Еліміздің мемлекеттік жастар саясатының жаңа даму кезеңі 2015 жылдан бастау алады. Осы жылы ақпан айында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданған болатын. Ал биыл осы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Соның ішінде жастардың орта жасын 35-ке дейін ұлғайту туралы да ұсыныс бар. Егер мақұлданатын болса, онда елімізде жастардың үлесі көбеймек. Әзірге, Қазақстан халқының жалпы санының 20,2%-ы – жастар.
Қоғам дамуының ажырамас бөлшегі
Жастар – ел дамуы мен болашағының стратегиялық ресурсы. Сол себепті мұндағы саясаттың негізгі дивиденті болашаққа құйған капиталмен бірдей. Елімізде жастарға арналған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты – жастардың рухани, мәдени дамуы, білім алуы, кәсіби біліктілігінің артуы, физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы, құқығының қорғалуы, заңды мүддесінің жоғары тұруы, шешім қабылдау процестеріне атсалысуы, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайын көтеру. Сондай-ақ жастар саясатының басым қағидаттарына конфессияаралық келісім және этносаралық толеранттылық, ұрпақ сабақтастығы, отбасындағы тәрбие кіреді. Мемлекет бірінші кезекте жастардың сапалы білім алуын, денсаулығын сақтауды, жұмыспен қамтуды, кәсіпкерлікпен айналысуын, тұрақты баспанамен қамтылуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие алуын, экологиялық мәдениетін қалыптастыруын, мәдени демалысқа баулуды және талантты жастарға көмек беруді приоритетті бағытта қарастырады. Осы ретте 2015 жылы басталған жаңаша тарих 2016 жылы «Қазақстан –2020: Болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының екінші кезеңін іске асырумен жалғасты. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастарға жаңа мүмкіндіктер сыйлаған «Бес әлеуметтік бастаманы» іске қосты. Сондай-ақ осы жылғы 5 қазандағы Жолдауында Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Атаулы жыл аясында «Жол картасы» іске асты. Ал 2020 жылдың «Волентерлер жылы» болып жариялануы жастар жылының жалғасы іспетті болды. Осы жылы «Қазастан – 2020: Болашаққа бағдар» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы толықтай іске асты.Серпінді жобалар кезеңі
2020 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік қолдау шаралары бір миллионнан астам жасты қамтыды. Бір жылда жастар арасында тұрмыстық-туыстық құндылықтарды нығайту және отбасы институтын дамытуға бағытталған 22 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асты. Жалпы алғанда, онлайн форматта екі жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Жаңа форматқа қарамастан жоба 300 мыңнан астам адамды қамтыды. Сонымен қатар 2020 жылдың сәуірінен бастап 209 жастар ресурстық орталығы іске кірісті. Бір жылда орталықта 600 мыңнан астам азамат кеңес алды. Көптеген мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар екенін білді. Соның бірі – «Еңбек» бағдарламасы. Жұмысқа тұруға бағытталған бұл бағдарламаға қатысқандардың 33%-ы жастар екен. 2020 жылы бағдарламаға қатысушылар қатарына 145 мың жас азамат қосылып, соның ішінде 135 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл бағдарлама бес жылға арналған. 2017-2021 жылдар арасында ниетті адамдар мемлекет ұсынған осы мүмкіндікті пайдалана алады. Бағдарлама аясында орман және балық шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда, тамақтану, қызмет көрсету, білім беру саласында жұмыстар ұсынылады. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы жүзеге асып жатыр. Ол жерде 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жалғастыра алмаған мектеп түлектері тегін оқи алады. Бүгінде бұл жобада 60 мыңға жуық адам білім алып жатыр. Жастар саясаты аясында кәсіпкер болғысы келетін жастарға да жағдай жасалып жатыр. Осы кезеңде 5,3 мың адам «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыған болса, олардың ішінде 942 адам өз ісін ашып, 1,2 мың адам шағын несие алған. Жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мәселесі де кейінгі жылдары қызу талқыланып жүрген тақырып. Соған байланысты Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған «Жасыл ел» жобасы іске асып жатыр. Республиканың 14 облысында, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында «Жасыл ел» өңірлік штабтары жұмыс істейді. 2020 жылы 11 632 адам «Жасыл ел» бойынша маусымдық әлеуметтік жұмысқа орналасты. Сонымен қатар ауылға білікті мамандарды жіберу мәселесі де мемлекет назарынан тыс қалмай келеді. Ол үшін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жүйелі түрде жас мамандарды ауылдық жерлерге жіберуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағдарлама басталғалы Қазақстанда 70 мыңға жуық адам оқуды аяқтаған соң ауылға барып жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттің жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін іске қосқан жобасының бірі – «Серпін» бағдарламасы. Қарқынды жүріп жатқан бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігі қамтылған мамандықтар тізімін кеңейтті. Оған денсаулық сақтау саласы бойынша да мамандықтар қосылады. Ол бір жағынан жастардың сапалы жоғары білім алуына жағдай жасаса, екінші жағынан солтүстік өңірге оңтүстік аймақтың жастарын жіберіп, ол аймақта қызмет етуіне серпін береді. Ал бұл бағдарлама бойынша жыл сайын бес мың грант бөлінеді.Жаңа жоспармен басталған жыл
Енді биыл Мемлекеттік жастар саясатын дамыту мен қолдауға бағытталған 2021-2025 жылдарға арналған Республикалық кешенді жоспар бекітіліп, жүзеге асып жатыр. Онда жастарды қолдау бойынша 9 бағыт айқындалған. Одан бөлек, жастарды қолдау жөніндегі институционалды база құрылды. Оның ішінде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 өңірлік жастар ісі жөніндегі кеңес, кәсіпорын, жоғары оқу орындарында, колледждерде 897 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс істеп тұр. Жастардың арасындағы өзекті мәселелер: тұрғын үй мәселесі, жұмысқа орналасу және қолжетімді әрі сапалы білім алу. Осы мәселелерді шешу мақсатында ақпан-наурыз аралығында әр өңірдің даму ерекшелігі ескеріліп, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту тақырыбы бойынша онлайн форматта қоғамдық тыңдаулар өтті. Оларға мыңдаған жас азаматтар қатысты. Жастар саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Бұл жоба аясында жастар даму индексін әзірлеу және оны аймақтарда дамыту, талантты жастарға «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мұның бәрі 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асады деп жоспарланып отыр.Нұрлан ҚОСАЙ