Қосшы қала болды, не өзгермек?
Қосшы қала болды, не өзгермек?
© коллаж: Әсел Балтақызы
726
оқылды

Елордада жаңа спутник-қала пайда болды. Қосшы ауылы Ақмола облысының Целиноград ауданынан бөлініп, «облыстық маңызы бар қала» мәртебесінде жеке отау тікті. Жергілікті жұрт­­шылықтың бір бөлігі бұл жаңалыққа қуанса, қалғаны көңілсіз қабылдаған. Себебі елорда ір­ге­­сіндегі кент тұрғындары көп жыл бойы оның бас қалаға қосылуынан қатты үміттенді. Он­да­ғы жаңа тұрғын үй кешендеріндегі баспана дәл осы перспективаға орай астаналыққа жете­қа­­был бағамен сатылған-тын.

Қосшы – Целиноград ауда­ны­ның аумағында, бас қаламыздың іргесінде орналасқан. Жалпы ау­даны 2 413 гектар жерді алып жа­тыр. Қосшының ауыл сипа­тынан алыстағанына көп жыл болды. Ширек ғасырдай бұрын мұнда 1 742 адам өмір сүрген. Шаруашы­лық кітабы бойынша, бүгінде онда 50 мыңнан астам адам тұрақты тіркелген. Шын мәнінде, ол жерде 80 мыңдай адам тұратын көрінеді. Салыс­тырсақ, бұл – республи­кадағы 63 шағын және моноқала тұрғын­дары санынан көп. Мемлекет басшысы Қосшыға жаңа мәртебе берген «Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер ту­ралы» Жарлығына 2021 жылғы 27 шілдеде қол қойғаны мәлім. Пре­зи­денттің түсіндіруінше, бұл ше­шім, ең алдымен Қосшы тұрғын­дарының өмірін жеңілдету мақса­тында қабылданды. Олар тұрмыс­тық мәселесімен облыс орталығы Көкшетауға шабылуға мәжбүр болып келді. Оған қаншама күшін, уақытын, қаражатын шығындады. Сөйтіп, тұрғындардың жүйкесін жұқартады. Қала болғаннан кейін бұл проблемалар өзектілігін жояды. Қосшылықтардың барлық мәселесі сол жерде шешіледі. Оның үстіне енді елді мекеннің бюджеті де ұлғаяды. Қосшы әкімі Ержан Жолымбетовтің мәліме­тін­ше, Қосшының бюджеті бар-жоғы 70-80 миллион теңге. Себебі биыл­ғы қазынасы «ауылдық округ бюд­жеті» ретінде бекітілді. Бюджетінің кіріс бөлігі 2021 жылы небәрі 53,1 миллион теңгені құрады. Яғни, табысы тым аз. Демек, мәртебесі өзгерсе де, қала дотациялы болып қала бермек. Қосшы өз аумағындағы бизнес және басқа да нысаннан биыл 32 миллион теңгеге жуық салық жи­науды жоспарлап отыр. Салықтық емес түсімдері 1,5 млн теңге ғана. Жетпейтін қаражатының қалғанын тегін трансферт, субвенция түрінде аудандық бюджеттен алатын. Қала болған соң, облыстық бюджеттен алмақ. Сәйкесінше, субвенция көлемі де жоғары болады. 500 мил­лионға жетуі ықтимал. Әрине, ас­танаға қосылғанда, миллиардтарды жұмсайтын деңгейге көтерілетін еді. Ол арманы сағымдай алыстап кетті. «Дұрысы, Қосшыны Нұр-Сұл­танның аумағына жатқызу орынды болатын. Аты да айтып тұр ғой, «Нұр-Сұлтан басшы, біз Қосшы» деп жүретін едік. Алайда Ақмола облысының қол астында қалып тұр­мыз. Елорда мен Қосшы бір-бірімен тығыз араласып жатыр. Біз­дегі тұрғындардың барлығы дер­лік астанада жұмыс істейді. Тіпті, автокөліктерімізге қарасаңыз, 80-90%-ы елордада тіркелген. Бала­ларымыз да бас қаладағы мектептер мен балабақшаларға барады. Мем­лекеттік және медициналық қыз­меттердің  90%-ын Нұр-Сұлтанда аламыз», – дейді жергілікті тұрғын Әлібек Сасықов.

Қаланың қиындықтары жетіп артылады

Қосшы жұрты жаңа мәртебе бұ­рыннан қордаланған мәселелер­ді шешуге тың серпін береді деп сенеді. «Біріншіден, бізде жаңа қа­зан­дық, одан да жақсысы – астанада­ғыдай толыққанды жылу электр орталығын салса дейміз. Сонда бүкіл жеке сектор орталық жылу жүйесіне қосылып, қаламыз ыстық сумен қамтылар еді. Әзірге қуаты 75 Гкал/с ескі қазандықтың қуаты оған жетпейді. Екіншіден, Қос­шы­да жеке өрт сөндіру бөлімі ашылып, одан бір мезгілде 4 өрт сөндіру ма­шинасы шақыруға аттана алады деген. Құрылысы сол бойы бастал­мады. Өрт сөндірушілерді елор­да­дан шақыруға тура келеді. Олар қыс­та бізге жете алмай, қарға мал­тығып, кері қайтады. Қаншама ны­сан солай жанып кетті», – дейді Қосшы тұрғыны Айнұр. Үшіншіден, қосшылықтар әкім­діктің жанынан мамандан­ды­рылған техникалары бар, қала кө­шелерін қардан тазалайтын, қоқыс­тарды орталықтандырылған түрде шығарып әкететін коммуналдық шаруашылықтар құрылса дейді. Әкімдіктің сендіруінше, ауылға қала мәртебесі берілгесін, тиісті қалалық инфрақұрылымды дамыту бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. «Біздің басты проблемамыз – тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылыққа, жолдарға, абаттан­дыруға қатысты. Осы іс-шаралар лайықты қаржыландырылып, мәселелер шешімін тапса, ел дән риза болмақ. Жаңа мәртебе барлық салада жақсы өзгерістерге жол аша­ды. Қосшыда қазіргідей 8 адамнан емес, 60-тан астам адамнан тұратын әкімдік қалыптастырылады. Әкім­дікте барлық жеке құрылым – ТКШ, сәулет, жолдар, әлеуметтік қор­ғау және басқа бөлімдер құры­лады. Қала мәртебесінің бір кем­шілігі – бюджеттік ұйым қызмет­керлері, мұғалімдер, дәрігерлер ауыл кезінде алып келген 25% үстемесінен айырылады», – деді журналистерге берген сұхбатында Қосшы әкімі Ержан Жолымбетов. Қаланың төл прокуратурасы, соты, Полиция департаменті пайда болады. Қалалық коммуналдық қыз­мет  құрылады. Мысалы, жер­гі­лікті су арнасы аудан орталығы Ақмолдан Қосшыға көшеді. Әзірше жаңа қала судан тарығып отыр: демалыс күндері сусыз қалады. Электр қуаты да бірде берілсе, бірде бе­рілмейді. Халық мұнда үлкен ау­руханаға қажеттілік барын айтады. Кентте тек «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығы орын тепкен, оған 22 376 адам тіркелген. Бұдан бөлек, тұрғындар бірнеше мектеп салуды сұрайды. 1 200 оқушыға арналған жаңа білім ордасының құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Құрылысы тоқтап қал­ған кезі де болыпты. Мердігер 2020 жылы 886,7 млн теңгені игерген. Мектеп құрылысын жалғастыруға 2021 жылы республикалық бюд­жеттен 1,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 249,1 млн теңге бөлінді. Жаңа қалада тек екі мемлекеттік, бір жекеменшік мектеп бар. «Әйтпесе, «Лесная поляна» тұр­ғын үй алабындағы мектепте ба­лалар 3 ауысымға әзер сыюда. Ба­ла­лар са­ны көп. Біздегі оқушы­лардың жалпы саны – 6 622. Амалсыз, астанаға шұ­бырады», – дейді Алмагүл Үкімова. Әкімдіктің дерегінше, алда жалпы саны 2 400 оқушыға арналған тағы екі мектеп салу жоспарлануда. Сонымен бірге Қосшыда 22 ба­ла­бақшада 4 045 бүлдіршін тәрбие­леніп жатыр.

1 шақырым жолды жөндеу 113 миллионға түспек

Қосшының ең ірі проблема­сы­ның бірі – жол жағдайының на­шарлығы. Ресми дерекке сәйкес, Қосшыда көше-жол желісінің ұзындығы – 185 шақырым. Соның ішінде бар-жоғы 34,4 шақырымы  асфальтталған. Тағы 50 шақыры­мына қиыршықтас-шағылтас төселумен шектелген. Көліктердің дөңгелегіне үшкір тастар қадалып, жүргізушілердің жүйкесін құртады. Қалған 98,6 шақырымы – шаңы бұрқыраған кәдімгі қара жол. Олар көктемде, күзде жеңіл көліктің жүруіне жарамсыз болып, ойылып қалады. Тек жүк көліктерінің ен­шісіне тиеді. Елордаға автобуспен, таксимен қатынап жұмыс істейтін тұрғындар болса, аяқкиім сыртынан кәдімгі полиэтилен пакет киіп, балшық кешіп жүреді. «Қосшыдағы Республика кө­ше­сін жөндеу жұмыстары сақалды құ­­рылысқа айналды. Сәуірде бас­тал­ған жұмыс өте баяу жүруде. Нұр-Сұл­тан­нан келетін тасжолдан «Лес­ная по­лянаға» бұрылып, Рес­публика көше­сіне жететін шұрқ тесік жол­дағы шұңқырлар уақытша болса да шұғыл жамап-жасқалса дейміз. Ауыл әкі­мінен еш қайыр жоқ. Об­лыс әкімінен де тұшымды жауап ала алмадық. Құрғақ сөз, бір-біріне сіл­теу. Бүгінде көліктер үлкен жолға «Лесная поляна» арқылы шығады. Үлкен кептеліс туады, апаттық жағ­дай ­қау­пі артты. Нашар жол көліктің со­­ры», – дейді тұрғын Ердос Қалықов. Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаевтың айтуынша, «Қос­шы ауылының ұзындығы 6,2 ша­қырым болатын Республика кө­шесін орташа жөндеу» жобасы биыл басталды. Жобаның жалпы құны – 704,6 млн теңге. Әр ша­қырымға – 113 миллион теңгеден. Яғни, көшенің бір шақырымын жөндеу бүкіл Қосшының бір жылғы бюджетінен де асып кетпек! Ермек Боранбайұлы бұл ретте жай жол төсеумен шектелмей, ке­шенді абаттандыру шарасы жүргі­зілетінін хабарлады. «Мердігерлік ұйым – «Бұланды тас карьері» ЖШС. Бүгінде «Шы­ғыс аула» мейрамханасының ауда­нында су өткізу құбыры орнатылды, тротуарлардың бір бөлігі асфальт­талды. Жұмыс жалғасуда. Жөнде­летін көшеде ескі асфальт-бетон жабынғысының беткі қабатын сүру, фрезерлеу басталды. Республика көшесіндегі жарықтандыруды жөн­деу, кабель мен шамдарды ауыстыру және су өткізу ғимараттарын орнату жұмыстары қолға алынды. 2021 жы­лы 3 шақырымда асфальттау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы Қосшы қала мәртебесін иеленгендіктен, инфра­құрылымдық жобаларды қаржы­лан­дыру көлемі артатынын хабар­лады. 2021 жылы Қосшы ауылында 280 орындық балабақша, бір ауы­сымда 100 келушіні қабылдайтын емхана құрылысы жүргізіледі. Кәріз жүйесі төселеді. Нижне-Романов кен орнынан Қосшы ауылына дейін бас тоған салынады. Сондай-ақ Қосшы ауылында өрт депосының және электр­мен жабдықтау желі­ле­рінің (4-кезек) құрылысы үшін жо­балау-сметалық құжаттама әзір­ленуде. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкім­ді­гінің тұрақты бақы­лауында болады.

Айхан ШӘРІП