Шаруалар үшін мемлекеттік субсидия алу қиын іс. Бөлінген қаржыға қол жеткізуде кедергі көп, дегенмен алған ақшаны іске жаратқан соң да машақаты біте қоймайды. Солтүстік Қазақстанда субсидияны қайтарып беруге мәжбүр болып отырғандар бар.
Субсидияны мемлекетке кері қайтаруға мәжбүр болған шаруашылықтардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Пеньково ауылындағы «Қызылжарское» шаруа қожалығы. 2020 жылы күн батареяларын орнату үшін 20:80 пайыз үлесімен берілген субсидияның 5 млн теңгесін шаруашылық енді мемлекетке қайтарып беруге тиіс. Бас бухгалтер Ирина Митянина себебін түсінбей дал. Субсидияны алғаннан кейін аудандық прокуратура өкілдері оның мақсатты жұмсалғанын тексерген кезде еш олқылық таба алмапты. Ал қараша айында тексеріске кіріскен облыстық прокуратура «сыбайлас жемқорлық белгілері бар» деген қорытындыға келген. Бас есепшінің айтуынша, субсидиялау ережесінде күн батареяларының бағасы көрсетілмепті және шаруашылықтың елді мекеннен тыс аумақта 2 000 гектар жайылымдық жері болуы керек деген талап қойылған. Ал бұл шаруа қожалығының күн батареялары орнатылған ұңғымалары Пеньково ауылында орналасқан. «Кеңшар тараған кезде қалған ұңғымалар. 40 жылдан бері үрім-бұтағымызбен ауыл шаруашылығымен айналысып келеміз. Біз бел жазбай еңбек етіп, жер емген шаруа болғандықтан, қағаз жұмысына, тексеруші мекемелерге жүгіруге уақыт та таппаймыз. Ал күн батареялары қысы-жазы бізге өте қажет. Дауылды, боранды, жаңбырлы күндері ауылда жарық болмай қалады. Сол кезде сиыр саууға, мал жайлауға, төл алуға қараңғыда қиналмас үшін алып едік. Не үшін қайтаруымыз керек екенін түсінбеймін. Бізге субсидия берілген кезде басқа ереже болатын, кейін өзгеріс енгізілгеніне біз кінәлі емеспіз ғой» деп налиды Ирина Владимировна. Дәл осындай күн батареяларына субсидия алған шаруалардың саны облыста елуден асып жығылады. Солардың барлығы да қазір дәл осындай жағдайға тап болып, аңтарылып отыр. Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасында осы мәселемен айналысқан маманға қатысты іс қозғалыпты.ҮКІМЕТТІҢ АҚШАСЫНАН ҮМІТ ЖОҚ
Облыстағы белді шаруашылықтардың бірі «Мәмбетов және К» коммандиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетов те жыл сайын, кейде жылына 2-3 рет заң мен ереже өзгере беретінін айтады. «Бізге тұрақтылық қажет. Ауыл шаруашылығында бір бағытты дамыту үшін кемінде 5 жыл керек. Сондықтан тым болмаса 4-5 жыл ережені өзгертпей тұра тұруға болмай ма? Шаруаның тіпті екі жоғары білімі болса да, енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтыруларды бақылап отыруға білімі де, уақыты да жетпейді. Ал қаптаған тексерістің мемлекетке пайдасынан зияны көп. Бұлайша біз ауыл шаруашылығын өркендете аламыз деп ойламаймын. Өз басым сол субсидиялардан күдерімді баяғыда үзгенмін. Оның берілетіні-берлімейтіні, қаржы қашан түсетіні белгісіз. Өз қаржыма ғана сенемін», – дейді ол. Шаруалардан білгеніміздей, шынында да, қаржы қашан түсетіні беймәлім. Ол үшін бір адам Qoldau.kz және Plem.kz бағдарламасының «тамырын басып», күні-түні компьютер мониторына үңіліп отыруға мәжбүр. Уақытын өткізіп алса, екі сағаттан кейін ақша жоқ. Сондықтан Аққайың ауданындағы «Гагарин» ЖШС бас есепшісі Жанат Сәдуақасова субсидияны барлық шаруашылыққа егістік жерлердің аумағына қарай тең бөліп беруді ұсынады. «Бұл – нағыз «алауыздық алмасы» дер едім. Қаншама ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер. Жүйкеміз әбден жұқарады. Барлық қиындықтан өтіп, ақыр аяғында ақпараттық жүйеден «Сіздің тапсырысыңызға қаржы жеткіліксіз» деген жауап алған кезде салымыз суға кетеді. Сондықтан билік басындағылар осы мәселеге назар аударып, сол қаржыны аз-аздан болса да, барлығына тең бөліп берсе, әділ болар еді», – дейді Жанат Серғазықызы. «Субсидияға тапсырыс беру мерзімі басталғанын, қаржы түскен-түспегенін шаруаларға хабарлап отыруға біз міндетті емеспіз», – дейді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасындағылар. Облыста 6 000-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бар. Олардың барлығына бір мезгілде қоңырау шалып, құлағдар ету мүмкін емес. Әрі олардың барлығы бір мезгілде сайтқа кірсе, ақпараттық жүйе шыдас бермейді.ЛИЦЕНЗИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?
