Жалған ақпарат ауруды өршітеді
Жалған ақпарат ауруды өршітеді
246
оқылды

Ковидтен қайтыс болған­дардың қарасы кө­бейіп ба­рады. Ауыр індеттен ауырып жат­қан­дарды жатқызатын орын таппай жатқанда анти­вак­серлермен бірігіп, әлеу­меттік желі арқылы та­нымал адамдар да жұрт арасында теріс түсінік қалыптастырып, вакцинаға қарсы үгіт-насихат жүргізіп әлек. Алайда олардың мыңдаған қа­ралым жинаған жазбаларын растайтын ғылыми дерек табу қиын.

Мемлекет басшысы жауапкер­шілікті түсінбейтін антиваксерлер үшін отбасын асырап отырған өзге азаматтарымыздың денсаулығына қауіп төндіруге болмайтынын, сол үшін вакцинациялағысы келмейтін адамдармен жұмыс жасауда сара­ланған тәсіл қолдану қажеттігін айтқан. Әсіресе, ативаксерлерге қар­сы өз қаруын қолданып, әлеу­меттік желіде екпе алу туралы үгіт-насихат жүргізіп, сендіру керектігін жеткізді. Президент сендірудің соңы ірі еңбек ұжымдарының қыз­ме­тіне байланысты ерекше жағ­дайларды қоспағанда батыстағыдай мәжбүрлеу шарасына ұласып кетпеу керектігін қадап айтты.

Әлеуметтік желілер антиваксерлерге қолайлы

Антиваксерлердің ақпараты аурудың өршуіне себеп болуда. Facebook-тің 100 миллионнан астам пайдаланушысының хабар­ламасын талдаған американдық ғалымдар осындай қорытындыға келді. Сарапшылар антиваксерлер­дің саны әлдеқайда аз болғанымен, олардың әлеуметтік желідегі бел­сенділігі өте жоғары деп отыр. Мә­селен, соңғы жылдары әлеуметтік же­ліде блогерлердің әр сөзін ай­надай қайталайтын миллион жа­зылушыға ақ пен қараны ажырату маңызды емес. Сондықтан танымал адамдар вакциналардың пайдасы туралы ғасырлар бойы дәлелденген ғылыми фактілерді жоққа шығару арқылы да жазылушылар санын көбейтуге жұмыс істей бастады. Бұ­дан біраз жыл бұрын да дәлел­денбеген ақпараттарды желіге шығарудың соңы көптеген елдерде құс тұмауы мен қызылша ауруының асқынуына әкелді. Американдық антрополог және вакциналарға сенім жобасының негізін қалаушы Хайди Ларсон ковид таралмай тұрған кезде ін­деттің таралуы алдын-алу техноло­гия­сының жетіспеушілігінен емес, әлеуметтік желілер мен цифрлық технологиялардың тоқтаусыз жүруінен туындайтынын айтқан болатын. Шындығында дәл қазіргі жағдайда коронавирустың өршуіне теріс ақпараттың салдары көп.

Танымал адамдар жауапқа тартылған жоқ

Пандемия басталғалы бері жалған ақпарат таратқан танымал адамдардың жауапкершілікке тартылғанын естіген жоқпыз. Есе­сіне екпеге қарсы жазба қалдыра­тын­дардың қатарында елге белгілі азаматтар бар. Әзілкеш Қайрат Әділгерей екпе салдырғандар ауру болып қалды дегенге саятын бейне жазба түсірген. Айтыскер-ақын Балғынбек Имашев екпе салдыр­мағандар арасында ұтыс ойынын ұйымдастырып, 500 баспана сый­лайтынын айтты. «Маған екпе егу керек емес. Керек болса да екпес едім. Тағдырымды вакцинаға емес, Аллаға тапсырдым», – дейді ай­тыскер. Сайып келгенде бұл екпе алуға шақырып жатқан мемлекеттің саясатына көпе-көрнеу қарсы шығуға жатпайды ма? Ал желіде миллионнан астам жазылушысы бар әзілкеш Нұрболхан Шарапов екпе алып, көз жұмғандар бар екенін айта келіп: «Ендi, осындай жағдай көрсеңiздер бiрден те­лефонға түсiрiп жiберiңiздершi маған. Күнiн, мекеннiң атын видеоға айтып. Әр нәрсеге ертең дәлел керек. Себебi, соттың не екенiн жақсы бiлем мен», – деген. Оның жазбасында айтылғандардың негізсіз екені сөзінен дәлел. Өйт­кені екпе салдырғаннан көз жұм­ғандар туралы ақпарат ешбір жерде жоқ екенін өзі айтып тұр. Екін­шіден, вакцина жасаушылардың айтқан деректерін емес, бұған дейін бірнеше жыл бұрын келтірген ескі пікірлерді жинақтап, фейк ақпарат таратады. Екпе салдырмау керектігін айтып жүрген Балғынбек Имашев пен Нұрболхан Шараповтан желіде жарияланған жазбаларының дұ­рыстығын білмекке қоңырау соқ­тық. Дегенмен бірнеше рет ха­бар­ласқанымызбен, жауап бер­ген ешкім болмады. Ал Нұрболхан Шараповтың көмекшісі: «Әлеу­меттік желіде кім не айтқысы кел­се, өз еркі. Өзінің жеке парақшасы болғандықтан, азаматтық ойын білдіруге құқысы бар. Ол кісі еш­қандай газет, телеарналарға сұхбат бермейміз деп айтқан», – деп қысқа қайырды. Елімізде соңғы тәуліктің өзінде ғана 7479 адамнан ковид анық­талды. Ал 1573 адамның жағдайы ауыр. Олардың 90 пайыздан астамы екпе алдырмағандар. Сол үшін денсаулық саласының мамандары уақыт өткізбей елді екпе салдыруға шақырады. Алайда вакцинаның «қауіп-қатері» жайлы фейк ақ­паратқа құлақ түретіндер көп.

