Биыл Алматы облысында шөп шабу науқанына баса назар аударылып отыр. Еліміздің батыс өңірлерінде жаздыгүні жемшөптен таршылық көрген шаруалардың күрделі жағдайы мал азығын әзірлеудің маңызын барынша айқындады. Сондықтан да жетісулықтар қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып, қысқы мал азығын артығымен дайындап алуға күш салуда.
Аудандарда бұл іске 1 670 адамы бар 295 шөп шабатын бригада жұмылдырылған. Науқанға 1 576 шөп шабатын машина және 1 401 пішен нығыздап жинайтын техника тартылған. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі бұрындары шалғы-орақ түспейтін мемлекеттік орман қорының аумағында да шөп дайындау жүргізілуде. Шаруашылықтар мен тұрғындар шабындыққа 15,2 мың гектар жерді, жайылым үшін 899,9 мың гектар жерді пайдалануда. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтан 164 гектар шабындық, 59 мың гектар жайылым ретінде бөлінген. Ресми дерекке сүйенсек, қазір 1 810 мың тонна шөп дайындалды, бұл жылдық жоспардың 64,2%. Сонымен бірге 285,4 мың тонна – пішендеме, 124,9 мың тонна – сабан, 55,7 мың тонна мал жемі дайындалыпты. Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектардан 15-25 центнерден айналады, ал жоңышқа мен көпжылдық шөптер гектарынан 35-40 центнерден өнім беріп отыр. Ауыспалы жер қорына түгендеу жасалып, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында өткен жылдан қалған 30,2 мың тонна мал азығы бар екені анықталды. Облыста жиын-терім мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген, сол отынның 1,8 мың тоннасы шөп шабуға қарастырылған. Сондай-ақ шөп дайындау науқаны үшін қажетті жанар-жағармайды толық қамтамасыз ету үшін тиісті ведомствоға қосымша тапсырыс берілген.Болат АБАҒАН, Алматы облысы