Тағы бір түйткіл – заңнамадағы ала-құлалық. Астық сақтауға арналған қоймасын кеңейту үшін субсидия алмақшы болған кәсіпкерден Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметін жүзеге асыру құқығына лицензия талап етіпті. «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрайымы Инесса Қуанованың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрі бекіткен субсидиялау ережесінде мұндай талап жоқ. Ал шенеуніктер «Астық туралы» заңның 13-бабын басшылыққа алып отырған көрінеді. Онда: «Астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі жөнiндегi қызметтi лицензия негiзiнде астық қабылдау кәсiпорындары жүзеге асырады. Тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлға өз атауында, құжаттарында, хабарландырулары мен жарнамаларында «астық қабылдау кәсiпорны», «астық қоймасы», «астық қабылдау пунктi», «элеватор» деген сөздердi немесе ол астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөнiндегi қызметтi жүзеге асырады деп ұйғарылатын, солардан туындайтын сөздердi пайдалануға құқылы емес» делінген. Инесса Қуанованың айтуынша, кәсіпкер заңның бұл талабын бұзып отырған жоқ. «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атауында «астық қоймасы», «элеватор» деген сөздер жазылмаған, астық қолхаттарын беруді даулап отырған жоқ. Кәсіпорын тек астық сақтаумен айналысады, ал ол үшін лицензия қажет емес», – дейді заңгер. Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, өңірдегі 40 шақты агроөнеркәсіп субъектісінің ғана лицензиясы бар. Қалған 70-тен астамы лицензиясыз жұмыс істейді. Бірақ бәріне де субсидия керек.ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛІ КӨП
Субсидияға қатысты осы және басқа да түйткілді мәселелерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет назар аудара бастады. «Соңғы бес жылда еліміз бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға бюджеттен 1 трлн теңге бөлінді. Субсидия беру тетігі ашық емес әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі. Фермерлердің көбі үмітін үзіп, субсидияны заңды түрде алуға болатынына сенуден қалған. Үнемі анықталып жатқан қылмыстық істер осыған дәлел», – дейді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Жахин. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің орталық аппаратының өкілі, өңір бойынша жұмыс тобының үйлестірушісі Талғат Садинов бұл салада назар аударылуға тиіс бірнеше мәселені жіліктеп берді. Олар: қаржыны бөлудің нақты тетігі жоқ, алынған ақшаның мақсатты пайдаланылғанына жүргізілетін тексерістердің де нақты да ашық тетігі жасалмаған, ақпараттық жүйенің жұмысы нашар, құқықтық реттеу солқылдақ. Қолданыстағы заңнама бойынша, басшылар өз қалауымен шешім қабылдауға хақылы әрі оларға жауапкершілік артылмаған, бар жауапкершілік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің мойнында. Ал ақпараттық жүйе жұмысында өтінімді қабылдау, мақұлдау немесе қабылдаудан бас тарту, жаңалықтардан құлақтандыру мәселелеріне қатысты кемшіліктер бар. «Жалпы, елімізде цифрландыру адам факторын азайтып, дамуға тың серпін берсе, ауыл шаруашылығы саласында кері әсерге әкеліп соқтырғанын көріп отырмыз. Қосымша әкімшілік кедергілер пайда болды. Бұл жүйені баршаға түсінікті етіп қайта жасау керек. Тапсырыстардың интернет арқылы қабылдануының өзі тең мүмкіндік жасап отыр дей алмаймыз. Алдын ала талдау қорытындысы бойынша, біз субсидия берудің қолданыстағы тәжірибесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жетерлік, егжей-тегжейлі зерделеу мен жетілдіруді талап етеді деген қорытындыға келдік. Бұл жұмысты барлық түйткілді мәселелерді білетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көмегінсіз тиімді жүзеге асыру мүмкін емес», – деді Талғат Садинов. Техникалық қателіктер неліктен өтінімді қайтаруға негіз болу керек? Субсидия көлеміне қажеттілік қалай анықталады? Неліктен бір маман көз майын тауысып күні-түні ақпараттық жүйені бақылап отыруы тиіс? Сұрақ көп. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында анонимді сауалнама жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет барлық шаруаларды оған белсене қатысуға шақырады.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы