге тура келіп отыр.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы