Жастарға жаңа заң керек
Жастарға жаңа заң керек
729
оқылды

Еліміздің мемлекеттік жастар саясатының жаңа даму кезеңі 2015 жылдан бастау алады. Осы жылы ақпан айында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданған болатын. Ал биыл осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Соның ішінде жастардың орта жасын 35-ке дейін ұлғайту туралы да ұсыныс бар. Егер мақұлданатын болса, онда елімізде жастардың үлесі көбеймек. Әзірге, Қазақстан халқының жалпы санының 20,2%-ы – жастар.

Қоғам дамуының ажырамас бөлшегі

Жастар – ел дамуы мен бола­ша­ғының стратегиялық ресурсы. Сол себепті мұндағы саясаттың не­гізгі дивиденті болашаққа құй­ған капиталмен бірдей. Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастар­дың рухани, мәдени дамуы, білім алуы, кәсіби біліктілігінің артуы, физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы, құқығының қорғалуы, заң­ды мүддесінің жоғары тұруы, ше­шім қабылдау процестеріне атс­а­лысуы, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайын көтеру. Сондай-ақ жастар саясатының ба­сым қағидаттарына конфессия­аралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтас­тығы, отбасындағы тәрбие кіреді. Мемлекет бірінші кезекте жастар­дың сапалы білім алуын, денсау­лы­ғын сақтауды, жұмыспен қам­туды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәр­бие алуын, экологиялық мәде­ниетін қалыптастыруын, мәдени демалысқа баулуды және талантты жастарға көмек беруді приоритетті бағытта қарастырады. Осы ретте 2015 жылы басталған жаңаша тарих 2016 жылы «Қа­зақ­стан –2020: Болашаққа жол» мем­лекеттік жастар саясаты тұ­жы­рым­дамасының екінші кезеңін іске асы­румен жалғасты. 2018 жылы Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаев жас­тарға жаңа мүмкіндіктер сый­лаған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске қосты. Сондай-ақ осы жылғы 5 қа­зандағы Жолдауында Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жария­лады. Атаулы жыл аясында «Жол кар­та­сы» іске асты. Ал 2020 жылдың «Во­лентерлер жылы» болып жария­лануы жастар жылы­ның жалғасы іспетті болды. Осы жылы «Қаза­стан – 2020: Бола­шаққа бағдар» мемле­кеттік жастар саясатының тұжы­рымдамасы толықтай іске асты.

Серпінді жобалар кезеңі

2020 жылдың қорытындысы бо­йынша, мемлекеттік қолдау шаралары бір миллионнан астам жасты қамтыды. Бір жылда жастар арасында тұрмыстық-туыстық құндылықтарды нығайту және отбасы институтын дамытуға бағыт­талған 22 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асты. Жалпы алғанда, онлайн форматта екі жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Жаңа форматқа қарамастан жоба 300 мыңнан астам адамды қамтыды. Сонымен қатар 2020 жылдың сәуірінен бастап 209 жастар ре­сурс­тық орталығы іске кірісті. Бір жыл­да орталықта 600 мыңнан ас­там азамат кеңес алды. Көптеген мем­лекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар екенін білді. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы. Жұ­мысқа тұруға бағытталған бұл бағ­дарламаға қатысқандардың 33%-ы жастар екен. 2020 жылы бағдар­ламаға қатысушылар қата­рына 145 мың жас азамат қосылып, соның ішінде 135 мыңға жуық адам жұ­мыс­қа орналасты. Бұл бағ­дарлама бес жылға арналған. 2017-2021 жыл­дар арасында ниетті адам­дар мемлекет ұсынған осы мүмкіндікті пайдалана алады. Бағ­дарлама ая­сында орман және ба­лық шаруа­шы­лығы, өнеркәсіп, көлік, құры­лыс, көтерме және бөл­шек сауда, тамақтану, қызмет көрсету, білім беру саласында жұ­мыстар ұсыны­лады. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы жүзеге асып жатыр. Ол жерде 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жал­ғас­тыра алмаған мектеп түлектері тегін оқи алады. Бүгінде бұл жобада 60 мыңға жуық адам білім алып жатыр. Жастар саясаты аясында кә­сіпкер болғысы келетін жастарға да жағдай жасалып жатыр. Осы кезеңде 5,3 мың адам «Бастау-биз­нес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған болса, олардың ішінде 942 адам өз ісін ашып, 1,2 мың адам шағын несие алған. Жастардың экологиялық мәде­ниетін қалыптастыру мәселесі де кейінгі жылдары қызу талқыланып жүрген тақырып. Соған байла­нысты Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы іске асып жа­тыр. Республиканың 14 облысын­да, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында «Жасыл ел» өңірлік штабтары жұмыс істейді. 2020 жылы 11 632 адам «Жасыл ел» бойынша маусымдық әлеуметтік жұмысқа орналасты. Сонымен қатар ауылға білікті мамандарды жіберу мәселесі де мемлекет назарынан тыс қалмай келеді. Ол үшін «Дипломмен – ауыл­ға» бағдарламасы жүйелі түрде жас мамандарды ауылдық жерлерге жіберуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарлама басталғалы Қазақ­станда 70 мыңға жуық адам оқуды аяқтаған соң ауылға барып жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттің жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін іске қосқан жобасының бірі – «Серпін» бағдарламасы. Қарқынды жүріп жатқан бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігі қам­тылған мамандықтар тізімін кеңейтті. Оған денсаулық сақтау саласы бойынша да мамандықтар қосылады. Ол бір жағынан жастар­дың сапалы жоғары білім алуына жағдай жасаса, екінші жағынан солтүстік өңірге оңтүстік аймақтың жастарын жіберіп, ол аймақта қызмет етуіне серпін береді. Ал бұл бағдарлама бойынша жыл сайын бес мың грант бөлінеді.

Жаңа жоспармен басталған жыл

Енді биыл Мемлекеттік жастар саясатын дамыту мен қолдауға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған Республикалық кешенді жоспар бекітіліп, жүзеге асып жатыр. Онда жастарды қолдау бойынша 9 бағыт айқындалған. Одан бөлек, жастарды қолдау жөніндегі институционалды база құрылды. Оның ішінде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес, кәсіпорын, жоғары оқу орында­рында, колледждерде 897 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істеп тұр. Жастардың арасындағы өзекті мәселелер: тұрғын үй мәселесі, жұ­мысқа орналасу және қолже­тімді әрі сапалы білім алу. Осы мә­селелерді шешу мақсатында ақ­пан-наурыз аралығында әр өңірдің даму ерекшелігі ескеріліп, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тақырыбы бойынша он­лайн форматта қоғамдық тың­даулар өтті. Оларға мыңдаған жас азаматтар қатысты. Жастар саласындағы мемле­кеттік саясатты жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы қойған мін­дет­­терді орындау мақсатында «Тә­уел­сіздік ұрпақтары» ұлттық жоба­сы әзірленіп жатыр. Бұл жоба аясын­да жастар даму индексін әзір­леу және оны аймақтарда дамыту, талантты жастарға «Тә­уел­сіздік ұрпақтары» грантын беру, отбасылық құнды­лықтарды дәрі­п­теуге бағытталған. Мұның бәрі 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асады деп жоспар­ланып отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