Ішің білсің әлу-ай...
Ішің білсің әлу-ай...
431
оқылды
Кешегі Кеңес өкіметінің күркіреп тұрған кезі. Аудандық партия комитетінің  нығыз нұсқаушысы даланың шаңын бұрқыратып, соңына шайтанның иіріміндей алақұйын  ілестіріп қырқым пунктінің алдына келіп,  екпіндей тұмсық тіреді. Міне, ол қырқымшылардың саяси сауаттарының қаншалықты екенін сынап тұр.  Кеңшар партия комитеті хатшысының жаны мұрнының ұшында. – Алда қандай саяси науқан келе жатыр?-деп нығарлап сұрақ тастады ортаға ауданнан келген уәкіл. Қырқымшылар қыртыңбай әңгіме мен әр шопандардан алып қалар арағынан басқа дым білмеуші еді. «Мынау не сұрап тұр?» дегендей бір-біріне көздерінің астымен қарады. Барлығы иықтарын қиқаң еткізді. Парткомның маңдайынан тер моншақтады. Осы кезде қырқым пунктінің алдына Сайлау деген шопыр шаңдатып келіп тоқтай қалмасы бар ма? Партком құтқарушы-періштесі келгендей қуанып қалды. Жалма-жан: «Әй, Сайлау, машинаңды әрі қой, мұнда өкілдер бар» деп айқай салды. Мұнысы қырқымшылар алда болатын сайлау науқанын естеріне түсірсін дегендегісі еді. Бірақ, күн сайын шаң жұтып, сол шаңды кетіру үшін у ішіп жүрген қырқымшылар қыңқ етпеді. Нұсқаушы дала еңбеккерлерінің саяси сауаттарының жоқтығына күйініп, жерге бір түкірді. Бұдан арғысы не болғанын ішіңіз сезіп отырған болар. Партком хатшысы аудандық партия комитетінің бюросында бұйраланып қайтты. Қазір де саяси науқанды дұрыс өткізбесе, оның мемлекеттік мәнін еңбекші қауымға мағыналы мәністемесе талай мен деген мемқызметкер аттарынан ауып түсіп қалады. Сондықтан әкімқаралардың жаналқымға түсіп қиналатын науқандарының бірі-сайлау. Жалпы, біздің елде сайлаудың қаншалықты дәрежеде өтетінін тәжірибеден жақсы білеміз. Сайлау алдында Алматы облысы,Қарасай ауданы, Қаратөбе ауылының тұрғындары мектеп алдына келіп шу шығарды. Олар ауылда  газ, ауыз су жоқтығын, жолдардың жөнделмей жатқанын, интернет желісінің ұстамайтынын айтып шағымданды. Балалар бақшасы, медпункт жұмыстары көңіл көншітпейді. Бұрынғы әкім құрғақ уәдемен тұрғындарды мелдектете тойдырып бітіпті. №502 сайлау учаскесінің алдына жиналғандар «сайлауға қатыспаймыз» деп тұрып алды. Ендігі бір топ «сайлауға түсетіндерді танымаймыз» деп уәж айтты. Бірақ біздің алпауыттар мұндайда себеп тапқыш қой. «Олардың аты-жөндерін әлеуметтік желілерге жүктегенбіз» деп тығырықтан сытылып шығып кеткілері бар еді, бір тұрғын «ауылда интернет жоқ, олардың есім-сойларын, сайлауалды бағдарламаларын түс көріп білеміз бе?» деп мүдіртті. Шындығында, қаратөбеліктер сайлауға түсетіндердің кімдер екенін алдын ала толық білмеген. Ал, осы жиыннан соң іле шала «Несің айтасың, бәрі де қалыпқа келді. Алдында қарсы болғандар түсінбей қалыпты» деп мәлімдеме жасады. Осыған сенейік десек, сайлау күні қарсы болған жақтан бір адам төбе көрсеткен жоқ. Осыған қарағанда сайлаудың қаншалықты әділ өткеніне күмәнмен қарауға әбден болатын сыңайлы. Ақмола облысындағы Викторовка ауылының әкімі бір орынында тапжылмай сегіз жыл отырыпты. Осы сегіз жылда нені қарық қылғаны белгісіз, тұрғындар оны қаламайтындарын алдын-ала айқайлап айтып жатты. Осы облыстың тағы бір ауылындағы үш үміткердің сайлауалды бағдарламасы тауықтың балапандарындай бір-бірінен айнымай қалған. Тағы да үшеуін бір тақтаға іліп қойғандарын қайтерсің. Жамбыл облысы, Шу ауданы Өндіріс ауыл округінің орталығы Абай ауылындағы № 436 сайлау учаскесіне ақпарат тарату үшін барған журналист Мият Кәшібайды әлеуметтік желіге  пост салған соң мүйіздей бастаған. Түрлі сылтау тауып журналисті сайлау учаскесінен қуып шыққан. «Ұрының арты қуыс» демекші, сайлау учаскесінде әлдебір құпия болмаса журналисті неге қуады? Енді біраз сайлау учаскелеріне адамдар бұрынғыдай лек-легімен  ағылып келіп жатқанын аңғара алмадық. Мұны Түркістан облысы, Төлеби ауданы Керегетас ауылындағы таңертеңгілік көріністен аңғаруға болады. Мұндайда саясаттанушылардың пікірлеріне құлақ аспаса тағы болмайды. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов алдын ала сайлаудың әділ өтетініне сенімсіздік білдірген еді. Оның пайымдауынша, қазіргі сайлау жүйесі өкілдерінің өтуіне ыңғайластырылып жасалынған. Ал, өзін-өзі ұсынғандардың әкім болып кетулері қиын. Аракідік бір демократиялық өзгерістер болып жатыр деп айту үшін мүмкін тәуелсіз кандидаттарды жіберетін шығар. Олар үшін ауыл аса үлкен саяси қауіп төндірмейді. Неге? Өйткені,  ауыл әкімінің саяси, ең бастысы экономикалық тұрғыдан қолы байлаулы. Өзінің бюджеті жоқ. Халық әкім сайлап алғанның өзінде ол аудан әкіміне қарайды. Аудан әкімі облыс басшысына бағынышты. Облыс әкімі Үкіметке есеп береді. Қарап отырсақ, бұл-тікелей иерархия. Өзінің бюджеті болмай, сол бюджетті дұрыс игеру үшін шешім қабылдай алмай, біздің әкімдер тәуелсіз саяси қызметкер бола алмайды. Саясаттанушы сондай-ақ «Бір учаскеде мың адам болсын, солардың барлығы қарсылық білдірсе, мұны сайлау учаскесінің төрағалары жариялай алмайды. Демек, бұл жерде сайлауалды жұмыс жүргізілмеген деген сөз» дей келе «Еуропарламент Қазақстанға  қатысты жылдың басында резолюция қабылдады. Соған жауап ретінде «Қазақстан өзгеріп, демократиялық бағытта бой түзеп келеді» деген пікір қалыптастыру үшін қолға алынған саяси косметикалық өзгерістер болып жатыр. Мұны өкінішке қарай реформа деп ауыз толтырып айтуға келмейді» деп мәлімдеді. Сонымен, сарғайып күткен сайлау да өтті. Әзірге өгіз де өлмеген, арба да сынбаған тәрізді. Бірлі-жарым жерде ауыл ақсақалдары «сақтаған» адамдардың өтіп кеткені болмаса, әзірге құлаққа ұрған танадай тыныштық. Бұл дауыл алдындағы тыныштық па әлде расымен демократия деген дүрмекке ілестік пе, мұны алдағы уақыт көрсетеді. Арғы жағын айтпаймын, Ішің білсің, әлу-ай!..               

Тутаңбалы  ДӘНІҚҰЛ