Елордада жаңа спутник-қала пайда болды. Қосшы ауылы Ақмола облысының Целиноград ауданынан бөлініп, «облыстық маңызы бар қала» мәртебесінде жеке отау тікті. Жергілікті жұртшылықтың бір бөлігі бұл жаңалыққа қуанса, қалғаны көңілсіз қабылдаған. Себебі елорда іргесіндегі кент тұрғындары көп жыл бойы оның бас қалаға қосылуынан қатты үміттенді. Ондағы жаңа тұрғын үй кешендеріндегі баспана дәл осы перспективаға орай астаналыққа жетеқабыл бағамен сатылған-тын.
Қосшы – Целиноград ауданының аумағында, бас қаламыздың іргесінде орналасқан. Жалпы ауданы 2 413 гектар жерді алып жатыр. Қосшының ауыл сипатынан алыстағанына көп жыл болды. Ширек ғасырдай бұрын мұнда 1 742 адам өмір сүрген. Шаруашылық кітабы бойынша, бүгінде онда 50 мыңнан астам адам тұрақты тіркелген. Шын мәнінде, ол жерде 80 мыңдай адам тұратын көрінеді. Салыстырсақ, бұл – республикадағы 63 шағын және моноқала тұрғындары санынан көп. Мемлекет басшысы Қосшыға жаңа мәртебе берген «Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы» Жарлығына 2021 жылғы 27 шілдеде қол қойғаны мәлім. Президенттің түсіндіруінше, бұл шешім, ең алдымен Қосшы тұрғындарының өмірін жеңілдету мақсатында қабылданды. Олар тұрмыстық мәселесімен облыс орталығы Көкшетауға шабылуға мәжбүр болып келді. Оған қаншама күшін, уақытын, қаражатын шығындады. Сөйтіп, тұрғындардың жүйкесін жұқартады. Қала болғаннан кейін бұл проблемалар өзектілігін жояды. Қосшылықтардың барлық мәселесі сол жерде шешіледі. Оның үстіне енді елді мекеннің бюджеті де ұлғаяды. Қосшы әкімі Ержан Жолымбетовтің мәліметінше, Қосшының бюджеті бар-жоғы 70-80 миллион теңге. Себебі биылғы қазынасы «ауылдық округ бюджеті» ретінде бекітілді. Бюджетінің кіріс бөлігі 2021 жылы небәрі 53,1 миллион теңгені құрады. Яғни, табысы тым аз. Демек, мәртебесі өзгерсе де, қала дотациялы болып қала бермек. Қосшы өз аумағындағы бизнес және басқа да нысаннан биыл 32 миллион теңгеге жуық салық жинауды жоспарлап отыр. Салықтық емес түсімдері 1,5 млн теңге ғана. Жетпейтін қаражатының қалғанын тегін трансферт, субвенция түрінде аудандық бюджеттен алатын. Қала болған соң, облыстық бюджеттен алмақ. Сәйкесінше, субвенция көлемі де жоғары болады. 500 миллионға жетуі ықтимал. Әрине, астанаға қосылғанда, миллиардтарды жұмсайтын деңгейге көтерілетін еді. Ол арманы сағымдай алыстап кетті. «Дұрысы, Қосшыны Нұр-Сұлтанның аумағына жатқызу орынды болатын. Аты да айтып тұр ғой, «Нұр-Сұлтан басшы, біз Қосшы» деп жүретін едік. Алайда Ақмола облысының қол астында қалып тұрмыз. Елорда мен Қосшы бір-бірімен тығыз араласып жатыр. Біздегі тұрғындардың барлығы дерлік астанада жұмыс істейді. Тіпті, автокөліктерімізге қарасаңыз, 80-90%-ы елордада тіркелген. Балаларымыз да бас қаладағы мектептер мен балабақшаларға барады. Мемлекеттік және медициналық қызметтердің 90%-ын Нұр-Сұлтанда аламыз», – дейді жергілікті тұрғын Әлібек Сасықов.Қаланың қиындықтары жетіп артылады
Қосшы жұрты жаңа мәртебе бұрыннан қордаланған мәселелерді шешуге тың серпін береді деп сенеді. «Біріншіден, бізде жаңа қазандық, одан да жақсысы – астанадағыдай толыққанды жылу электр орталығын салса дейміз. Сонда бүкіл жеке сектор орталық жылу жүйесіне қосылып, қаламыз ыстық сумен қамтылар еді. Әзірге қуаты 75 Гкал/с ескі қазандықтың қуаты оған жетпейді. Екіншіден, Қосшыда жеке өрт сөндіру бөлімі ашылып, одан бір мезгілде 4 өрт сөндіру машинасы шақыруға аттана алады деген. Құрылысы сол бойы басталмады. Өрт сөндірушілерді елордадан шақыруға тура келеді. Олар қыста бізге жете алмай, қарға малтығып, кері қайтады. Қаншама нысан солай жанып кетті», – дейді Қосшы тұрғыны Айнұр. Үшіншіден, қосшылықтар әкімдіктің жанынан мамандандырылған техникалары бар, қала көшелерін қардан тазалайтын, қоқыстарды орталықтандырылған түрде шығарып әкететін коммуналдық шаруашылықтар құрылса дейді. Әкімдіктің сендіруінше, ауылға қала мәртебесі берілгесін, тиісті қалалық инфрақұрылымды дамыту бойынша іс-шаралар кешені жүзеге асырылатын болады. «Біздің басты проблемамыз – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа, жолдарға, абаттандыруға қатысты. Осы іс-шаралар лайықты қаржыландырылып, мәселелер шешімін тапса, ел дән риза болмақ. Жаңа мәртебе барлық салада жақсы өзгерістерге жол ашады. Қосшыда қазіргідей 8 адамнан емес, 60-тан астам адамнан тұратын әкімдік қалыптастырылады. Әкімдікте барлық жеке құрылым – ТКШ, сәулет, жолдар, әлеуметтік қорғау және басқа бөлімдер құрылады. Қала мәртебесінің бір кемшілігі – бюджеттік ұйым қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер ауыл кезінде алып келген 25% үстемесінен айырылады», – деді журналистерге берген сұхбатында Қосшы әкімі Ержан Жолымбетов. Қаланың төл прокуратурасы, соты, Полиция департаменті пайда болады. Қалалық коммуналдық қызмет құрылады. Мысалы, жергілікті су арнасы аудан орталығы Ақмолдан Қосшыға көшеді. Әзірше жаңа қала судан тарығып отыр: демалыс күндері сусыз қалады. Электр қуаты да бірде берілсе, бірде берілмейді. Халық мұнда үлкен ауруханаға қажеттілік барын айтады. Кентте тек «Жанұя» отбасылық денсаулық орталығы орын тепкен, оған 22 376 адам тіркелген. Бұдан бөлек, тұрғындар бірнеше мектеп салуды сұрайды. 1 200 оқушыға арналған жаңа білім ордасының құрылысы келесі жылы аяқталмақ. Құрылысы тоқтап қалған кезі де болыпты. Мердігер 2020 жылы 886,7 млн теңгені игерген. Мектеп құрылысын жалғастыруға 2021 жылы республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 249,1 млн теңге бөлінді. Жаңа қалада тек екі мемлекеттік, бір жекеменшік мектеп бар. «Әйтпесе, «Лесная поляна» тұрғын үй алабындағы мектепте балалар 3 ауысымға әзер сыюда. Балалар саны көп. Біздегі оқушылардың жалпы саны – 6 622. Амалсыз, астанаға шұбырады», – дейді Алмагүл Үкімова. Әкімдіктің дерегінше, алда жалпы саны 2 400 оқушыға арналған тағы екі мектеп салу жоспарлануда. Сонымен бірге Қосшыда 22 балабақшада 4 045 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.1 шақырым жолды жөндеу 113 миллионға түспек
Қосшының ең ірі проблемасының бірі – жол жағдайының нашарлығы. Ресми дерекке сәйкес, Қосшыда көше-жол желісінің ұзындығы – 185 шақырым. Соның ішінде бар-жоғы 34,4 шақырымы асфальтталған. Тағы 50 шақырымына қиыршықтас-шағылтас төселумен шектелген. Көліктердің дөңгелегіне үшкір тастар қадалып, жүргізушілердің жүйкесін құртады. Қалған 98,6 шақырымы – шаңы бұрқыраған кәдімгі қара жол. Олар көктемде, күзде жеңіл көліктің жүруіне жарамсыз болып, ойылып қалады. Тек жүк көліктерінің еншісіне тиеді. Елордаға автобуспен, таксимен қатынап жұмыс істейтін тұрғындар болса, аяқкиім сыртынан кәдімгі полиэтилен пакет киіп, балшық кешіп жүреді. «Қосшыдағы Республика көшесін жөндеу жұмыстары сақалды құрылысқа айналды. Сәуірде басталған жұмыс өте баяу жүруде. Нұр-Сұлтаннан келетін тасжолдан «Лесная полянаға» бұрылып, Республика көшесіне жететін шұрқ тесік жолдағы шұңқырлар уақытша болса да шұғыл жамап-жасқалса дейміз. Ауыл әкімінен еш қайыр жоқ. Облыс әкімінен де тұшымды жауап ала алмадық. Құрғақ сөз, бір-біріне сілтеу. Бүгінде көліктер үлкен жолға «Лесная поляна» арқылы шығады. Үлкен кептеліс туады, апаттық жағдай қаупі артты. Нашар жол көліктің соры», – дейді тұрғын Ердос Қалықов. Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаевтың айтуынша, «Қосшы ауылының ұзындығы 6,2 шақырым болатын Республика көшесін орташа жөндеу» жобасы биыл басталды. Жобаның жалпы құны – 704,6 млн теңге. Әр шақырымға – 113 миллион теңгеден. Яғни, көшенің бір шақырымын жөндеу бүкіл Қосшының бір жылғы бюджетінен де асып кетпек! Ермек Боранбайұлы бұл ретте жай жол төсеумен шектелмей, кешенді абаттандыру шарасы жүргізілетінін хабарлады. «Мердігерлік ұйым – «Бұланды тас карьері» ЖШС. Бүгінде «Шығыс аула» мейрамханасының ауданында су өткізу құбыры орнатылды, тротуарлардың бір бөлігі асфальтталды. Жұмыс жалғасуда. Жөнделетін көшеде ескі асфальт-бетон жабынғысының беткі қабатын сүру, фрезерлеу басталды. Республика көшесіндегі жарықтандыруды жөндеу, кабель мен шамдарды ауыстыру және су өткізу ғимараттарын орнату жұмыстары қолға алынды. 2021 жылы 3 шақырымда асфальттау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы Қосшы қала мәртебесін иеленгендіктен, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру көлемі артатынын хабарлады. 2021 жылы Қосшы ауылында 280 орындық балабақша, бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емхана құрылысы жүргізіледі. Кәріз жүйесі төселеді. Нижне-Романов кен орнынан Қосшы ауылына дейін бас тоған салынады. Сондай-ақ Қосшы ауылында өрт депосының және электрмен жабдықтау желілерінің (4-кезек) құрылысы үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болады.Айхан ШӘРІП