Жалған ақпарат таратқандарға жаза бар

Бізде қолданыстағы заңнамада көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Фейк ақпарат таратқандарға Қылмыстық кодекстің 274-ші бабы бойынша қылмыстық жауапкер­шілік те қарастырылған. Қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқандарға 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөл­шерде айыппұл салынады. Не болмаса түзеу жұмыстарына, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылуы тиіс. Сон­дай-ақ бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. ІІМ Баспасөз қызметінің дерегінше, биыл алты айда 43 қылмыстық іс тіркелген. Соның ішінде 11 қыл­мыстық іс вакцинация туралы. Оның алтауы қылмыс құрамының бол­мауына байланысты тоқтатыл­ған. Қазіргі уақытта жалған ақпарат тарату бойынша үш қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Антиваксерлер халықтың 5 пайызынан аспайды

Американдық Денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, иммунолог-профессор Алмаз Шарман күмәнді ақпарат көздерге сену арқылы адамдар өздеріне және жақын адамдарына өлім қаупін төндіріп қана қоймай, ұжым­дық қорғаныстың нашар­лауына, ауру мен өлімнің өсуіне, әсіресе коронавирустың дельта нұсқасының пайда болуына әкеліп соқтырғанын айтып отыр. «Негізі антиваксерлердің саны халықтың 5 пайызынан аспайды. Алайда олардың шамадан тыс белсенділігі мен агрессивті әрекеттері екі ойда жүрген халықты өз жағына тез тар­тып жатыр. Өздерінше қамқор бол­ғысы келген кейіп танытқаны­мен, ашық диалог жасауға асық­пайды. Бірақ сөздерін дәлелдеуге тырысады. Келтірген болжамда­рының дені әлемдік ақпараттар, Гейтстің чиптерін алға тартады. Әлемдік тұлғаны айту бір қарағанда сенімді көрінеді. Бірақ оның айтқаны ешқандай ғылыми сынға жауап бермейді», – дейді Алмаз Шарман. Антиваксерлердің әрекетіне тосқауыл қою тек Қазақстанда ғана емес, дамыған елдердегі басты мәселеге айналып отыр. АҚШ-тың 46 штатында соңғы апталарда коронавирус ауруы өршіп кеткен. Пандемиядан қайтыс болғандар саны айтарлықтай азайғанымен, вакцинация қарқыны күрт баяу­лаған. Өйткені бұл елде де антивак­серлер әлеуметтік желілерде бел­сенді үгіт-насихат жүргізуде. Ақ үй тарапынан екпеге қарсы ақпарат таратқандарға түрлі шаралар қолдана бастады. Бүгіннің өзінде бұл елде Facebook және Twitter желісіндегі антиваксерлердің хабарламаларына шектеу жасалып, YouTube арнасындағы вакцинаға қарсы бейнежазбаларды жойдыр­ған. Facebook желісін сынға алған АҚШ президенті Джо Байден коро­навирустық вакциналар ту­ралы жалған ақпаратпен күресуде қауқарсыздық танытқандарға жауап­кершілік жетіспейтінін мә­лім­деді. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ президенті: «Халықтың қырылуына ковид емес, антиваксерлер кінәлі. Олар ақпарат арқылы адамдарды өлтіреді», –деп жауап берді. Осы елде он жылдан бері тұрып жатқан Динара Идаялова сөз бостандығына шектеу қойылмаған­дықтан, антиваксерлер күні-түні жұмыс істеп жатқанын айтады. «Жақында Джо Байден «екпе сал­дырмайынша бетперде киесіңдер» деді. Осы сөздің өзі елдегі көптеген танымал адамдардың наразылығын тудырды. Тіпті, Президенттің өзін үш әріпке апарып тастады. Елдегі саясаткерлер мен Конгресс депу­таттары «Елде екпеден басқа маңыз­ды мәселе жетеді. Ковид де­ген­дерің далбаса» деп ашық пікір білдіріп, Конгреске бетпердесіз келді. Бірақ олардың ешқайсысы жауапкершілікке тартылған жоқ», – дейді Динара Идаялова. Бүгінде әлеуметтік желіге тір­келмеген адам аз. Кейбіреулер бір емес, бірнеше желіні пайдаланып, күн сайын түрлі жазабалар қалды­рады. Азаматтық қоғамның ойын ашық айтып, билік тарапынан көңіл аударылмай жатқан мәселеге жұрттың көзқарасын білдіруі құптарлық. Дегенмен әлеуметтік желінің әлегі аз болмай тұр. Жауапкершілік жоқтығын жақсы біліп алдық па, жазу еркіндігін өздігімізше түсініп жүрміз. Бірақ азаматтық қоғамның бейнесі әлеуметтік желіге байланысты болып тұрған шақта адамдардың басын қауіпке тігу азаматтыққа сын болмас па екен?!

Жадыра МҮСІЛІМ