Коронавирус кеселі өңірлерде өрши түсті. Жамбыл облысы 18 шілдеден бастап «қызыл аймақта». Жергілікті билік індет жұқтырмаудың бірден-бір жолы вакцинация екенін айтқанымен, тұрғындардың дені екпе салдыра алмай жүр. Оған себеп – бұқара емханалардан көңіліндегі екпені таба алмауда. Ал жаппай салынып жатқан ресейлік «Спутник V» вакцинасына көпшіліктің үміттен гөрі үрейі басым болып тұр.
Қанша вакцина келді?
Ең әуелі соңғы эпидемиологиялық ахуалға тоқталсақ, облыс бойынша есепті кезеңде 11 563 адам коронавирус инфекциясын жұқтырыпты. Пневмониямен 5 624 адам ауырған. Өлім көрсеткіші 85 адамды құрап отыр. – 26 шілде күні инфекциялық стационарға 1 750 адам түсті. Бұл дайындалған төсек-орнының 54 пайызын толтырып отыр. Ал жансақтау бөлімінде 110 науқас жатыр. Карантин стационарына 68 азамат орналастырылса, 50 науқас емделіп шықты. Тәулік бойы 700-ге жуық шақырту түсіп жатса, облыс бойынша 159 мобильді топ жұмыс істеуде. Жедел жәрдемді шақырту 123-ке артып, 2 406-ы құрап отыр. Осыған орай коронавируспен ауырған науқастарды емдеу үшін 1 540 инфекциялық және 188 реанимациялық төсек-орны дайындалуда. Коронавирусты емдеуге қажетті дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры сақталып тұр, – дейді облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев. Вакцинацияға келер болсақ, өңір бойынша 18 жастан асқан 582 000 тұрғынға екпе салу жоспарланған. Қазір 274 683 адам екпе алып, жоспарлы меженің 47,2 пайызын құрап отыр. Биыл 1 ақпаннан бастап облысқа 10 000 доза QazVac отандық вакцина (5 000 адамға), 241 400 доза «Спутник V» вакцинасының 1-компоненті және 191 700 доза 2-компоненті, 60 000 доза (30 000 адамға) Hayat-Vax вакцинасы және 34 000 доза (17 000 адамға) CoronaVac вакцинасы келген. Жалпы өсіммен 274 683 азамат 1-компонентімен, оның ішінде 5 000 адамға – отандық, 222 780 адамға – «Спутник V», 29 911 адамға – «Hayat-Vax» және 16 992 тұрғынға «CoronaVac» вакцинасы салынған.Қанша вакцина қалды?
Міне, бұл облысқа келген вакцина мен егілген адамдардың саны. Ал енді қорымызда қанша вакцина қалып отыр? Тұрғындар не себепті көңіліндегі вакцинаны таба алмай, емханалардың есігін тоздырып жүр? Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, екпе егу жұмыстары басталғаннан бері облысқа әртүрлі компанияның 302 мың вакцинасы келген. Соның бүгінде 26 мың дозасы қалған көрінеді. – Қорда қазір «Спутник V» вакцинасы ғана болып тұр. Оның бірінші компонентінің 18 620, екінші компонентінің 67 636 дозасы бар. QazVac пен Hayat-Vax-тың бірінші компонентінен мүлде жоқ. QazVac-тың тек екінші компонентінен 1 947 доза және Hayat-Vax-тың екінші компонентінен 2 829 доза қалып отыр. Оны біз екпенің бірінші дозасын қабылдаған адамдарға саламыз. CoronaVac вакцинасына келсек, бірінші компонентінің 8 және екінші компонентінің 3 855 дозасы сақтаулы тұр, – дейді басқарма басшысы. Міне, қорда қалып отырған вакцинаның мөлшері – осы. Демек, бұқара тектен-тек шырылдап жүрген жоқ. Дәл қазір Жамбыл облысын жеті айналсаң да «Спутник V» вакцинасынан басқасын таба алмайсың. Ал бұл екпеге халықтың үмітінен гөрі үрейі мен күдігі басым. Себебі ел арасында ресейлік екпені салдырғаннан кейін ауырған немесе тіпті өмірден өтіп кеткен адамдар туралы әңгіме жиі айтылады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев өңірге ресейлік вакцинаның көп дозасы келгендіктен, екпе алғандардан түрлі белгілері байқалып жатқанын айтады. Алайда облыстың бас дәрігері кез келген вакцинаның өзіндік әсері болатынын алға тартады. – QazVac-тың Жамбыл облысына 5 000 адамға ғана шақталған дозасы келді. Сол себепті бітіп қалып отыр. Алайда қыркүйек айында Қордай ауданындағы зауыт толықтай іске қосылғанда қосымша вакцина келеді деп күтілуде. Одан бөлек, жуырда Pfizer компаниясының да вакцинасы өңірге жеткізіледі. Ол екпені 12 жастан жоғары балаларға салуға болады. Жасыратыны жоқ, қазір коронавирус індетінің жаңа штамымен облыста 53 бала ауырып жатыр. Оның біреуінің жағдайы ауыр. Сондықтан Pfizer вакцинасының аймаққа тез келіп, оны балаларға салуға Үкіметтің рұқсат беруін күтіп отырмыз, – дейді Әсет Әскерұлы.Вакцина салдырмай індеттен сақтануға бола ма?
Негізі, Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты сәуір айында 50 мың доза QazVac вакцинасын шығарған болатын. Бұл 25 000 адамға жетеді деп күтілген. Соның Жамбыл облысына 10 000 (5 мың адамға есептелген) дозасы ғана келген. Алайда Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов мамыр айында тағы 50 мың доза отандық вакцинаны шығару үшін Түркия мемлекетімен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. «Түркия мемлекетінің вакцинасы болмағанымен, үлкен өндіріс орындары бар. Сол себепті олармен алдын ала келісімге келдік. Сондай-ақ Түркия елімен зауытты сүйемелдеу және салу туралы мәміле де жасалды. Бұдан бөлек, вакцинаның халықаралық стандарттарға, бірінші кезекте GMP талаптарына сәйкес келуі үшін және жабдықтың өзін монтаждауға демеу көрсету туралы уағдаластық болды. Яғни, Түркияда тек құйылады, ал өндіріс біздікі» деген еді сол кезде Ералы Тоғжанов. Алайда мамыр айы былай тұрсын, шілде айының өзінде QazVac вакцинасының қосымша дозасы шықпағанын ескерсек, түріктермен ел Үкіметі мәмілеге келе алмаған секілді. Енді тек Қордай ауданындағы зауыт іске қосылатын қыркүйек айын күтуге тура келіп отыр.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы