Арал – ананың көз жасы...
Арал – ананың көз жасы...
1,520
оқылды

Кәрі Тұранның көк алқасы – Арал теңізінің де кепкеніне алпыс жылға жуықтап қалды. Тұздылығы жөнінен әлемде төртінші орын алатын алып көлдің адам мен жан-жануар денсаулығына, жалпы Жер атты планетаға әсері әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Иә, Қазақстан Кіші Аралды сақтап қалды, бірақ қашанға дейін? Ұлы теңіздің арғы бетіндегі Өзбек ағайындардың ахуалы ауырлап кетпеді ме? Себебі елде шекара болғанмен, жерде – планетада бөлініс жоқ,  су – ортақ!

[caption id="attachment_153897" align="alignnone" width="866"]арал 01 Кепкен теңіздің ұлтаны.[/caption] Дәуірлік дискуссиялар таусылар емес, себебі арнасы буылып, Аралға жеткізілмей, құрдымға жіберілген Әмударияны қайда қоясыз? Сырдарияның Аралға келуге тиісті сыбағалы суы да тең бөлісілмей, апшысы кепкен теңіздің ахуалын ауырлатып отыр.

ТЕҢІЗІНЕН КӨЗ ЖАЗҒАН ҚАЛА

Арал кезінде портты қала болған еді, қазір Кіші Арал бөгелгелі су қалаға он сегіз шақырымдай жерде жатыр. Арал қаласында тұратын Көлбай Данабаев – қоғам белсендісі. «Арал тартылғалы халықтың денсаулығы күрт нашарлап кетті. Менің ағам бауыр ауруынан қайтыс болды. Әйелім де экологияның әсерінен көз жұмды» дейді ол. [caption id="attachment_153898" align="alignnone" width="895"]арал 02 Көлбай Данабаев Арал тақырыбына белсенді үн қосып келеді.[/caption] Айтпақшы, жергілікті билік қазір қалаға сода зауытын салуды көздеп отыр. «Билік зауыттан шыққан қауіпті қалдықтар – шламдарды теңіз табанына тастаймыз деп отыр. Бұл дегенің онсыз да экологияның зардабын тартып отырған өңірге өте зиянды» дейді ол. Қазір ол басқаратын қоғамдық ұйым осы тақырыпты тұрақты түрде көтеріп келеді. «Кальцийленген сода зауытын аммиакты қолдана отырып, қытай ғалымы, химик Хоудың ескірген және зиянды технологиясы бойынша жасамақ және өндіріс орнынан шыққан 3 млн текше метр шламды яғни улы қалдықтарды Сарышығанақтағы теңіз түбіне төкпек. Бұл таяу уақытта әлемдік ауқымдағы орны толмас экологиялық апатқа алып келеді» дейді ол күрсініп. Бірақ аудан әкімдігі зауыттың зияны туралы ешқандай мәлімдеме жасамады. Бір назар аударарлығы, Арал өңірі халқының денсаулығы туралы еш жерде мәлімет жоқ. Тоқсан пайызға дейін тартылып кеткен теңіздің бір бөлігі қалпына келтіріліп, Кіші Арал толды. Бұл акватория адамдарға қалай әсер етті? Бұндай мәліметтерді еш жерден таба алмайсыз. Дерек табу қиын.

СЫРДАРИЯНЫ СЫРТ КҮШТЕР БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК

Сағындық Әбениязов – Аралдың тумасы. Оның қайтқан теңізді қалпына келтіруге қатысты өз жобасы бар. Оның ойынша, БҰҰ жанынан Орталық Азиядағы су шығынын бақылайтын халықаралық мекеме құру керек дейді. Ұйымның бөлімшелері Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанда орналасып, судың көлемін есептеп отыру қажет. – Мәселен, Қырғызстан Қамбар ата ГЭС-іне қанша алатынын әлгі халықаралық ұйым есептейді. Сол алған суына қаржы төлейді. Өзбекстан да солай қылады. Сонда су босқа шығындалмайды. Мемлекеттер суды ысырап етпей, суды аз қажет ететін өсімдіктерді егеді. Сонда Арал теңізіне қажетті су (секундына 84 текше метр керек теңізге) төмен ағып, теңіз жағалауға жақындайды. [caption id="attachment_153905" align="alignnone" width="944"]Арал Сағындық Әбениязов[/caption]

КӨКАРАЛ БӨГЕТІНЕ ҚАУІП ТӨНДІ

Аудан орталығы Аралдан 180 шақырым жерде орналасқан Көкарал бөгетінің жанына келдік.  Үлкен Арал мен Кіші Аралдың ортасындағы гидроқұрылғы 2005 жылы Қазақстанның идеясымен салынды, негізгі қаржы көзі – Дүниежүзілік банк. «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы аясында бой көтерген бөгеттің негізгі қызметі – Кіші Арал теңізіндегі суды реттеп тұру. Су арнадан асса, ұлы теңізге құлатады, қалған уақытта 27 млрд текше метр суды Кіші теңіз көлеміне жинайды. Алайда сол страгетиялық нысан Көкарал қирауы мүмкін. Себебі Сырдария гидроқұрылғының жоғарғы жағынан табиғи өзек салып, жырып кеткен. Су өз еркімен осылай аға беретін болса, онда Көкарал бөгетінің сол жағынан жаңа жыра пайда болуы мүмкін. [caption id="attachment_153900" align="alignnone" width="1120"]Арал Көкарал гидроқұрылғысы 2005 жылы салынған еді.[/caption] Ал ол дегеніңіз су 13 шақырымдық Көкарал бөгетін бұзып кетуі мүмкін деген сөз. Егер Көкарал қираса, онда Кіші Арал жоғалады. Ақлақ гидроторабы және Солтүстік Арал теңізі тоғаны жетекшісі Марат Бозғұловтың айтуынша, Сырдария өзенінің аяқ жағы таяз, соны тазалау керек. Ал Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов: «Көкарал бөгетін сақтау үшін дарияның аяғындағы арнаны жоғары жақтан бұру туралы  жобаның дайын, енді Су шаруашылығы комитетінің қарауына жіберілді» деді. Бірақ қаржының қашан бөлінетіні белгісіз. [caption id="attachment_153901" align="alignnone" width="840"]Арал Бақыт Жақанов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары[/caption] Алайда табиғат мемлекеттік органның созылмалы процестерін күтпейді, кез келген уақытта бөгетті құлатуы мүмкін. Ал оның салдарын айтудың өзі қорқынышты... [caption id="attachment_153899" align="alignnone" width="1151"]арал 03 Марат Бозғұлов «Сырдарияның төменгі сағасындағы Ақлақ гидроқұрылғысын да сақтап қалмасақ, айналадағы 8 көл кеуіп қалады» дейді.[/caption] СЫРДАРИЯ СУЫНА БҰҰ-НЫҢ БАҚЫЛАУЫ КЕРЕК Ақеспе ауылын осыдан алпыс жылға жуық уақыт бұрын теңіз шайып жатты дегенге ешкім сенбестей. Құм басқан мекеннің келешегі қиын. Теңіздің толық кезінде мұнда 300-ге жуық үй болған. Қазір балық аулап күн көретін ауылдың басына бұлт төніп тұр. Құм көшкіні толастар емес. [caption id="attachment_153903" align="alignnone" width="945"]Арал Ақеспе ауылы[/caption] Аралға құятын жалғыз өзен – Сырдарияның суын Арал теңізі бассейнінің жоғары жағында орналасқан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан тең бөліспей, жоғарыдан ГЭС-тер мен су қоймаларын салып, Аралға келетін су сарқылып тұр. Эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатырұлы күріш пен мақта алқаптарын азайту керек дейді. Бірақ дәл қазір суды аз қажет ететін дақылдарды егу ниеті байқалмайды. Мәселен, былтырдың өзінде Қызылорда облысы 90 мың гектар алқапқа күріш еккен. [caption id="attachment_153904" align="alignnone" width="1037"]Арал Сайлайбау Жұбатырұлы.[/caption] Кіші Арал көзқуаныш болғанмен, жалпы теңіздің орнын толтыра алмайды. Ал теңіздің тағдыры Сырдария суына тікелей байланысты. Алайда дәл қазіргі ахуалдан байқайтынымыз су дауы – 21 ғасыр дауы болғалы тұр. Шешім не? БҰҰ бақылауы. Яғни шекарасы шиеленіскен аймақтардағыдай көк береттер Сырдарияның бойын қадағаламаса, жағдай қиын болғалы тұр. Әйтпесе, Ақеспе секілді құм басқан ауылдар көбеюі мүмкін.

Нұрбек Әмиша Нұр-Сұлтан-Арал-Қызылорда-Нұр-Сұлтан.