31 миллиард несиелендіруге жұмсалды
31 миллиард несиелендіруге жұмсалды

Aiqyn газетінің 23 шілде күні шыққан «31 миллиард қайда кетті?» мақаласында көтерілген мәселе бойынша «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ жауап берді. Банктің баспасөз қызметінің айтуынша, бұл соманы банк өзінің қызметі шеңберінде түрлі бағдарламалар бойынша несие беруді жүзеге асыруға пайдаланады.

«Тұрғын үй және аралық заемдар депозиттік база есебінен беріледі. Ал алғашқы жарнасы сатып алынған тұрғын үй құнының 50 пайызынан төмен және несие бойынша пайызы нарықтық мөлшерлемеден арзан болып келетін алдын ала заемдар, клиенттердің қарыз қаражаты есебінен беріледі. Себебі «Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы туралы» Заңына сәйкес, тұрғын үй құрылыс жинақ қаражатын алдын ала тұрғын үй несиесін беру үшін пайдалануға болмайды», – дейді баспасөз қызметінің директоры. Сондықтан алғашқы жарнасы 10 пайыз, несие бойынша пайыздық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары іске асырылған жағдайда, қаражат көзі – республикалық бюджеттен алынады. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, «Отбасы Банк» алғашқы жарнасы төмен, несие бойынша пайызы нарықтық мөлшерлемеден арзан жеке бағдарламаларын да жүзеге асырады. Атап айтсақ, әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Әскери баспана», «Өз үйім», «Алматы жастары», т.б. бағдарламалар бар. Банк осы бағдарламалар бойынша несие беру үшін нарықтан қаражат тартады және ресурстардың нарықтық құнын ескере отырып, тартылған қаражаттарды меншікті қаражаттарымен (таза кірісті қоса алғанда) араластырады. Бұл қарыз алушының несие бойынша төлейтін пайыздық мөлшерлемесін нарықтық бағадан төмен етуге мүмкіндік береді. «Банктің 2020 жылғы таза кірісі 31 784 млн теңге. Бұл қаражат Алматының жас тұрғындарын, сондай-ақ биылғы жылы әскери қызметкерлер мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне несиелендіруге жұмсалады. Айта кету керек, «Алматы жастары» бағдарламасын қаржыландыруға банк тарапынан 4 млрд теңге бөлінеді», – дейді баспасөз қызметі.

Жадыра Мүсілім